Бала туғанда берілетін жәрдемақыны, бала күтіміне байланысты жәрдемақыны тағайындау

92 Views

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нистрінің 2023 жылғы 24 мамырдағы № 169 бұйрығына сәйкес, бала туғанда берілетін мемлекеттік жәрдемақы, бала күтіміне байланысты жәрдемақы тағайындау бекітілді.
Баласы бар адамдарға (отбасыларға) берілетін мемлекеттік жәрдемақыларға (бұдан әрі – жәрдемақылар) мынадай:
– бала тууына байланысты біржолғы мемлекеттік жәрдемақы (бұдан әрі – бала туғанда берілетін жәрдемақы);
– бала 1,5 жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы (бұдан әрі – бала күтіміне байланысты жәрдемақы).
Бала күтіміне байланысты жәр­демақы баланың туу туралы куәлігінде көрсетілген, бала туған күннен бастап ол 1,5 жасқа толған күнді қоса алғанда, ал асырап алған, сондай-ақ, қамқоршылыққа алған балалары бар адамдарға (отбасыларға) – соттың баланы (балаларды) асырап алу ту­ралы шешімі заңды күшіне енген күннен бастап немесе қамқоршылықты немесе қорғаншылықты белгілеу туралы бұйрық қабылданған күннен бастап ол 1,5 жасқа толғанға дейін тағайындалады.
Бала күтіміне байланысты жәр­дем­ақыны тағайындаған кезде от­басы құрамында тірі туған, асырап алынған, сондай-ақ, қамқоршылыққа (қорғаншылыққа) алынған балалар, егер басқа ата-ананың отбасында ескерілмесе, өгей балалар да ескеріледі.
Бұл ретте отбасы құрамында өз­деріне қатысты ата-аналары ата-ана құқықтарынан айырылған немесе ата-ана құқықтары шектелген балалар ескерілмейді.
Егер 1,5 жасқа толмаған бала қайтыс болғаннан кейін күтім жөніндегі жәрдемақыны тағайындауға жүгінген жағдайда күтім жөніндегі жәрдемақы қайтыс болу айын қоса алғанда тағайындалады.
Қандастарға бала күтіміне бай­ла­­нысты жәрдемақы бала ту­ған күннен бастап, бірақ қандас мәр­тебесі белгіленген күннен кейін тағайындалады.
Бала туғанда берілетін және бала кү­тімі жөніндегі жәрдемақылар отба­сы­ның табысына қарамастан тағайындалады.
Бала туғанда берілетін және бала күтіміне байланысты жәрдемақыларды тағайындау үшін өтініш беруші мемле­кеттік корпорация, портал немесе екінші деңгейдегі банктердің ақпараттандыру объектілері арқылы жәрдемақы тағайын­дау жөніндегі уәкілетті органға жүгінуі керек.
Бала туғанда берілетін және бала күтіміне байланысты жәрдемақыларды тағайындау үшін төмендегідей құжаттар өткізіледі:
– өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжат (жеке куәлік, шетел­діктің тұруға ықтиярхаты) не­месе цифрлық құжаттар сервисінен элек­трондық құжат (сәйкестендіру үшін);
– қандас мәртебесі бар адамдар бала туғанда берілетін және бала күтімі бойынша жәрдемақыларды тағайындауға жүгінген кезде қандас куәлігі немесе цифрлық құжаттар сервисінен электрондық құжат (сәйкестендіру үшін) ұсынады;
– баланың (балалардың) туу туралы куәлігі (куәліктері) (азаматтық хал актілерін жазу органдары берген туу туралы актілік жазбадан үзінді көшірме немесе азаматтық хал актілерін тіркеу туралы анықтама) немесе цифрлық құжаттар сервисінен электрондық құжат (сәйкестендіру үшін);
– өтініш берушінің деректері баланың туу туралы куәлігіндегі деректермен сәйкес келмеген кезде – неке қию (ерлі-зайыптылық), некені бұзу туралы куәлік немесе цифрлық құжаттар сервисінен электрондық құжат (сәйкестендіру үшін);
– балаға қамқоршылық (қорған­шылық) белгіленген немесе баланы асырап алған кезде – балаға қам­қор­шылық (қорғаншылық) белгіленгенін растайтын құжат немесе туу туралы актілік жазбадан бала асырап алу туралы мәліметтер;
– үшінші тұлғалар өтінішті және қа­­жетті құжаттарды тапсырған кезде – но­тариус немесе нотариаттық іс-әре­кеттер жасайтын лауазымды адам куәландырған сенімхат.
Шет мемлекеттің құзыретті меке­месі не соған уәкілетті тұлға оның құзыреті шегінде және белгіленген нысан бойынша берілген немесе куәландырылған, шет мемлекеттің елтаңбалы мөрімен бекітілген бала­ның (балалардың) туу туралы куә­лігін (куәліктерін) ұсынған кезде, егер Қазақстан Республикасы рати­фикациялаған халықаралық шартта өзгеше көзделмесе, апостиль қою не заңдастыру рәсімдерін өткеннен кейін ғана қабылданады.
Мемлекеттік қызмет көрсету орын­­­­дарының мекенжайлары мына­дай интернет-ресурстарда орналас­тырылған:
– Министрлік – www. enbek. gov. kz, «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер» бөлімі;
– Мемлекеттік корпорация–www.gov4c.kz.
Бірыңғай байланыс орталығы арқы­лы өтініш жасау үшін тұрғылықты жеріне барып жүргізеді.
А.Балабекова,
Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау Комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің
№1 зейнетақы және қамсыздандыру бөлімінің
бас маманы.

Поделиться ссылкой: