Өлеңі – өмірі
27 ViewsАстанадан, облыс орталығынан шалғай ауылда тұрап-ақ, адам баласының рухани күшінің қайыспас қайсарлығын танытып, күйкі тірліктің шаңына көмілмей, көкірегінде тулап жатқан шалқар ойды өлеңмен өрнектеп…
Бұл атаулы датаға орай да біздің газеттің тілшілері жыл сайын материалдар әзірлейді. Биыл да сол дәстүрді үзбей, газетіміздің тілшісі Марат Диханбай мақалалар жазды. Тілшіміз дайындаған арнайы бетті газетіміздің осы нөмірінен оқи аласыздар.
Журналистика қызығы мен шыжығы көп мамандық. Қызығы сол – көптеген адамдармен тілдесесің, сұхбат аласың. Рас, кейбір емен есікті кабинетте отырған басшылардан сұхбат алу да оңай емес. Кейде ондай сәттер болады. Дегенмен бізге ҚАЗҰУ-да оқып жүргенімізде «Аспанда қыран көреген, жерде журналист көреген» деп оқытып, үйретті. Яғни «Барған жерден қалайда өзің жазатын мақалаға мәліметтерді ала білуің керек» дейтін ұстаздарымыз. Медицина қызметкерлерінің мерекесіне орай мақала әзірлейтінімді айтып, аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің медициналық көмек сапасы және ішкі аудит бойынша орынбасары Үкібаева Гүлзат Оразбайқызына хабарласқан едік. Гүлзат Оразбайқызы меселімізді қайтарған жоқ. Қажетті мәліметтерді дайындап қоятынын айтты. Дәрігерлер туралы жазатынымызды да айтқан едік. «Біздің дәрігерлердің барлығы да мақала жазуға тұрарлық өз ісінің мамандары» деді. Осылайша, уақыт межесін уағдаласып, кеше аудандық орталық ауруханаға бардық. Гүлзат Оразбайқызы бізді қарсы алып, Тұрар Рысқұлов аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Ахметбеков Дәулет Хамитұлымен жолықтырды. Дәулет Хамитұлы да қарапайым әрі кішіпейіл азамат екен. Бізбен әңгімелесіп, қойған сауалдарымызға жауап берді.
– 2025 жылдың 12 мамырына ауданның денсаулық сақтау ұйымдарына тіркелген жалпы халық саны – 58771, оның ішінде ересектері – 35464, жасөспірімдері – 3380. Ауданда 14 жасқа дейінгі балалар саны – 19760, 18 жасқа дейінгісі – 23312. Аудан тұрғындарына 35 емдеу алдын алу ұйымдары қызмет жасайды, яғни 1 аудандық аурухана, 1 аудандық емхана, 1 ауылдық емхана (Луговой), 14 дәрігерлік амбулатория, 5 фельдшерлік-акушерлік тірек және 13 медициналық тірек. Емдеу мекемелерінің 29-ы типті ғимаратта орналасқан. Аудан бойынша барлығы 100 күндізгі емдеу төсектері бар. Аудандық емхана 260 келушіге арналған, – дейді Дәулет Хамитұлы. Әрине Дәулет Хамитұлы да бүгінгі күнде өзекті мәселенің бірі кадр тапшылығы болып отырғанын жасырмады. «5 маман, яғни инфекционист, отоларинголог, реаниматолог, акушер-гинеколог, рентгенолог жетіспейді» – дейді ол.
Сонымен қатар қазіргі таңда 11 жалпы тәжірибелі дәрігер бала күтімі жөнінде ақысыз демалыста болуына байланысты бірқатар аймақтарда жалпы тәжірибелі дәрігердің тапшылығы бар екенін де айтты.
Бірақ, соған қарамастан аудандық орталық аурухананың дәрігерлері барлық емделушіге көңіл бөліп, барлығына үлгеріп жатыр екен. Аудандық орталық аурухана әкімшілігі жетіспейтін мамандарды ауданға жұмысқа шақыру максатымен жыл сайын Алматы және тағы басқа қалалардағы жоғары медициналық оқу орындары тарапынан өткізілетін «Бос жұмыс орындар» жәрмеңкелеріне қатысып келеді. Айталық, ағымдағы жылы Алматы және Шымкент қалаларындағы мамандар жәрмеңкесіне қатысып, 1 дәрігермен, яғни анестезиолог-реаниматолог дәрігерімен алдын ала келісімшарт жасалыныпты. Біз Дәулет Хамитұлынан 2025 жылы қанша бала дүниеге келгенін және жылжымалы медициналық кешеннің жұмысы төңірегінде де сұрадық. Ол бұл саулаға:
– 2025 жылдың 4 айында 349 нәресте дүниеге келді. Жылжымалы медициналық кешеннің елдімекендерге бару кестесі жасалынған. 2024 жылдың ақпан-желтоқсан айларында 23 елдімекенде болып, 8 825 адам тексеруден өтті. Оның 854-і бала, 785-і диагностикалық, 755-і лабораториялық тексеруден өткен. 8 825 азаматқа бейінді мамандар кеңесі берілді. Жылжымалы медициналық кешен 2025 жылдың 4 айында 9 елдімекенде болып, онда адамдарға 4298 кеңес, 386 диагностикалық зерттеу, 374 зертханалық тексерулер жүргізілді. Сондай-ақ, қосымша мәлімет ретінде айта кетейін, 2025 жылдың 4 айында жаткызу порталына тіркелгені – 1733 пациент, оның жатқызылғаны – 1635, оның ішінде аудандық орталық ауруханаға 1047 науқас жатқызылды. Ғылыми-зерттеу орталықтарына және басқа қалаларға – 154 науқас жіберілді. Тараз қаласы және басқақалаларға жатқызылғаны – 325. Амбулаториялық ұйымдарда 103 452 адам қабылдауда болды. Денсаулық сақтау саласының қызметкерлері алдында тұрған басты міндет тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсету және сақтандырылмаған азаматтармен жұмысты күшейту, – дейді аудандық орталық аурухананың бас дәрігері.
Марат Диханбай.