Басты мақсат – ел бірлігін нығайту

69 Views

Биыл Елордамыз – Астана қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының 35 жылдығы салтанатты жағдайда аталып өтті. Қазір бұрыннан айтылып жүргеніндей, Ассамблея Біріккен Ұлттар Ұйымының кіші модулі деп танылып отыр. Тәуелсіздік жылдары Ассамблея көп ұлтты мемлекетімізде тұрақтылықты сақтауға, Ұлттар достығын нығайтуға ерекше үлес қосып келеді. Бұл ретте іргелі ұйым жанынан құрылған қоғамдық бірлестіктердің ел бірлігін нығайту жолында үлкен жұмыстар атқарып отырғандығын айта кеткен орынды. Солардың бірі әрі бірегейі ардагерлер ұйымдары институты.  Барлық жердегідей біздің Құлан ауылдық округі жанындағы ардагерлер кеңесі де жоғарыда айтып өткен қағидаларға сәйкес ең бастысы ынтымақ пен бірлікті нығайту, келеңсіз көріністерге жол бермеу, жастар тәрбиесі, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және өмірі өнегеге толы қарияларымыздың жүріп өткен жолын үлгі ету бағытында тыным таппай еңбек етіп келеді.
Құлан ауылдық округіне қарасты ардагерлер ұйымының есебінде 2000 ға жуық зейнеткер есепте тұрады. Олардың барлығына арнайы карточкалар ашылып, деректері толық жазылған. Осыған сәйкес ақсақалды қарияларымызға, ақ шашты аналарымызға тұрақты тұрде қамқорлық жасалып отырады. Әрбір зейнеткердің туған күні назардан тыс қалмай, оларға сый-сыяпатын жасап, ізгі тілектерімізді білдіріп отырамыз. Ауылдық ардагерлер кеңесі кең де жарық ғимаратта орналасқан. Мұнда аудандық әкелер кеңесі, аудандық билер кеңесі де орналасқан. Олардың толық қанды жұмыс істеуіне барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Ғимараттың бір бөлігінде үлкен бильярд залы бар. Онда қадірменді қарияларымыз күн сайын жиналып, өзара жарысқа түсіп спорт бәсекесін қыздырып жатқанын көруге болады. Ол өз нәтижесін де беруде. Атап айтқанда, қариялар арасындағы облыстық жарыста спорттың бұл түрінен біздің ұйымымыз алғыңғы шектен көрінуде. Ал жастары шау тартқан Санат Қырықбаев пен Райзо Шәділбеков, Бейсенбай Таңбаев секілді ардагерлер мықты ойыншылар атанып жүр. Олардың барлығына да үлкен құрмет көрсетіліп отырады. Мұның өзі ардагерлеріміздің өмірге деген құштарлығын арттырып, қоғамдық істерге бұрынғыдан да белсенді араласуға ықпалын тигізуде. Жуырда ғана Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай жасы 90-ды алқымдаған ардагеріміз Райзо Шәділбеков Астанада өткен Жеңіс парадына қатысып, көкірегін қуаныш кернеп, ерекше әсермен оралды. Округ ардагерлері орталықта тұратын болғандықтан, ауданда жиі өткізіліп жататын барлық мәдени-көпшілік жұмыстардан шет қалып көрген емес. Олар мұндай жиындарға тек қонақ ретінде қатысып қана қоймайды. Өз кезегінде жастар тәрбиесі, ұлттық құндылықтар жөнінде келелі әңгімелер өткізіп аудан тұрғындарын патриоттық рухта тәрбиелеуге лайықты үлестерін қосып келеді. Біздің ардагерлер үйіміз Ардагерлер саябағының ішінде орналасқан. Сондықтан да ол жерді көріктендіру мен көгеріштендіруді қариялар өз міндеттеріне алып отыр. Биылғы көктемнің өзінде ондаған шырша ағаштарымен басқа да тал-дарақтар отырғызылды. Олар жақсы күтімге алынған.
Бүгінгі таңда ауылдық округ ардагерлері ел Президентінің қыркүйек айындағы Жолдауынан және Бурабайда өткен Ұлттық құрылтай жиынынан туындайтын мәселелерді жан-жақты талқылап, ауыл тұрғындары арасында үлкен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отыр. Басты мақсат – ел бірлігін нығайту.

Берік Әліпбаев,
Құлан ауылдық округі ардагерлер кеңесінің
төрағасы. Сурет редакцияның архив қорынан алынды.

Поделиться ссылкой: