Е-Өтініш туралы не білесіз?
Е-Өтініш туралы не білесіз?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылдың 2 қыркүйегінде Қазақстан халқына «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауында еліміздің барлық азаматтары өздерінің барлық, кез-келген сындарлы сауалдарына жедел түрде жауап беретін «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру міндетін қойған болатын.
Осы аталған міндеттемені іске асыру мақсатында азаматтардың мемлекеттік органдарға сұрақтары мен өтініштерімен жүгіну рәсімдерін барынша жеңілдетуге және олардың қаралуын бақылауды жетілдіруге арналған «Е-Өтініш» ақпараттық жүйесі әзірленіп, «Е-Өтініш» ақпараттық жүйесі 2021 жылы іске қосылған.
«Е-Өтініш» ақпараттық жүйесінің базасында жеке тұлғалардың өтініштері мен жұмысты ұйымдастыру мақсатында нұсқаулық та әзірленген болатын. Сондай-ақ, 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап заңды күшіне енген. Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде жолданымға қойылатын жалпы талаптар, қабылдау, тіркеу, қайтару, уәкілетті әкімшілік органға, лауазымды адамға әрі қарай жолдау негіздері көрсетілген.
Өтініштермен жұмыстың барлық процестерін цифрландыру келесіні қамтамасыз етеді:
– мемлекеттік органдарға келіп түсетін барлық өтініштердің бірыңғай базасын қалыптастыру;
– өтініштерді мемлекеттік органдардың құзыреті бойынша бағытын автоматты түрде анықтау;
– өтініш берушіні өтінішті қараудың барлық кезеңдері, сатылары және мерзімдері туралы хабардар ету;
– мемлекеттік органдар арасындағы сұраныстар санын оңтайландыру есебінен өтініштерді қарау мерзімін қысқарту.
Ең бастысы «Е-өтініш» жүйесі өтініш берушімен кері байланыс жүйесін жүргізуге және мемлекеттік органдардың жұмыс сапасын бағалауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар мемлекеттік органдарға жүгінген азаматтардың сұрақтары мен өтініштеріне берілген барлық мемлекеттік органдардың жауаптары жүйелі талдаудан өткізіледі. Бұл өз кезегінде жазылымнан бас тарту фактілерінің жолын кесуге ықпал етеді және нақты салаларда өтініштерді қараудың бірыңғай тәжірибесін қалыптастыратыны анық.
Әсіресе «Е-Өтініш» ақпараттық жүйесі мемлекеттік органдардың жүктемесін азайту, сондай-ақ, қағазбастылық пен төрешілдікті болдырмау мақсатында енгізілген. Оның міндеті тек өтініштерді қабылдауда ғана емес, сондай-ақ, жүйеде «білім базасын» пайдалана отырып немесе тиісті мемлекеттік органның жауапты қызметкерімен қашықтан қызмет көрсетуді ұйымдастыру жолымен азаматтың мәселесін сол жерде шешілуін қайта өңдеу болып табылады.
Айтылғанды назарға ала отырып, алдағы уақытта мемлекеттік органдар тарапынан толық, нақты жауап алғыңыз келсе сұрақтарыңызды, өтініштеріңізді, сұраныстарыңызды «Е-Өтініш» ақпараттық жүйесі арқылы жолдауларыңызға болады.
Ж.Баймендиев,
аудандық сот әкімшісінің басшысы
