Кеңейтілген жиын өтті
Сәрсенбі күні аудан әкімі Ернар Есіркеповтің төрағалығымен әкімдіктің үлкен мәжіліс залында кеңейтілген жиын өтті. Аталған басқосуда аудан әкімінің орынбасарлары өз салалары бойынша атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады.
Кеңейтілген мәжіліске Ербол Әбутәліпов бастаған мәслихат депутаттары, Қоғамдық кеңес мүшелері, ауыл әкімдері, бөлім және мекеме басшылары қатысты. Жиын мерекелік марапаттаулармен басталып, көпшілікке жаңадан тағайындалған бірқатар басшылар таныстырылды.
Жиында ең алғаш болып мінберге аудан әкімінің орынбасары Ерғазы Еспенов шығып, ауылшаруашылығы мен экономика салаларына тоқталып, өңірде жүзеге асқан «Ауыл аманаты», «Дипломмен ауылға» атты мемлекеттік бағдарламалар туралы баяндады. Ал Қайрат Исмаил жұмыспен қамту және құрылыс салаларына қатысты жұмыстарды тізбектесе, Айбек Тасеменов өзіне қатысты салалар бойынша есеп берді. Аудан әкімінің орынбасарларына Қалижан Әлімқұлов, Сұлукүл Дәлібаева, Мұратхан Шүкеев, Бейсенбек Әлпейісов, Серікбай Өтегенов, Тұрсынбек Досаев секілді депутаттар мен кеңес мүшелері бюджетті тиімді игеру, санитарлық нормалардың сақталуы, ағын су мөлшерін молайту, қант қызылшасын егу бойынша оңтайлы шешім қабылдау, инфрақұрылым жүйелерін реттеу сынды мәселелерді көтерді. Жиын соңында қоғамдық тәртіпті сақтау, қауіпсіздік шараларын күшейту сынды мәселелер де талқыланып, тиісті сала басшыларына аудан әкімінің тарапынан хаттамалық тапсырмалар берілді.
Жәнібек БАЗЫЛБЕК.
