Ақбұлақ ауылдық округінің әкімі лауазымына кандидат Ахметов Әлімхан Азаматханұлының өмірбаяны мен сайлауалды бағдарламасы

211 Views

Ақбұлақ ауылдық округінің әкімі лауазымына кандидат Ахметов Әлімхан Азаматханұлының өмірбаяны мен сайлауалды бағдарламасы

ӨМІРБАЯНЫ
Ахметов Әлімхан Азаматханұлы 1993 жылдың 4 сәуірінде Тараз қаласында дүниеге келген. 2010-2014 жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін «Мейрамхана ісі және мейманхана бизнесі», 2017-2019 жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдаған. Білімі – жоғары. Еңбек жолын 2016-2021 жылдары аралығында Көгершін ауылдық округі әкімі аппаратының жетекші маманы болып бастаған. 2021 жылдың 14 қазанынан бастап, қазіргі уақытқа дейін Көгершін ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы болып қызмет етіп келеді. Үйленген, отбасылы.
САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМАСЫ
Құрметті Ақбұлақ ауылдық округінің тұрғындары, қадірлі сайлаушылар! Дана қазақ «Жас келсе – іске» деген. Мен жас болсам да, мемлекеттік қызметте жұмыс істеп, әбден тәжірибе жинақтадым. Өзімнің қарым-қабілетімді басшылық қызметте де көрсетсем деймін. Сондықтан Ақбұлақ ауылдық округінің әкімі лауазымына үміткер болып тіркеліп, өзімнің сайлауалды бағдарламамды сіздердің назарларыңызға ұсынып отырмын.
Иә, рас. Ақбұлақ ауылдық округіне қарасты бір емес, үш елді мекен бар. Дегенмен ауылдық округке әкім болып сайлансам, барлық мәселені ауыл тұрғындарымен ақылдаса отырып шешуге тырысамын. Ел Президентінің сарабдал саясатын жергілікті ауыл тұрғындарына түсіндіре отырып, елдік мүдде үшін бірлік пен бейбітшілікті ту етіп, халыққа қызмет ету – менің басты мақсатым болмақ. Сондай-ақ, Үкімет басшысының, облыс, аудан әкімдерінің тиісті қаулылары мен тапсырмаларын да мінсіз атқарсам деген ниетім бар.
Ақбұлақ ауылдық округі ұйымшылдығы жарасқан ауылдық округтің бірі. Тегінде, ауылдық округтің берекелі бірлігі көп нәрсені шешуге жәрдемші болады. Рахым Сәбденов, Қызылшаруа және Бәйтелі ауылдарының жастарымен бірлесе отырып, көп жұмыс атқарсам деймін. Сондай-ақ, ауылды көріктендіру және абаттандыру ісін, шаруа қожалық жетекшілері мен кәсіпкерлерге шағын бизнесін дамытуға көмек беру, ауылға инвесторлар тарту секілді тағы басқа да жұмыстарды тиісті деңгейде ұйымдастыруға атсалысатын боламын. Тұрғындарға өндірістік кооперативтерге бірігудің маңыздылығын түсіндіріп, кооперативке бірігу арқылы жұмыссыздық деңгейін төмендетіп, ауылдық округтің әлеуметтік жағдайын арттыруды, шаруа қожалық басшыларымен бірлесіп, ауыл шаруашылық егістік өнімдерінің жоғары сұранысқа ие майлы дақылдарын өсіру жұмыстарын да қолға алмақ ниеттемін. «Нәтижелі жұмыспен қамту» бағдарламасы арқылы ауылдық округтегі жұмыссыздықты төменгі деңгейге түсіру үшін қолымнан келгенше жұмыс жасайтын боламын.
Қадірлі Ақбұлақ ауылдық округінің тұрғындары! Сіздердің қолдауларыңыз өте маңызды. 24 тамызда өтетін ауыл әкімінің сайлауында белсенділік танытып, мені қолдайсыздар деген үміттемін.

Поделиться ссылкой: