“Қыран қазасы қияда” десек те…

85 Views

Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай Тұрар Рысқұлов ауданының орталығы Құлан ауылында осыдан 31 жыл бұрын Таулы Қарабақта ерлікпен қаза тапқан жерлесіміз Ербол Төреханұлы Бәрімбековты еске алуға арналған мазмұнды іс-шара болып өтті. Осынау әскери-патриоттық тағылымы мол шараны өткізуге Жамбыл облысы бойынша Таулы Қарабақтағы этносаралық қарулы қақтығыстарды реттеуге қатысқан ардагерлердің қоғамдық бірлестігі мен Тұрар Рысқұлов аудандық әкімдігі ұйытқы болды. Еске алу жиынына әскери борышын өтеп жүрген сарбаздар, колледж, мектеп түлектері, еліміздің түкпір-түкпірінен келген Қарабақ, Ауғанстан, Тәжікстандағы әскери қимылдарға қатысқан ардагерлер қатысты.
Омыраулары ордендермен және медальдармен жарқыраған әскери форма киген Қарабақ ардагерлері алдымен Құлан ауылындағы «Жеңіс» саябағында орналасқан Ұлы Отан соғысында қаза тапқандар монументіне гүл шоқтарын қойды. Одан соң Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінің «Рухани жаңғыру» офисінде дөңгелек үстел басында ардагерлер зиялы қауым өкілдерімен бас қосып, келелі сұхбат құрды. Осы басқосуға Қарабақ соғысының батыры Ербол Бәрімбеков туралы жазылған «Ербол-шаһид Карабаха» атты кітаптың авторы, жазушы-публицист, белгілі қоғам қайраткері, Қазақстан мен Әзірбайжан Жазушылар Одағының мүшесі, Әзірбайжан Ғылым Академиясының академигі Насиха Ғұмарқызы фоеге жиналғандар алдында «Құланнан шыққан қыран» атты кештің қысқаша мазмұнын баяндап берді.
Одан соң мәдениет үйінің көрермендер залына жиналған жұрт алдында аудандық мәслихат төрағасы Ербол Әбутәліпов Жаңатұрмыс ауылында дүниеге келіп, Қорағаты орта мектебінде оқыған жерлесіміз Е.Т.Бәрімбековтің қысқа да болса қаһармандық өмірі жайлы тебірене әңгімелеп өтті. Иә, Әзірбайжан халқы «Отан соғысы» деп атаған осы этносаралық қарулы қақтығыста менің бауырым (осы жолдардың авторы С.Қожеке) Ербол 19 жасында взвод басқарып, 1994 жылдың 20-21 сәуіріне қараған түні бүкіл тоғыз сарбазымен бірге опат болды. Ербол бауырымның әкесі Төрехан менен 2 жас үлкен еді. Жаңатұрмыс ауылында комсорг едім. Ағамды өзім үйлендірдім. Ербол осы ауылда дүние есігін ашты. Ол өте өжет, алғыр, қатарларынан оқ бойы озық жүретін. Осынау ұланымыз ер жетіп әскер қатарына алынып, Қапшағайдағы десантшылар батальонында қызмет етіп жүргенде ата-анасы одан бір-ақ күнде көз жазып қалады деп кім ойлаған? Сөйтсек жалындап тұрған жас қыран Таулы Қарабақ жерінен бір-ақ шығыпты.
Біз оның дерегін арада 28 жыл өткенде бірақ білдік. Әке де, шеше де ұлын жоқтап, қайғы жұтып, өмірден озды. Ерболдың артында Нұрбол мен Ержан атты екі бауыры қалды. Бір күні Қорағаты орта мектебінде мүғалім болып жүрген Нұрбол бауырыма Қазақстан Республикасының Қорғаныс Министрлігі мен Әзірбайжандағы біздің елдің елшілігінен хат келді. Хат Нұрболдың атына жазылыпты. Онда: «Сіздің бауырыңыз Ербол Төреханұлы Бәрімбеков 1993 жылы 13 ақпанда Әзірбайжан Республикасы Қарулы Күштерінің қатарына №776-шы диверсиялық барлаушылар батальонына взвод командирі болып қабылданды. Ол әскери қақтығыстарға қатысып, 1994 жылдың 20-21 сәуіріне қараған түні майдан даласында ерлікпен қаза тапты. Оның мәйіті Бакудегі шаһидтер аллеясына жерленді. Ербол Бәрімбековты Қазақстан мен Әзірбайжан елінің Халық қаһарманы деп білеміз» – деп жазылыпты хатта.
Аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері еске алу шарасының мазмұнын көркемдеп, оны ерекше бір тағылымды шараға айналдырып өткізді. «Елге оралу», «Өмір-ай», «Жаса қазағым», «Өз елім», «Қазақтың баласы» әндерінің өн бойынан туған жерге, елге деген махаббат пен сағыныш сазы есіп тұрды. Әншілер Рысбек Кәдірқұлов пен Айкен Асанның, Жансая Сәрсенбаева мен Айшолпан Әлиеваның орындауында олар тіпті тылсым бір биіктікке көтерілгендей көрермен қауымға ерекше әсер етті.
Мен де толқымай, тебіренбей тұра алмадым. Біз елде жүріп Ербол бауырымызды 30 жыл бойы із-түзсіз кеткенін жоқтап жүргенде Насиха Ғұмарқызы Қашқандарияның арғы жағындағы Қап тауындағы Ербол шейіт болған Шушаға барып бауырымыз Ерболды өз қолымен, өз үйінен шығарып, арулап жер қойнына тапсырған Женя апайдың (шын ныспы Евгения) үйінде болып, барлық болған жайға қанығыпты. (Ол туралы өзінің кітабында тәптіштеп жазған екен). Иә, Насиха қарындасымыздың расында Ерболға сіңірген еңбегі ерен. Кездесу кешінде маған сөз бергенде мен Насиха Ғұмарқызына арнап арнау өлең оқыдым. Ол мынау:

