Ақбұлақ ауылдық округінің әкімі лауазымына кандидат Жапарқұлов Тойшығұл Қадірбекұлының өмірбаяны мен сайлауалды бағдарламасы
Ақбұлақ ауылдық округінің әкімі лауазымына кандидат Жапарқұлов Тойшығұл Қадірбекұлының өмірбаяны мен сайлауалды бағдарламасы
ӨМІРБАЯНЫ
ЖАПАРҚҰЛОВ ТОЙШЫҒҰЛ ҚАДІРБЕКҰЛЫ 1976 жылдың 16 қарашасында Алғабас ауылында дүниеге келген. Тараз қаласындағы Менеджмент және Маркетинг институтын «Бухгалтерлік есеп және аудит» мамандығы бойынша аяқтаған. Білімі – жоғары.
Еңбек жолын 1996 жылы Жарлысу ауылындағы «Есім би» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде қаржыгер болып бастаған. 2001-2003 жылдары Т.Рысқұлов аудандық мәслихаты аппаратының бас маманы, 2003-2007 жылдары Т.Рысқұлов аудандық қаржы бөлімінің бас маманы, 2007-2009 жылдары Т.Рысқұлов ауданы әкімі аппараты қаржы шаруашылық бөлімінің бас маманы, 2009-2010 жылдары Т.Рысқұлов ауданы әкімдігі кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы болып еңбек еткен.
2010-2018 жылдары Жамбыл облысы статистика Департаментінің Т.Рысқұлов аудандық статистика басқармасының басшысы болды. 2018-2021 жылдары Т.Рысқұлов ауданы әкімдігі қаржы бөлімінің басшысы, 2021 жылы Т.Рысқұлов ауданы әкімдігі сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы болып абыроймен қызмет атқарған.
2021 жылдың тамыз айынан бастап қазіргі уақытқа дейін Т.Рысқұлов ауданы әкімдігі қаржы бөлімінің басшысы лауазымын атқарып келеді.
Отбасылы. 3 ұл, 1 қыз тәрбиелеп, өсіріп отыр.
САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМАСЫ
Құрметті Ақбұлақ ауылдық округінің тұрғындары, қадірлі сайлаушылар! Бәріміздің кіндік тамған жеріміз – ауыл. Сол себепті де ауыл әрбір адам баласының тал бесігі болып есептеледі. Мен де ауылда өсіп, ер жеттім. Осы елдің азаматы болған соң, жастайымыздан қызметке араластық. Мемлекеттік қызметте де абыроймен жұмыс жасап, тәжірибе жинақтадым десем болады. Егерде мені қолдасаңыздар, осы Ақбұлақ ауылдық округіндегі әрбір мәселені жіті назарда ұстап, сіздермен бірлесіп жұмыс жасауға әзірмін.
Қазір жастардың көзі ашық, көкірегі ояу. Оларға қолдау көрсету керек. Оларда тың идея деген жеткілікті. Мен Ақбұлақ ауылдық округінің әкімі лауазымына сайланатын болсам, жұмыстың ретін ауыл ақсалдарымен ақылдаса отырып, жастарды қолдауға ден қояр едім. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, өз жұмысыма жауапкершілікпен қарап, ауылдық округтегі әрбір мәселені зерделеп, соның шешілу жолдарын көпшілікпен ақылдаса отырып, тиісті шешімдер қабылдар едім. Әрине Ақбұлақ ауылдық округінде де жыл сайын атқарылып жатқан тірліктер аз емес. Рахым Сәбденов ауылында спорт кешені салынды. Осы ауылда жаңа дәрігерлік амбулаторияда салынды. Ауылдық округтердегі мектептердің де оқу-әдістемелік базасы өзге аймақтар-дағы мектептерден көш ілгері. Қызылшаруа ауылында мәдениет үйі жоқ екенін білемін. Ол мәселені де шама-шарқым жеткенше көтеріп, шешілу жолдарын қарастыруға ықпал жасаймын.
Әрине ауылдық округтегі абаттандыру, жарықтандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалау жұмыстары әркез менің бақылауымда болады. Мен өзім көпшілікпен жұмыс жасап үйренген азаматпын. Ол мәселелерге ауыл ақсақалдары мен ауылдың белсенді азаматтарын тарта отырып, кез келген мәселелерді бірігіп шешуге қолымнан келгенше атсалысар едім. Аз қамтылған, көпбалалы отбасыларды, мүмкіндігі шектеулі жандарды назардан тыс қалдырмай, қамқорлық жасап тұратын боламын. Шағын және орта бизнеспен айналысуға ауыл тұрғындарын көптеп тартып, ауыл шаруашылық дақылдарын әртараптандыру, өндіріске жаңа сұрыптарды енгізе отырып, жоғары өнімдер алуға қолымнан келген бар мүмкіндікті жасайтын боламын.
Құрметті сайлаушылар! Осы айтылған мәселелердің барлығы ұдайы менің назарымда болады. Мен әрдайым көпшілікпен біргемін! 24 тамызда өзіңіздің сайлау учаскеңізге келіп, таңдауыңызды жасаңыз!
