Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алды

60 Views

Қазақтың қабырғалы қаламгері Қабдеш Жұмаділовтің «Тарих – үстіне не құйсаң божып тұра беретін сабадағы іркіт емес» деген сөзі бар. Бұны қалай түсінуге болады? Бұдан шындықты бүркемелеп, тарихты өз пайдасына бұрмалағысы келгендердің түптің түбінде «шынайы бетпердесі» ашылады деген ұғымды аңғаруға болады. 

Мәселен, XX ғасырда қарға тамырлы қазақ халқы қиындықтың небір көкесін көрді. Шындығында көрсетті. Ел тұтқасын ұстаған азаматтарды жер аударды, түрмеге қамады, атты. «Асыра сілтеу болмасын, Аша тұяқ қалмасын» деген ұранмен байлардың малдарын кәмпескіледі. Халық үдере көшіп, шет ел асты. Тіпті, қолдан жасалған ашаршылық салдарынан халық қынадай қырылды. Бірақ «Қаратаудай қараны, Алатаудай ақ жеңеді» деген. Көрер жарығымыз бар екен. Осындай қиын-қыстау кезеңнің бәрін жеңіп, бүгінгі күнде – Тәуелсіз ел атанып отырмыз. Шүкір. Құдайға мың да бір тәубе.
Білесіздер, 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Осыған орай, өткен сенбіде аудан әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил, аудандық мәслихат төрағасы Ербол Әбутәліпов, «Аманат» партиясы Тұрар Рысқұлов аудандық филиалының төрағасы Қанатбек Арыстанбеков, аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов, аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы Бейсенбек Әлпейісов, аудан әкімдігінің бірқатар бөлім басшылары, аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің қызметкерлері орталық алаңдағы тау тұлғалы Тұрар Рысқұловтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, саяси қуғын-сүргін құрбандарына бір минуттік үнсіздікпен еске алды.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: