Жаңа нысанға қоныстанды

85 Views

Ақыртөбе ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесінің алдына қойған негізгі міндеті – Тұрар Рысқұлов ауданының елді мекендері мен шұрайлы жерлерінің орман алқаптарын ұлғайту және өсіру, ормандарды қалпына келтіру, орман тұқым бақтары мен екпе ағаштарын күтіп баптау, сондай-ақ, ормандарды өрттен қорғау, күзету, бақылау және жабайы аң-құстарды қорғауға бағытталған. Қазіргі таңда Өзбеков Қайрат Медербекұлы басқаратын бұл мекемеде 76 адам өзіне жүктелген қызметке жауапкершілікпен қарап, адал еңбек етіп жүр. Аталмыш мекеменің кеңсе ғимараты Ақыртөбе ауылында орналасқан. Бұл мекеменің де әбден ескіргені туралы көптен бері айтылып жүрген. Енді бұл мәселе де өз шешімін тауып отыр. Анығын айтсақ, аталмыш мекеменің жанында бос тұрған ғимаратқа тұтастай күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ол нысан Ақыртөбе ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесінің кеңсесіне айналып отыр.
Өткен сәрсенбіде аталмыш меке­менің жаңа ғимаратқа қоныстануына байланысты Ақыртөбе ауылында ілкімді іс-шара өтіп, жаңа нысанның лентасы қиылды. Іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Ерғазы Еспенов қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Бұл қуанышты сәтке Жамбыл облысы әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Медет Уристенов те ортақтасып, ізгі тілегін білдірді. Облыстық мәслихат депутаты Арылбек Қораласбаев, аудандық мәслихат депутаты Сейтбек Көкімбаев, ауданның Құрметті азаматы Ален Сейтбеков пен Ақыртөбе ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сатыбалды Иманалиев те өздерінің ақжарма тілектерін жеткізді. Шара соңында бірқатар азаматтарға түрлі деңгейдегі наградалар табыс етілді.

«Құлан таңы» ақпарат.

Поделиться ссылкой: