12 қаңтар – Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туған күні Дарабоз ДИМАШ
12 қаңтар – Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туған күні Дарабоз ДИМАШ
«Тірі болсам қазағыма қызмет қылмай қоймаймын» деген Әлихан Бөкейханның өнегелі сөзін оқыған сайын менің ойыма дүйім елдің Димашы атанған Дінмұхамед Қонаев оралады. Ақын Күләш Ахметова бір өлеңінде:
Қазақты жамандама қазақ бала,
Қазақ деген халық қой аз-ақ қана.
Қашанда Ай астында, Жер үстінде,
Қазақтың жанашыры қазақ қана,—
деп жырлайды емес пе? Меніңше, Димаш Ахметұлы қазақ ұлтының нағыз жанашыры болған тұлға.
Ілгеріректе Қазақстанның халық артисі Нұрғали Нүсіпжановтың республикалық басылымдардың біріне берген сұхбатын оқыған едім. Сонда Нұрағаң Димекеңнің адамгершілік болмысы хақында тұщымды ой айтады. Әңгімеден түйгеніміз, ол кезең Димаш Ахметұлы зейнетке шыққан тұс. «Бір кездесуден соң Нұрғали інісіне Димекең оңашада қалып сөйлесуге ұсыныс жасайды. Біраз шүйіркелескен соң:
– Нұрғали, мен сені түсінбедім,-депті Димаш Ахметұлы. «Не бүлдіріп қойдым екен?» деп әнші қатты абыржиды. Сонда: «Мен қызметте жүргенімде қабылдауымда екі рет болдың. Не қызмет, не үй сұрамадың. Не деген адамсың?» дейді інісіне өкпелеген сыңай танытып. Іші қопарылып кетеді Нұрағаңның. Одан әрі қарайғы сөзін:
– Сен ауылдан келген қойшының баласысың. Тіреп тұрған ешкімің жоқ. Сенің осы күнге жету үшін қалай қиналғаныңды шамалап тұрмын. Менің алдыма келгеннің бәрі үй сұрайтын. Ешкімнің меселін қайтармадым. Бала-шағасы бар адам солардың ертеңін ойлауы керек. Олардың материалдық жағдайын жақсартып беру әрі-беріден соң сенің міндетің,-деп қорытындылайды Димекең. Сосын бұл ыңғайсыз жағдайдан екеуін де алып шығу үшін әнші Нұрғали әңгіменің төркінін қалжыңға бұрып:
– Көке, менің жолдастарымның бәріне қызмет беріп, бастық қылдыңыз. Менің жағдайымды солар жасайды деп сендім» деген жауап қайырады. Менің айтайын деген ойым Нұрағаңның қалжыңы емес әрине. Абзал ағаның сырлас інісіне деген қамқорлығын айтсаңызшы… Нағыз жанашырлықтың шынайы көрінісі осындай болса керек.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Алашқа аты шыққан адамдар! Көсемдіктеріңді адаспай түзу істеңдер. Сендер адассаңдар – арттарыңнан алаш адасады, арттарыңнан ергендердің обал-сауабына сіздер қаласыздар» деген ғибратты сөзі бар. Біздіңше, Дінмұхамед Қонаев осы ұстанымды қызметтік жолында берік ұстанған жан. Себебі, Димекең өзі айтқандай, «Қанша биікке көтерілсе де туған халқынан төмен екенін ұмытқан жоқ».
Марат ДИХАНБАЙ.