Асулары аспанменен таласқан,
Ерболды іздеп Насиха қыз тау асқан.
Көріп сонда қос ұлынан айырылған ананы,
Мұңын шағып, күңіренді көк аспан.

Шушада екен Женя апайдың қайғысы да, мұңы да,
Шаһид – үшеу. Зейін қойшы мұңыма.
Ербол батыр аттаныпты осы үйден,
Қайғы қосып шерлі жанның мұңына.

Жақын тартып, таңып оның жарасын,
Көргендей боп одан шаһид баласын.
Шығарып сап Ерболды да майданға,
Кейін көрді сонда ана…
Қарабахты қанға бояп қайтқан қазақ баласын.

Батыр екен барлығы да тоғыздың,
Ұрпағы екен қазақ-түрік оғыздың.
Ұлтың орыс болсадағы Женя апай…
Біреуі боп «тоғыздың» жауыңменен соғыстың.

Барып көрді Женя апайды Насиха,
Отырды ол сол мұңлықтың қасына.
Тебіренді, еңіреді қарт ана да, Шуша да…
Түскеннен соң қалың қайғы басына.

О, Насиха әруақты іздеп, жер көрдің,
Ояттың рухын Ерболдың.
Ендеше сенің де ұрпағың…
дәл осындай ер болсын.
Осы бас қосуда «Ардагердің анасы» деген медаль Қыздаркүл Бидайшиеваға, «Ана жүрегі» төсбелгісі Рыскүл Есіркепқызына тапсырылды. Ал, «Алтын ханым» төсбелгісі салтанатты жағдайда Насиха Ғұмарқызының кеудесінен орын алды. Айту ләзім, осы іс-шараны ұйымдастыруға көп еңбек сіңірген қоғамдық бірлестіктің облыстағы төрағасы Дәурен Тұрғанәліұлы Ізтілеуов екені даусыз. Оның өзі орындаған «Қасіретті Қарабақ» әні де өте сәтті шыққан. Оны осы шарада карабақтық ардагерлер өздерінің төл гимні, яғни Әнұраны деп хормен орындады.
Кездесуде Әзірбайжан диаспора­сының өкілдері Хасан Муслимұлы Хасенов, Таджир Максим Оглы Абдуллаев, Жамбыл облыстық Әзірбайжан этно-мәдени орталықтары төрағаларының орынбасарлары Гульханым Насыруллақызы Мұхамед­жанова мен Эльмира Мамедқызы Асла­нова тағы басқалар сөз алып, Ербол Төреханұлының рухы ешқашан өлмей­тінін, оның есімі ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып қала беретініне сенім білдірді.
Басқосуда Қарабақ ардагерлері мен кешті ұйымдас­тырушыларға аудандық мәслихаттың Алғыс хаттары мен грамоталары тапсырылды. Кеш аяқталған соң оған қатысушылар сол тобымен барып аудандық мұражай бұрышынан қаһарман Ербол Төрехан­ұлына арнап ашылған естелік бұрыштың лентасын қиып, естелік суретке түсті.
Сол күні шараға қатысушы мей­ман­дар Қорағаты елдімекенінде болып, Ерболдың және оның анасы мен әкесінің рухына бағыштап ауыл мешітінде құран оқып, әруаққа арналған астан дәмауыз тиді.

С.ҚОЖЕКЕ.
Суреттерде: тағылымды іс-шарадан көріністер.

Поделиться ссылкой: