Адалдықтан айнымаған азамат
Редакциялық лездемеде «Газетіміздің 85 жылдығына орай ашылған «Келбет» айдарының кезекті кейіпкері етіп кімді жазамыз?» деп талқылап жатқан сәтте ойыма бірден Есенкелді Төреқұлов оралды. Шыны керек, біз Есағаңның атына қанық болғанымызбен, жүзбе-жүз таныс емес едік. Есенкелді ағаның өмірі мен шығармашылығы туралы жазғым келгенде аз да болса жүрексінгенім рас. Өйткені ардагер журналистпен біріншіден, сөз басында айтып өткенімдей жүзбе-жүз таныс емес едік, екіншіден, ол кісі өкінішке орай өмірден өтіп кетті. Енді қайтпек керек? Бізге ҚазГУ-де білім алған кезде «жаза білмеген, ізденбеген адам журналист емес, формалист» деп үйретті ғой. Осы сөз әбден жадымда сақталып қалғандықтан мен Есенкелді Кәрішалұлы Төреқұловтың өмірі мен шығармашылығына ден қойып, жазатын мақалама тұздық болар фактілер іздей бастадым. Және оны таптым да. Әйтпесе, кәсіби журналист боламын ба? Әттең өзімен тілдесе алғанда ғой, мақаланың нобайы басқаша жазылар ма еді… Дегенмен, аз уақыттың ішінде қаламымның қуаты жеткенше Есағаң жайлы есті дүние жазуға тырысқанымды айтпасам болмас, сірә.
Алдымен сөзбасы: Есенкелді Төреқұлов 1944 жылы Құлан ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын 1965 жылы әскери борышын өтеп қайтқан соң Тұрар Рысқұлов (бұрынғы Луговой) аудандық «Коммунистік еңбек» (қазір «Құлан таңы») газетінен бастаған. Ол 42 жыл үзіліссіз журналистика саласында еңбек еткен жан. Оның қаламының өрісі биік болған. Соның арқасында ол қарапайым тілшіден бастап, редакторлыққа дейін көтерілді. Телевизия саласында қызмет атқарды. Атап айтсақ, Красногор аудандық «Коммунизм жолы» газетінің бас редакторы, Жамбыл облыстық телевидениесінде аға редактор, бөлім жетекшісі, бас редактордың орынбасары болған. Кейіпкеріміздің алған марапаттарына кейінірек тоқталатын боламыз.
Көрдіңіздер ғой, Есенкелді Төреқұловтың қызмет жолын. Осының барлығына мақала жазу мәнері өзгеше болмаса, қалай жетер еді. Яғни, бұл қызметтік баспалдақтағы өсу жолының себебі – Есағаңның өте білімді әрі сауатты журналист болғандығын көрсетсе керек. Есенкелді Төреқұловтың журналистік қырын зерттей отырып, оның жазуынан екі қасиетті байқадым. Оның бірі – еңбекқорлық, екіншісі – адалдық. Еңбекқор дейтінім, ол мақала жазудан бөлек, аударма жасаумен де айналысқан. Кейінгі жылдары 1941-1945-ші соғыс жылдары тұтқында болып, азап шегіп, қиындық көргендеріне қарамастан сол кезеңде Берлин қаласында латын қарпінде теріліп, «Милли Түркістан» газетімен «Милли Түркістан» журналында басылып тұрған қазақ боздақтарының елге, жерге деген сағынышты өлең-жырларын қазақша нұсқаға аударумен айналысқан екен. Егер журналистің «Тұтқын сыры» деген кітабын оқыған болсаңыз, сонда барлық аудармалары топтастырылған. Аударманы қоя тұрып, ұжымда мақала жазудың өзін қарық қылмайтын «жалқау» журналистерді де көзіміз көрді ғой. Тірі болсақ, әлі талай көретініміз анық. Сондықтан ондай «формалист тілшілерге» қарағанда Есенкелді Төреқұловтың жазуы да, шығармашылығы да өзінше бір бөлек. Екіншіден, адалдық дедік. Тоқтай тұрыңыз, артық бірдеңе жазсақ бүлдіргендей болармыз. Сол себепті, айтар ойымыздың оябын Есағаңның «Тұтқын сыры» кітабында жазған мына бір жанкешті мысалымен келтірейікші…
«Өзім жетіліп өскен Қарақат ауылынан соғыс жылдары 150-ден астам отбасынан қолына қару алып, жүзге жуық ер жігіт майданға кетіпті. Төрт жылғы алапат соғыстан сол боздақтардың үштен бірі ғана туған жеріне бірі аяғынан, бір қолынан айырылып оралды. Ал, қалғандары шет жерлерде жерленді. Анығын айтқанда, басым бөлігіне туған жердің топырағы бұйырмады. Сол бір қан майданға аттанған менің де Анарбек пен Топшыбек атты екі бауырымның да сүйектері жат жерде қалды. Не өлі, не тірі екенін білмеген анамыз Зүбайда да таңертеңнен қас қарайып, ымырт қараңғысы жабылғанша батыс жаққа қараумен өтті». Жүрек шымырлайды иә. Ары қарай жазайық.
– Апа үйге кірсеңізші. Неғып төрткүл төбеге шыға бересіз, – деуші едік. Сөйтсек, жарықтық анамыз: «Ұлдарын келіп қала ма?» деп алаңдайды екен ғой. Өле-өлгенше батыс жаққа қарай-қарай дүниеден өткен анамыздың сол бір күйініші бүгінгі күнге дейін көз алдымда. Ол кезде балалықпен білмеппіз, ананың балаларына деген сағынышына мән бермеппіз. Балаларым әлі де болса аман сау келіп қалады-ау деп сарғая күткен ана мейірімін кеш түсініппіз.
– Олардан өлді деген хабар келген жоқ. Дендері сау, аяқ-қолдары аман болса әлі де келіп қалар. Солардың хаттарын оқып беріңдерші, – дейтін кей кездері. Кейде оқып беріп, кейде «білесіз ғой, керек болса жаттап алмайсыз ба?» дейтін кездеріміз де болып еді. Енді міне, жетпістің желкесіне мініп отырған шақта «балалықпен жіберген қателігім-ай» деп, егілетін уақыттар да аз болмай жүр. Әттең, сол бір жарқын үміті ақталмай, соғысқа аттанған ұлдарын көре алмай, сағынышпен, сарғаюмен дүниеден де өтті анам байғұс. Әкем Кәрішал да балаларын күте-күте көре алмай 48 жасында жүрек ауруынан қайтыс болды. Бұл «соғыс» деген алапаттың бір ғана отбасына салған қайғы-қасіреті. Соғыс өртіне оранған басқа елдердегі қаншама аналар мен әкелер ұлдарын күте-күте, көре алмай өтті ғой бұл жалған дүниеден?!» «Сөз сүйектен өтеді» деген рас. Мына жолдарды оқыған сәтте тұла бойымыз тітіркеніп, көзімізге жас келді тіпті. Міне, жазудың құдіреті. Адалдық дегеніміз осы. Есенкелді Төреқұлов ата-ана, бауырларына деген адалдығын ұқтырып, Анарбек пен Топшыбек бауырларының есімін іздеп, жоғарыда аталған газет пен журналды көп парақтады. Ардагер журналист осылайша сәл де болса жүрек толқынысын басқандай көрінді маған. Автор жазған осы жолдарды оқып отырып, журналистиканы тәмамдап, жазушылық шыңға көтерілген Әзілхан Нұршайықовтың «Басқаның алдында бір кітап жатса, журналистің алдында екі кітап жатады. Біреуі – жазылған кітап, екіншісі – өмір» деген ғибратты сөзі оралды.
Алдияр оқырман енді уәде еткеніміздей, Есенкелді Төреқұловқа берілген марапаттар тізімін тілге тиек етейін… Есағаң Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі. Ол сондай-ақ, облыс әкімінің және облыстық мәслихаттың Құрмет грамоталарынан өзге ел Тәуелсіздігінің 10 жылдық медалімен, Қазақстан Журналистер Ассосациясының мақтау қағазымен марапатталған. Мақаламызға тұздық болған «Тұтқын сыры» кітабының авторы.
Бұрынғы «Коммунистік еңбек», қазіргі «Құлан таңы» газетінде редактордың орынбасары бола жүріп Есағаң Қыдыралы Қойтаев, Байбосын Әбілдаев, Әбдіғали Тезекбаев сияқты журналистерді шыңдалу мектебінен өткізді. Мәселен, Қыдыралы Қойтаев кейін республикалық «Ақиқат» журналының жауапты хатшысы, редактордың орынбасары қызметіне дейін көтерілді. Сондай-ақ, ол «Зейін», «Басқатырғыш» газеттері мен «Алақай-Балақай» журналын шығарды. Қазір ол кісі де өмірден озған. Есенкелді Төреқұлов талапшыл бас редактор Оспанбек Хатиевпен бірнеше жыл бірге жұмыс істеді. Сол жылдары О.Хатиев «Құрмет белгісі» орденін, ал, тілші Мұрат Ахалиев «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Аудандық газетте қызметін бастаған Рахмаш Сүлейменов пен Сейсен Қожеке кейін облыстық «Ақ жол» газетінде меншікті тілші болды. Есенкелді аға осылайша редакциядағы журналистердің шеберлігін шыңдап, оларға тәлімгер бола білді.
Қайбір жылы республикалық «Айқын» газетінен белгілі журналист Бауыржан Омаровтың мақаласынан Серік Мақпыровтың «Түбінде ұят, иман, ар деген сөз тек сөздікте ғана қала ма деп қорқамын» деген сөзін оқып, жадымызға тоқып қалған едік. Айналамыздан мейірім маңып бара жатқан заманда біз бұл қасиеттерді бойымызға бойтұмардай етіп сақтауымыз керек емес пе? Мен осы сұрақты журналист Сейсен Қожекеге қойдым. Ол: «Журналистикада әсіресе, аудандық газетте өзіндік қолтаңбасын қалдырған Рахметілдә Құдабаев, Есенкелді Төреқұлов, Мұрат Ахалиев, Әбдіжақып Туғанбаев, Кәріпжан Нүсіп сияқты білікті журналистермен бірге жұмыс істеген жылдарды ешқашан ұмытпаймын. Себебі, Құдабаевтан очерк жазуды, Туғанбаевтан аударма жасауды, Төреқұловтан ресми материалдарды әзірлеуді, Ахалиевтен сын мен корреспонденцияларды жазуды, ал, Кәрекеңнен өлең шығаруды үйрендім. Мен ол кісілердің маған жасаған жақсылығын әркез есте сақтап жүремін» деді. Міне, інілік әрі әріптестік лебіз деген осындай болса керек.
Марат Диханбай.
