ТЫЛСЫМЫ ТАҢҚАЛДЫРҒАН “ТОПАҒАШ”

1 663 Views

ТЫЛСЫМЫ ТАҢҚАЛДЫРҒАН “ТОПАҒАШ”

Елбасының «…Жалпақ жұртыңды, иісі Алашыңды құрметтеу алдымен өзің тұрған өлкенің тарихын, табиғатын танудан, адамдарын ардақтаудан басталады»-деген аталы сөзінде көп мағына жатыр.

Көнеден келе жатқан Жібек жолы бойынан орын тепкен қасиетті мекеннің әр тасы мен тауы, жотасы мен белі тұнған тарих екені белгілі. Атадан балаға мирас болған кең байтақ жеріміздің әрқайсының аталуы мен сол атаудың қойылу тарихы үлкен бір ғылыми зерттеу мен зерделеуді қажет етеді. Менің айтпағым ол емес, жұртшылық арасында «Әулие Топағаш» атанған киелі жерден өзім көрген табиғаттың тылсымы туралы жариялауды жөн көрдім.

Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданы, Ақыртөбе ауылының солтүстік шығысында жатқан «Әулие Топағаш» жері -көпке беймәлім, бірлі-жарым адамдар білмесе, қалың жұртшылық әлі де ат басын тіремеген киелі құт мекен. Бұл жер туралы ел арасында айтылған әңгіме де аңызға бергісіз оқиғалар да көп. Сол мекеннің заңды егесі атанып отырған шырақшы Ғалымжан Әбітұлы Ұзақбаев ағаның Әулие Топағаш тарихы туралы айтары көп: … жер тарихын 1400 жылдардан бастайды. 1378 жылдар шамасында дүниеге келген Мақтым Ағзам Қожаның немересі Нүриләнің ( Домалақ ана ) өрнек тоқыған жері делінеді ел арасында тараған әңгімелерде. 1726 жылдары Болат ханның тұсында, Бөгенбай батыр басшылық жасап, үш жүздің басын құрап, Әбілхайыр бас сарбаз атанып, осы «Әулие Топағаштың» маңында жаудың бетін қайтарғандықтан, жер атауы «Сұмқайтты» деп аталып кеткені туралы да дерек бар. Бұл-«Сұмырай жаудың беті қайтты» деген сөзден қалғанының дәлелі. Осы шайқаста қазақтың көптеген киелі батырлары, әулие азаматтары көз жұмып,осы тұста жерленгені туралы көне көз қариялар айтып өткен делінеді. Әулие Топағашқа кірген бетте ғасырдан-ғасырға жалғасқан терең құдықтан су ішіп, ниет ету, топтанып өскен әр ағаштың тұсында тілек тілеп, ағып тұрған түрлі сұйықтық суларды ем ретінде ішу –бұл жердің киелі жер екендігіне көз жеткізгендей. Бірақ осынау тылсымға толы жердің арнайы мамандар мен ғалымдар тарапынан зерттелмей, тарихы түгелімен қаралмай жатқаны өкінішті. Топтана өскен сол талдардың жапырағы үш түрлі сипатта өскен. Өсіп жатқан әр ағаштың өзіндік атауы мен емдік қасиеті бар,-дейді шырақшы. Біз білмейтін сырлары көп жердің тылсымға толы екендігін мен де аңғардым.

Сатан Ғазиева әжемізден тәлім алған Ғалымжан Ұзақбаев бауырымыз Әулие Топағашта тоғыз емдік қасиеті бар тас, үш ақ жыланы, үш көкжалы, үш үкісі, үш жағыл тайы, екі елігі бар деп айтады. «Тағдырыма таң қалам!» атты кітап жазбақ ойы бар бұрынғы мемлекеттік қызметкер қазір қарапайым халыққа рухани азық беруді басты мұрат тұтқан тақуа жанға айналған Ғалымжан ағаның әулиелі жердің қасиеті мен аянмен ашылған әр талдың тарихы мен құдыретін айтқанда таңқалмасқа лажың жоқ. Ал оны зерттеп, зерделеу-алдағы күннің еншісі.Бұл қасиетті жер туралы Интернетте саусақпен санарлық қана баспа беттерінде жарияланған мақаладан басқа дерек табу мүмкін емес. Оның өзі шырақшының айтуымен жазылған. Тың тарих пен тылсымға толы дүниені зерттеу-тарихқа терең үңілетін зерек те зерделі, білімді де білікті ғалымның еңбегін қаже етеді. Қасиетті Қазақстанды, оның ішінде Жамбыл өңірінің тарихын тереңірек әлем танысын десек, құпиясы мол құт мекеннің өткенін танып, таным көкжиегін кеңейтіп, өзгелерді тәнті ету қажет. Зерттелмеген дүние көп, көңілде осы жердің сыры ашылса деген ниет қана бар.

Жаймашуақ жаздың жақсы кешінде осынау тылсымға толы жерге өз отбасыммен мен де бардым, күннің ыстығы қайтпаған 2015 жылдың шілде айы болатын. Әуесқойлықпен сыры беймәлім мекен туралы достарыммен бөліспекші болып, оларды таныстыру үшін ұялы телефоныма түсірген суретте намаз оқып тұрған адам бейнесіндегі сұлбаның ап-анық түсіп қалуы мені қатты таңқалдырды. Бұл суретті шырақшы ағамыз Ғалымжанға көрсеткенімде, бұл жер тылсымға толы, әр тал о дүниелік болған азаматтардың мүрдесінің үстіне өсіп шыққан, әруақты жер, ал әруақ ақ сұлба боп, кей жағдайда бойында ерекше қасиеті бар адамдарға да көрінеді –деп одан ары күдігім мен қызғушылығымды арттырды. Бұл сурет бір ғана менде болғандықтан, жариялауға жүрексініп жүргеніме біраз жылдың жүзі болды.Екі жыл бұрын әлеуметтік желіге жариялағаным бар, қазіргідей ел мен жер тарихы таныстырылып, жас ұрпаққа киелі жерлер дәріптеліп жатқан тұста өзім көрген дүниені көпке жариялауды жөн көрдім.

Тасы да топырағы да тексеріп зерттеп, зерделеуді, оны адамзат баласының пайдасы үшін жаратуды қажет ететін киелі жер саналатын Әулие Топағаш туралы жазбай қою мүмкін емес! Өлке тарихы мен киелі жерін таныту, сол арқылы Отандық туризмді нығайтуға өз үлесімді қосу-менің азаматтық парызым. Бұл жердің энергетикалық күші ерекше екендігін айтпағанда, ауасы да топырағы да, тасы да, суы да , әр өскен шоқ талы да дертке дауа, ауруға ем. Күйзеліс пен күйкі тірліктен қажыған жан да, дертіне ем таппай дәрменсіз күй кешкен пенде де, арман-тілегі мен мақсатын жүзеге асырсам деген жан да осында, есепсіз ағылған халық. Ал менің мақсатым-тылсымға толы әулиелі жердің қасиетін қалың жұртшылыққа жария ету.Тарихы тереңнен сыр тартар осынау киелі жердің әлі де беймәлім күйде зерттелмей жатуы қынжылтады. Әр талдан тамшылап тұрған судың химиялық-биологиялық құрамы зерттеліп, ғылыми тұжырымдама жасалса, Домалақ ана құдығы атанған терең бұлақтан шығып жатқан судың қасиеті зерттелсе деген үміт бар.Шын мәнінде тарихи шындық қандай? Қазақтың бірқатар руының әулие анасы атанған Домалақ анамыздың бұл жерге қатысы бар ма, аңыз әңгіменің ақиқаты мен ащы шындығы туралы білгім келеді. Зерттеп, келер ұрпаққа таныстырып, дерек ақтарып, ақ-қарасын ажыратар азамттар ортамыздан шығып жатса, нұр үстіне нұр болар еді. Әулие топағаш жерінің құпиясы ашылып, ұрпаққа қызмет жасап, рухани азық болар күн алыс еместігіне сенімім мол. Оқиғалар желісін ғасырлар тереңінен тарататын аңыздың ақиқатқа айналып, тарихын танып, отанға деген патриоттық сүйіспеншілікті арттыру -басты мақсат. Бейжайлықтан арылатын уақыт жеткенін санамыз сезінгелі де біршама уақыт өтті, Елбасы Н.Назарбаев та өткеніңді тану арқылы өркениетке қадам басу туралы нақты тапсырмалар беруде. Сайын даланың бізге беймәлім сырын ақтаруға үлес қоса алсақ, перзенттік парызымыздың орындалғаны. Ендеше, ғылым саласындағы азаматтарды осынау іске бастамашы болуға шақырамын! 

Л.Өтеулиева,

аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы

Поделиться ссылкой: