ҰЯЛЫ БАЙЛАНЫС ҺӘМ ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІ

711 Views

ҰЯЛЫ БАЙЛАНЫС ҺӘМ ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІ

Біздің балалық шағымыз тәуелсіздіктің алғашқы тоқырау жылдарына тұспа-тұс келді. Ол кезде свет жиі өшетін. Тіпті сирек жанатын десе де болады. Күні бойғы ермегіміз асық ойнау болса, қараңғы түсе май шамның жарығына үймелеп, кітап оқитын едік. «Асық ойнаған азар…» десек те, көп қимыл-қозғалыстың шынығып өсуімізге септігі тиді. Түн жамылып кітап оқудың да қазір пайдасын көріп жүрміз. Қысқасы қазіргідей жаныңа керектінің бәрі қолжетімді болмаса да жұрт қатарлы өмір сүрдік. «Жаман деген адамның да бір жақсылығы болады» демекші, сол заманның бір пайдасы жамандық атаулыдан ада өстік. Өйткені, интернеттің иіріміне шырмалып, ондағы сұмдықтарды көргеніміз жоқ. Менің айтпағым өткен өмірді қазбалау емес, бүгінгі бүлдіршіндердің ертеңі жайында болмақ.

Қазір көшеде жүрсе де, көлікке мінсе де, үйіне келсе де екінің бірінің қолынан ұялы телефоны түспейді. Соның бірі мен, сіз және олар. Әлгі әзілкештің, Тұрсынбек Қабатовтың айтқан сөзінде жан бар. Өзімізге білінбегенімен, сырт көзге қарағанда маймылдардан аумаймыз. Телефонға шұқшиып, бүгежіктеп шөгіп барамыз. Өзіміз ғана ұстасақ мейлі, баланың да қолына заманауи құрылғыны ұстатып қойдық. Солар тыныш болса, мазамызды алмаса болды. Смартфонның ішінен нені көрсе соны көрсін. Қадағалап отыру ойымызға да кіріп шықпайды. Күн ұзаққа қалтасынан түспейтін құрылғыға түн жарымда телміріп, айкезбе құсап сенделеді де жүреді. Ал, біз бейғамбыз.

Осы жерде статистиканы сөйлетіп жіберсеңіз, қазіргі балалардың дені әлжуаз, көбісінің көз жанары суалған, ашуланшақ, ызақор һәм қатыгез болып өсіп келе жатқанын байқайсыз. Неге? Себебі, олардың қимыл-қозғалысы шектелген, телефонның зияны жүйке-жүйесін зақымдап, интернеттегі сананы улайтын сан түрлі сериалдар мен батыстық балаларға арналған ойындар, қилы көріністер жас шыбықты қатайтып, қатыгез қылып жіберген. Біз тағы да бейғамбыз.

Қазір бір қарағанда үріп ауызға салғандай көрінетін жас жеткіншектердің ішінде шімірікпей қылмыс жасап, ауызына келгенді айта салуды ар көрмейтіндер көбейді. Жастайынан зауал келіп, төсекке таңылып жатқандары қаншама. Соның бәрі ұрпақ тәрбиесін қараусыз қалдырып, не ішіп, не киіп жүргеніне, нені оқып, кімді үлгі тұтқанына мән бермей, ұл мен қыздың тәрбиесін ұялы телефонға байлап бергенімізден емес пе екен… Әлде өзге де себебі бар ма? Сіз қалай ойлайсыз?…

М.СЕЙДАШЫМ.

Поделиться ссылкой: