Өзекті мәселелер қаралды

853 Views

 Өзекті мәселелер қаралды

 Өткен аптада аудан әкімдігінің мәжіліс залында әлеуметтік салаға байланысты семинар өтті. Оған аудан әкімінің орынбасары Бейсенбек Әлпейісов, аудан әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Берік Шамаев пен ауылдық округ әкімдері қатысты. Жиын  барысында аудан азаматтарының мәртебесін анықтау, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың инфрақұрылым нысандарына қолжетімділігі, жұмыспен қамту іс-шаралары және аз қамтылған  отбасыларға берілетін әлеуметтік көмек секілді өзекті мәселелер қаралды.

Алғашқылардың бірі болып мінбеге аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы Сапар Құлманов шығып, аудан азаматтарының мәртебесін анықтау бойынша баяндама жасады. Бүгінгі күнге дейін ауданда мәртебесі анықтауға жататын азаматтар саны 12398 адамды құрайды екен. Өткен жылдың басында мәртебесін анықтауға жататын азаматтардың тізімі  ауылдық округ әкімдіктеріне беріліп, жұмысшы топтар құрылған. Орталық басшысының айтуы бойынша аталмыш топ жұмысшылары осы уақытқа дейін анықтау жұмыстарын тоқтатпай, нәтижелі көрсеткіштерге қол жеткізіпті.

Сонымен қатар, Сапар Тілеубердіұлы ауданда жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек және міндетті медициналық сақтандыру туралы азаматтарға кеңінен насихаттау жұмыстары да өз деңгейінде жүргізіліп келе жатқандығын жеткізді. 2018 жылы Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау Министрінің тапсырмасына сәйкес, мобильдік топтардың көмегімен бүгінгі күнге дейін 30 кездесу, аудан деңгейінде 3 семинар және облыстық еңбек инспекциясы басқармасының ұйымдастыруымен 1 семинар-тренинг өткізілген. «Дәл осындай форматтағы жұмыстар алдағы уақытта да тұрақты түрде жүргізілетін болады» — дейді жұмыспен қамту орталығының басшысы.

Семинар барысында жұмыспен қамту шаралары да назарға алынды. Бұл бағытта да біршама жұмыстар атқарылған. Оның ішінде аудан азаматтарын жұмыс күші тапшы өңірлерге қоныс аудару бағдарламасы аясында жүргізілген жұмыстар жиын барысында сөз болды. Аудандық жұмыспен қамту секторының меңгерушісі Арман Мамырбаевтың айтуынша, 2018 жылы ауданымыздан 12 отбасы солтүстік өңірлерге қоныс аударған. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысына – 5 отбасы (14 адам), Павлодар облысына – 2 отбасы (9 адам), Шығыс Қазақстан облысына – 4 отбасы (15 адам), Қостанай облысына – 1 отбасы (5 адам) көшіп барып, жұмыспен қамтылған. Дәлірек айтар болсақ, Құлан, Луговой, Көкдөнен, Құмарық ауылдық округтерінде тұратын отбасылар қоныс аударған. Ал, басқа ауылдық округтерінде қоныс аударушылар шықпағандықтан, жоспар орындалмай қалған. Сондықтан да қалған 11 округтің жұмыстары жиын барысында қатаң сынға алынды. Дегенмен, аудан әкімі мен ауылдық округ әкімі арасындағы келісім бойынша түйінді нысаналы индикатордың 3 көрсеткіші толық орындалыпты.Олардың ішінде қысқа мерзімді оқыту бойынша жоспар 322 азамат болса, жалпы 325 адам оқуға жолданған. Екінші, кәсіпкерлік негіздерін оқыту және шағын несие беру бойынша жоспар 234 азамат болса, жалпы 355 азаматқа артығымен орындалған. Үшінші, әлеуметтік жұмыс орындарын құру, жастар тәжірибесі, ақылы қоғамдық жұмыстар, тұрақты жұмыс орындары бойынша жоспар 1855 азамат болса, жалпы 2434 адам осы жұмыстарға жіберілген.

Семинар соңында өзге де өзекті мәселелер талқыға салынды. Олардың қатарында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың инфрақұрылым нысандарына қолжетімділігі мен жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек жайы да сөз болып, мамандар тиісті мағлұматтармен бөлісті.

Ж.СӘДУАҚАС.

 

Поделиться ссылкой: