Өлеңі – өмірі
27 ViewsАстанадан, облыс орталығынан шалғай ауылда тұрап-ақ, адам баласының рухани күшінің қайыспас қайсарлығын танытып, күйкі тірліктің шаңына көмілмей, көкірегінде тулап жатқан шалқар ойды өлеңмен өрнектеп…
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Сыбайлас жемқорлықтың себебі мен шарттарын жоймай онымен күресу, бұл – жел диірменмен алысу. Халық әлдебір шенеуніктің немесе басшының жай жауапкершілікке тартылғанын көріп қана қоймай, ол жұмыс істеген мемлекеттік мекемеде енді мұндай жағдайдың қайталанбайтынын дәлелдейтін түбегейлі өзгерістердің орын алғанына куә болуы керек», – деп атап көрсетті.
Сыбайлас жемқорлық мемлекеттің саяси және қоғамдық институттарына кері әсер етіп, әлеуметтік-экономикалық даму үдерісін баяулатады, сайып келгенде, елдің даму болашағына үлкен қауіп төндіреді. Аудан аумағында бұл бағытта мемлекеттің стратегиялық жоспарларына сәйкес тиісті жұмыстар атқарылуда.
Ең бірінші кезекте, мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының негізгі бағыттарын жүзеге асыруда сыбайлас жемқорлықтың алғышарттарын жою, оны туындататын себептер мен жағдайларды болдырмау және деңгейін төмендетуге көмектесетін іс-шаралар кешені жасақталды.
Аудан бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жұмыстары Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022-2026 жылдарға арналған Тұжырымдамасы аясында ақпараттық жұмыс жүргізу жөніндегі іс-шаралар жоспары жүзеге асырылуда.
«Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» демекші, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және онымен қарқынды күресу жолында, сөз жоқ, тұрғындар арасында ақпараттық-құқықтық түсіндіру, жалпы құқықтық сауаттылықты арттыру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу маңызды рөл атқарады. Әрбір азамат өзінің құқықтарын меңгеріп қана қоймай, өзіне қарсы қандай да бір құқыққа қайшы іс-әрекет жасалған жағдайда нақты не істеу керектігін толық білуі қажет. Бұл орайда белгілі бір нәтижеге қол жеткізуде ағартушылық, білім беру, тәрбие жұмыстарымен бірге, жаңа орта қалыптастыру да өз үлесін қоса алады.
Әсіресе жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы төзбеушілік көзқарасты қалыптастыру бойынша кешенді іс-шаралар жоспары жүзеге асып жатыр.
Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстарды нақты деректерге де жүгіне атап өткен жөн секілді. Мысалы, үстіміздегі жылдың 5 айында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша барлығы 8 шара өткізіліп, 650-ге жуық тұрғын қамтылған.
Ауданда жалпы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында жыл сайын тұрақты түрде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында 1 жоба іске асырылып келеді.
Аудандағы іс-шаралар аясында «Адалдық алаңы», «Халық заңгері», «Адалдық сағаты», «Адал ұрпақ», «Саналы ұрпақ», «Адалдық дүкені» жобалары сәтті жұмыс атқаруда.
Жоғарыда айтқанымыздай, әлемді әбігерге салған бұл індетпен күресте құқықтық сауаттылықты арттыру мүмкіндігінше оң әсерін тигізеді. Өйткені жағдайдан хабардар, сауатты адам өз құқығын ешкімге таптатпайды. Әрі заң үстемдігін сыйлайтын, қолданыстағы заңнама баптарымен етене таныс тұрғындар өз мәселесін, әуелгі кезекте, құқықтық шеңберде шешуге мүдделі болады. Мұндайда азаматтар жең ұшынан жалғасудан саналы түрде бас тартып, аранын ашқан жемқорлықты айналып өтуге тырысады.
Сондықтан азаматтардың құқықтық сауатын көтеру үшін заң баптарын түсіндіру мақсатында жұмыс ретін көрсету бойынша үнемі жиын, басқосулар өткізіп, бұқаралық ақпарат құралдарында танымдық материалдарды үздіксіз жариялап тұру назардан тыс қалып көрген емес.
Соның ішінде, мемлекеттік қызметшілер арасында мемлекеттік қызмет саласындағы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы Заңы мен Әдеп кодексі талаптарын бұзудың алдын алу бойынша құқықтық оқыту, түсіндірме жұмыстары үнемі өткізіліп тұрады.
Жемқорлық факторларды азайтып, сыбайластық қатерлерді болдырмауда жұмыстың ашықтығы ерекше маңызды. Жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен бостандықтарын, заңды мүдделерін іске асыру және қорғау мақсатында лауазымды тұлғалар (орынбасарлар, бөлім басшылары) азаматтарды жеке қабылдау жүргізеді. Қабылдау кестесі бұқаралық ақпарат құралдарында алдын ала жарияланады.
Қоғамда жемқорлықты рухани этикалық деңгейде қабылдамау ахуалын қалыптастыруда үгіт-насихат жұмыстарымен бірге, жаңа технологиялар да қызмет жасайды.
Мемлекеттік көрсетілетін қызметтердегі адам факторын азайту мақсатында электронды нысанға көшірілген «электрондық үкімет» веб-порталы, «Е-лицензиялау», kezekte.kz, gosagro.kz, gosreestr.kz, otbasybank.kz, e-собез, enbek.kz, Damumed және тағы басқа ақпараттық жүйелерінің сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда үлкен септігін тигізуде. Осы арқылы тұрғындарға көрсетілетін қызмет жаңа сапалы деңгейге көтерілді.
Бюджет қаражатының жұмсалуына қоғамдық бақылау мақсатында «Ашық бюджет» порталында ауданның бюджеті туралы ақпарат толық көлемде әр тоқсан бойынша тұрақты түрде жарық көреді.
Азаматтардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеті мен тұрақты иммунитетін қалыптастыру өте маңызды. Әлбетте, осы қабылданып жатқан шаралар мен атқарылып жатқан істер аудан тұрғындары үшін өмір сүруге қолайлы, адалдыққа негізделген сауатты да салауатты орта қалыптастыруға оң ықпалын тигізетіні сөзсіз.
Жаңару мен жаңғырудың даңғыл жолындағы Жаңа Қазақстанның сыбайлас жемқорлықтан таза, болашағы кемел ел болуы әрқайсысымыздың өз қолымызда екенін естен шығармауымыз керек. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – баянды бастамалар мен жарқын болашақтың кепілі. Осы бағыттағы жұмысты одан әрі де қарқынды түрде жалғастыра беретін боламыз.
ЕРНАР ЕСІРКЕПОВ
Т.Рысқұлов ауданының әкімі