ҚҰМАР ОЙЫНҒА ҚҰНЫҚҚАНДАР

967 Views

ҚҰМАР ОЙЫНҒА ҚҰНЫҚҚАНДАР

Жолыңыз түсіп орталық базарға бара қалсаңыз жадыраңқы көңіліңізді құлазытатын келеңсіз көрініске кездесіп қалуыңыз әбден мүмкін. Жасыратын дәнеңе жоқ, осы базар маңында санитарлық-тазарту жұмыстары соңғы рет қашан жүргізілгенін ешкім білмейтін де шығар. Шашылып жатқан политилен пакеттер, жеміс салынып, соңынан керегі болмай қалған қорап қағаздарының бейберекет жатуы сәнімізді бұзып, көңілімізге қаяу түсіретіні анық. Ал, базар аралаушылардың қолынан түсіп қалған әр түрлі тағам түрлерін өзіне азық қылып жүрген қаңғыбас иттер де көп мұнда. Тіпті, санай қалсаң, санынан жаңыласың. Сіз ойлағаннан тым көп десем де болады. Осының бәрі қашан ретке келтіріледі? Осы келеңсіздікке қашан, қай күні нүкте қойылатынына Құлан ауылдық әкімшілігі мен қоғамдық денсаулық басқармасы жауап таба алар ма екен? Осы ойлар мазалап келе жатқанда тағы да бір түйткілді мәселе алдымыздан кесе көлденеңдеп шыға келді…

Маңдай терін сарп етіп, еңбекпен тапқан нәпақасын ортаға салып, бірде «куш» ұстадым деп қуанса, енді бірде ұтылып, жеңілістің ашы дәмін татып кежілдескен құмар ойыншыларға кезіге кеттік. Енді осылар жайында әңгіме өрбітсек деймін. Иә, қарапайым халық түсінетін жалпақ тілмен айтқанда, базар маңында құмар ойынды ермек еткен яғни, «картожниктер» жайында не айтуға болады?.

Базардың әр түкпірінде топ-топқа бөлініп, шоғырлана отыра қалып құмар ойынның құрсауына түскен ойыншылар ешкімнен де қымсынбайды-ау.Тіпті, «Неменеге қарайсың?» деген кейіппен, саған ала көзбен ата қарап өзіңді шығарып салатынын қайтесің.Ұялғаныңнан үндеместің кебін киіп кете беруге мәжбүрсің. Кейбіреуі қасынан кім өтіп жатқанына да мән бермейді. Себебі, ортаға салынған «ставканың» мөлшері көп. Бес-он теңгеден жиналған тиынды «Кім алады екен?» деп отырады телміріп. Міне, сол ғана қызықтырады оларды. Ойынның құмарына құныққан жандар базар маңынан өтіп бара жатқан оқушыларды да елемейді, тым дөрекі сөздер айтып, кейде картаға таласып қырғиқабақ болып жатады. Олар жандарынан үлкен де, кіші де өтетінін біле ме екен осы? Білсе де, мән бермейді-ау! «Олар жас буын өкілдеріне ағалары ретінде не үйретеді?» деген сұрақ санамыздан кетпей тұрып қалады. Құмар ойын ойнап отырғандарды көрген мектеп оқушысы ертең ержеткен соң, сол жерде солар құсап отырмасына кім кепіл бола алады?! Бұл – бірінші мәселе. Екіншіден, қарама-қарсы отырып алып, ақшамен атысатындар өздерін ту сыртынан қарағандарға қалай көрінетінін біле ме екен? Тіпті, байқап та көрмеген шығар-ау. Ал, егер көрсе сырт көзге ерсі көрінетінін білер ме еді.

Құмар ойынның құрсауында қалған азаматтардың бұл ісі еліміздің дамуына кері әсер етеді. Бұл біздің рухани жаңғыруымызға жат нәрсе. Күш-жігері тасыған шағында бос уақытын пайдасыз нәрсеге жұмсап жүргендерге қарап ішің ашиды. Қазақтың кемеңгер ақыны Абай Құнанбаев «Әсемпаз болма әр неге» атты өлеңінде:

«Құмарланып шаттанба,

Ойнап босқа күлуге» демеп пе еді. Осы өлең жолдарын қаперіне сыйдыра алмай жүргендердің бүгінгі сыйқы осындай, ағайын.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне тоқталар болсақ, түйткілі тереңде жатқан мәселені қоғам болып шешуіміз керек секілді.

Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ

Поделиться ссылкой: