Ұлттық болмысты ұлықтаған қаламгер

100 Views

Ақын, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Т.Рысқұлов ауданының Құрметті азаматы Кәріпжан Нүсіптің 85 жылдығына арналған шығармашылық кеш Алматы қаласындағы Ұлттық кітапханада өтті. Кешті ақынның шәкірті, қаламгер Айжамал Жолдасқызы ұйымдастырды. Кәріпжан Нүсіп 40 жылдан астам уақыт қызмет еткен Т.Рысқұлов аудандық «Құлан таңы» газетіне биыл – 85 жыл. Әдеби кешке ақынның жерлесі, белгілі актер Азамат Сатыбалды, «Құлан таңы» газетінің бас редакторы Нұрлан Бықыбаев және Құлан өңірінен түлеп шыққан өнерде, білім-ғылым саласында және журналистикада еңбектерімен елге танылған жандар, сонымен қатар Кәріпжан Нүсіптің ұл-қыздары мен туыстары және шәкірттері қатысты. 

Кешті жүргізген халықаралық жур­налист, филология ғылымдарының кан­дидаты Қанат Әуесбай әдеби шығар­машылыққа арналған жиынның мақса­тына тоқталды.
– Бұл кеш – қазақ әдебиетіне, руханиятына өлшеусіз еңбек сіңірген азаматтың шығармашылығын ұлықтау, жас буынға тағылымды тәрбие беру мақсатында ұйымдастырылып отыр. Кәріпжан Нүсіптің шығар­машылығы – ұлттық болмыс, туған елге сүйіспеншілік, ана тіліне адалдық сияқты асыл құндылықтарды арқау еткен, халқымыздың рухани әлеміне айрықша үлес қосқан мұра. Оның «Біз екеуміз» әні – ел жүрегінен орын алған лирикалық сыр, ал қаламгерлік жолы – келешек ұрпаққа бағдаршам. Адамзатқа алдымен керегі – рухани азық. «Рухы биік ел – еңсесі биік ел» дейді дана халқымыз. Халықтың рухын көтеріп, ұрпақ тәрбиесіне тұшымды ой салар өнегелі өлеңдерін қалдырған ақынның бірі Кәріпжан Нүсіп көзі тірі болса, биыл 85 жасқа толар еді. Ол өзінің санаулы ғұмырында қаламгерлікке қабілеті бар көптеген ұл-қыздарға білгенін үйретіп, әдеби шығармашылыққа баулы­ды. Сол шәкірттерінің бірі – қалам­гер Айжамал Жолдасқызы ақын ұстазының аты өшпей, көркем шығар­малары кейінгі жас ұрпаққа жетіп, бала тәрбиелеу ісіне үлесі тисе деген ниетпен шығармашылық кешін Ұлттық кітапханада ұйымдастырып отыр, – деген Қанат Әуесбай ақын туралы естелік әңгімелерге кезек берді. Кәріпжан Нүсіптің ауылдасы, кино және театр актері Азамат Сатыбалды, ақын Қайрат Әшірәліұлы, ардагер ұстаз Тоқтар Абаилдаев, ақын, журналист Шаяхмет Алжанбай Кәріпжан Нүсіп туралы естеліктерін айтса, фило­логия ғылымдарының докторы, профес­сор Алтынай Тымболова Құлан өлкесінің тарихынан сыр шертті. Аудандық «Құлан таңы» газетінің бас редакторы Нұрлан Дүйсеналыұлы ұжымның құттықтау грамотасын ақынның балаларына тапсырып, кешті ұйымдастырушы Айжамал Жолдасқызына және ақынның өлеңін қырғыз тіліне аударып, әнін орындаған қырғызстандық өнерпаздарды Алғыс хатпен марапаттады. Бұл кештің жаңалығы – Кәріпжан Нүсіптің «Текті­лердің мекені – Тараз қалам» өлеңіне сазгер Әлібек Сыздықұлы ән жазып, әнші Абылай Белтай орындап, жаңа әннің тұсауы кесілді. Әдеби кеште «Алатау» аудандық ардагерлер халық­тық ансамблі өнер көрсетті. Ақынның артында қалған өшпес мұрасы – кітаптарын ұл-қыздары Ұлттық кітапхана қорына тапсырды. Өмірден өзі өткенімен, өнегелі өлең­дерімен артында өшпес із, құнды қазына қалдырған Кәріпжан Нүсіптің аста­рында мағыналы ойы бар өлеңдері мектеп оқулықтарына енгізіліп, жас ұрпақты тәрбиелеуге қолданылса деген ұсыныс та осы басқосуда айтылды.

Қамар Қарасаева. Тараз – Алматы – Тараз.

Поделиться ссылкой: