ТАЗАЛЫҚ ТАБАЛДЫРЫҚТАН БАСТАЛАДЫ
Құрметті құландықтар!
«Құлан – мәдениет мекені» атты тұжырымдама аясында елді мекеніміздің ең басты айнасы – тазалық мәселесіне назар аударғымыз келеді. Себебі тазалық – мәдениеттің өлшемі, жауапкершіліктің көрінісі.
Аулаңыздың іші таза болса, көшеңіз де көрікті болады. Көшеңіз көрікті болса, бүкіл ауылдың ажары ашылады.
Тазалық – тек қоқыс жинау емес. Тазалық – жол жиегіндегі шөпті шауып, белгіні бүлдірмей, өз орнында ұстау. Тазалық – рұқсат етілмеген жерге қалдық тастамау, шылым тұқылын жерге лақтырмау, қоғамдық орындарға құрметпен қарау. Ең бастысы – өз үйіңнің табалдырығын таза ұстау.
Егер әрқайсымыз өз ауламызға, көшемізге, аялдама маңына, тіпті айналамыздағы ағашқа дейін жанашырлықпен қарай алсақ, Құланның шын мәнінде мәдениет мекеніне айналары сөзсіз.
Құнды құндылықтарды бірге қалыптастырайық!
Тазалық – бәрімізге ортақ!
«Құлан таңы» ұжымы.
