Әрқашан алғыс арқалаған дәрігер

50 Views

Жақында елімізге белгілі журналист Дана Нұржігіт­тің «Youtube»-тағы «My Prime Time» атты сұхбат алаңынан тірі кезінде «Айтуға оңай», «Қарекет» бағдарламаларын тізгіндеген сақа журналист Бейсен Құранбектің жары Гүлмира әпкемізбен өрбіген әңгімелерін көріп, тыңдадым. Сонда Дана Нұржігіт жақсы ой айтқан. «Адам журналистиканы таңдамайды, керісінше, журналистика адамды таңдайды» дейді. Бұл сөзді медицинаға да орайластыра айтсақ болады. Яғни кез келген адам дәрігер бола алмайды. Бұл мамандық ойда-жоқта, болмаса ҰБТ-дан төмен балл алып қалып, түсе салатын мамандық емес. Дәрігер болу деген сөз – адам өміріне жауап беру деген сөз. Осыны көп жастарымыз түсінсе екен дейміз.
Жаңа «Адам журналистиканы таңдамайды, керісінше, журналистика адамды таңдайды» дедік қой. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз, аудандық емхананың меңгерушісі, аудандық бала дәрігері және аудандық балалар неврологы Сматілдаева Айгүл Жұмағалиқызының есімі туралы сөз қозғағанда біз осының екеуін де қатар айтар едік. Өйткені ол жастайынан медицинаны таңдаған, медицина да оны таңдаған секілді көрінеді бізге. Айгүл Жұмағалиқызы өз ісіне жауапты маман. Ол науқастарға мұқият көңіл бөледі. Оны талай адамдардан естідім де. Журналист көптеген адамдармен тілдесетінін әуелгі сөз басында да атап өттік қой. Қанша адаммен сөйлесіп жүрмін, соның ешқайсысы Айгүл Жұмағалиқызы туралы жаман пікір айтқан емес. Тек мақтау сөз айтады. Ол не деген сөз? Ол – өз ісінің шебер маманы деген сөз. Бір уақ науқастардың жансырын да тыңдап, оларға әрдайым көмек қолын созуға дайын тұрады дегенді ұғындырады. Тегінде, әр адам осылай жұмыс істеу керек қой. Бұны да медицинаға оқуға түскісі келетін жастар саналы түрде ұқса екен дейміз. Айгүл Жұмағалиқызының медицина саласындағы жалпы еңбек өтілі – 29 жылды құрайды екен. Білікті дәрігер 1889 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина институтына оқуға түсіп, оны 1995 жылы ақтаған. Мінеки, содан бері медицина саласында еңбек етіп келе жатыр.
Жасыратын несі бар, «ми тыныш болса болды» деп қазір көпшілігіміз балаларымызға ұялы телефон беріп қоямыз. Айгүл Жұмағалиқызы бұның өте әбестік екенін айтады. Ұялы телефон баланың ақыл-есінің жетілуіне, сөйлеу дағдысына да кері әсер ететінін ескертіп-ақ жүр. Осы жолы да айтты. Сондықтан әрбір ата-ана осыны ойланса екен дейміз. Дәрігерде бұны бостан-босқа айтып отырған жоқ. Өз іс-тәжірибесінен білген, түйгенін айтып отыр. Мінеки, алдияр оқырман, өз басым Айгүл Жұмағалиқызымен әңгімелесіп отырып, көптеген ойлар түйдім. Осыны сіз де ескере жүріңіз. Білікті дәрігер босқа шырылдамайды. Айтпағымыз, қашанда Айгүл Жұмағалиқызы секілді білікті әрі білімді дәрігерлердің кеңестеріне құлақ аса жүріп, оларды құрметтегеніміз абзал.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: