Шәкірт жүрегіне жол таба білген ұстаз
Ұстаздық деген – қастерлі мамандық. Бұл қызметке жүрдім—бардым қарауға болмайды. Меніңше, ұстаздық деген – жүрек қалауы. Әйтпесе әрбір адам ұстаз бола бермей ме? Мінеки, жүрек қалауы деп отырғанымыздың себебі де сол.
Бүгінгі біздің кейіпкеріміз Татаев Жанай Қосылғанұлы да ұстаздық қызметке «тосыннан» келген жан емес. Жанай Қосылғанұлының әке-шешесі де мұғалім болған. «Мұғалімнің баласы – мұғалім болады» деген қатып қалған қағида жоқ әрине. Әркімнің өз таңдауы бар. Бірақ Жанай Қосылғанұлының айтуынша, ұстаздық қызметте еңбек етуді бала күнінен-ақ армандап, түбінде осы мамандықтың оқуын оқуға мақсат қойған екен. Кейіпкеріміз сол мақсатына жетті де. Қазір Жанай Қосылғанұлы Өнер мектебінің қолөнер бөлімінің мұғалімі болып еңбек етіп жүр. Оның жалпы ұстаздық қызметтегі еңбек өтілі – 36 жыл. Қазір оның Жақсылық ауылындағы Қызылпан Сұлтанбеков атындағы орта мектебінде кабинеті бар. Осы мектептің оқушылары Нұрдос Әскербек пен Мейірлан Пойызбай Жанай ұстаздың төл шәкірттері. Олар сабақтан тыс та, ұстаздарының шеберханасына келіп, қосымша дәріс алады. Ол ешбір шәкіртінің бетінен қақпайды. Қайта жанына жақын тартып, білгенін әркез үйретуге құштар. Жанай ұстаздың шәкірттері Нұрдос Әскербек пен Мейірлан Пойызбайдың жасаған жұмыстарын біз де фотоаппаратқа түсіріп алдық. Расында да керемет дүние. Оқушылар арасында «Алтын қыран» деген байқау жыл да өтеді. Осы байқауда Нұрдос та, Мейірлан да үздіктерінен қатарынан көрініп жүр. Әрбір оқушы ұстаздың айтқанын тыңдап, ізденсе, оқуға деген құштарлығы осылай болса, онда біздің болашағымыз да жарқын деген сөз ғой. Жанай ұстаздың шеберханасына кірсеңіз, таңданумен боласыз. Мәселен, суреттегі тракторды Жанай ұстаздың өзі жасап жатыр екен. Ешкім ол кісіге келіп, сұрау салмаған. «Бүйт, сөйт» деп те тапсырма бермеген. Барлығы өз идеясынан жасалған дүниелер. Міне, ізденетін, жауапкершілікті ұғынатын адамның тірлігі осындай болады.
Біз – журналистпіз ғой. Көп адамдардан сұхбат аламыз. Адамдармен сөйлесе-сөйлесе психолог та болып алады екенсің. Сондай пікір алмасуларда бір кейіпкер мақтанып сөйлейді, бірі «ата-бабасының мықты болғанын айтып» кеуде керіп сөйлейді. Бірақ шын мәнісінде бітірген түктері жоқ. Біреулер тұлғалардың атын жамылып, өздерін жақсы атандырғысы келеді. Ол да білініп тұрады. Адамды қолдан ақымақ қылудың қажеті жоқ. Ел-жұрт та бәрін біледі. Көреді, сезеді. Аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Қазыбайұлы әрдайым жиналыстарда «Судың тұнықтығын судағы балық біледі, кімнің кім екенін халық біледі, халық білмесе Құдай анық біледі» деген халық даналығын айтып жүреді. Сол халық даналығында айтылғандай, кімнің кім екенін халық білмесе де Құдай анық білетіні ақиқат.
Жанай Қосылғанұлы секілді ешкіммен шаруасы жоқ, руға бөлінбейтін, өз жұмысының мақсаты мен мүддесін жақсы білетін кейіпкерлермен тілдескенде жаның рахаттанады. Осындай тірліктер жасай тұра, ол бізбен өрбіген әңгімесінде «мен бүйтіп жатыр едім» деп мүлде мақтанған жоқ. Әйтпесе оның қолынан шыққан «Абылай хан» портреті мен «Көшпенділер» атты картинаның эскизі аудандық музейде тұр. Оған қалай мақтанса да жарасады. Бірақ ішкі жан дүниесі оны қаламайды. Үндемей жүріп-ақ таудай тірлік бітіретін адамдар сөйтеді. Оның мысалы осы – Жанай Қосылғанұлы.
Жанай Қосылғанұлының жары Гүлмира Досқожаева Луговой ауылындағы «Балбөбек» бөбекжай-бақшасының меңгерушісі. Тұңғыш ұлы Жарас та Тараз қаласындағы мектептердің бірінде мұғалім болып жұмыс істейді. Жалғас есімді ұлы – әскери қызметте еңбек етеді. Қызы Асылай медицина саласында жұмыс жасайды. Кіші қызы Жұлдызай Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде оқып жатыр. Мамандығы – мұғалім.
Жаза берсек, Жанай Қосылғанұлында жетістік көп. Алматы қаласында шеберлік сабағын өткізген екен. Ол жасаған «Жауырын» картинасы тіпті Түркия мемлекетінде өткен көрмелердің бірінде қойылыпты. Сондай-ақ, ол жақында ғана қазақстандық этно-дизайнерлер одағына мүшелікке қабылданған екен. Осындай жан-жақты, шәкірт жүрегінен жол таба білген, ізденімпаз әрі іскер мұғалімді кейіпкер ретінде газетке жазу – біздің тікелей жұмыс деп білемін.
Жақсы адаммен тілдессең, оны ешқашан ұмытпайсың. Мен үшін Жанай Қосылғанұлы әлгінде жазған қасиеттерімен сыйлы адам. Себебі ол шәкірттерінің жүрегіне жол таба білген білікті әрі қамқор ұстаз.
Марат Диханбай.
