Ақбұлақ ауылдық округінің әкімі лауазымына кандидат Ибрагимов Мият Садырұлының өмірбаяны мен сайлауалды бағдарламасы

187 Views

Ақбұлақ ауылдық округінің әкімі лауазымына кандидат Ибрагимов Мият Садырұлының өмірбаяны мен сайлауалды бағдарламасы

ӨМІРБАЯНЫ

Ибрагимов Мият Садырұлы 1971 жылдың 1 қаңтарында Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданы, Қызылшаруа ауылында дүниеге келген.
1977-1987 жылдар аралығында Қызылшаруа орта мектебін оқып бітірген. 1987-1990 жылдары «Қазақстан» колхозында әр түрлі салада жұмысшы болып қызмет атқарған. 1988-1994 жылдар аралығында Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін «Математика және информатика» мамандығы бойынша бітірген. Білімі – жоғары.
Еңбек жолын 1995-2003 жылдар аралығында Қызылшаруа орта мектебінде, М.Горький орта мектебінде математика пәнінің мұғалімі болып бастаған.
2003 жылдың 1 тамызынан 2005 жылдың 21 қарашасына дейін Т.Рысқұлов ауданы білім бөлімінің балалар мен жасөспірімдер орталығының директоры қызметін атқарған. 2006-2011 жылдары ауылшаруашылық саласында жеке кәсіппен айналысқан.
2011-2020 жылдар аралығында Т.Рысқұлов ауданы білім бөлімінің балалар мен жасөспірімдер орталығы директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, 2020 жылдан бүгінгі күнге дейін Қызылшаруа ауылындағы №3 шағын орталықты орта мектебінде директордың оқу-ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарып келеді.

САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМАСЫ

Қадірлі Ақбұлақ ауылдық округінің тұрғындары!
Ақбұлақ ауылдық округі әкімінің лауазымына сайланған жағдайда, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауларын басшылыққа ала отырып, халықтың әл-ауқатының жақсара түсуіне және экономикасының өркендеуіне атсалысамын.
Ауыл – қазақтың рухани бесігі. Оны дамыту – бәріміздің ортақ міндетіміз. Біздің аймақ негізінен ауылшаруашылығымен шұғылданады. Осы бағытта нақты жобалар ұсынып, шаруа қожалық басшыларымен бірлесе отырып, ауыл шаруашылық егістік өнімдерін арттыру, мал шаруашылығын асылдандыру жұмыстарын жүргізіп, тиісті органдармен бірлесіп жұмыс жасап, ауылдағы кәсіпкерлікті қолдап, жас кәсіпкерлерге ауыл шаруашылығын, шағын және орта бизнес, өндірісті қолдау үшін жеңілдетілген несие алуға көмектесіп, ауыл экономикасын жандандыруға және мектеп, денсаулық, мәдениет, спорт салаларына білікті мамандарды ауылға тартып, оларға жағдай жасалуына ықпал етемін.
«Ауыл аманаты» жобасын Ақбұлақ ауылдық округінде жүзеге асыру мақсатында орта және шағын кәсіпкерлікті дамытуға атсалысамын.
Қызылшаруа ауылындағы №3 шағын орталықты орта мектебіне газ құбырларын жүргізіп, газбен қамтамасыз етуге, Бәйтелі, Қызылшаруа, Р.Сәбденов ауылдарының көше жолдарын жөндеп, қалпына келтіруге, оқушылардың қауіпсіздігіне байланысты жол шетінен жүргіншілер жолын жасауға, Қызылшаруа ауылындағы дәрігерлік амбулаторияны, Р.Сәбденов ауылындағы мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізуге, Р.Сәбденов ауылындағы саябақты абаттандыруға, сыртқы спорт алаңын жасауға қолымнан келгенше ықпал етемін.
Құрметті сайлаушылар! 24 тамызда өтетін ауыл әкімінің сайлауында белсенділік танытып, мені қолдап, дауыс бересіздер деген үміттемін.

Поделиться ссылкой: