ЖЫЛЫ ЖҮРЕК ӨЗІН ҒАНА ЖЫЛЫТПАЙДЫ…
ЖЫЛЫ ЖҮРЕК ӨЗІН ҒАНА ЖЫЛЫТПАЙДЫ…
«Жылы жүрек өзін ғана жылытпайды, басқаны да жылытады» демекші, Мұхтар Әуезов атындағы тірек мектебі және мектебіміздің басшысы Мадина Шералықызының ұйымдастыруымен қайырымдылық акциясы болып өтті. Осы шараға аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Досмырза Алашбаев, «Құлан мал дәрігері» ШЖҚ коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының басшысы Серік Дәлібаев және «MEGATEL» орталығының басшысы Мадияр Қартабаев сынды азаматтар әлеуметтік нысандағы оқушыларға көмек көрсетіп, жаңа жылдық игі істерді алғашқылардың бірі болып бастады.
С.Дәлібаев мырза оқушылардың алаңсыз білім алуына жағдай жасау мақсатында екі оқу кабинетінің еденін жаңарттырып, алдағы уақытта мектептің спорт залына жөндеу жұмыстарын жасауға демеушілік көрсетуге ниет білдіріп отыр. Ал, ауыл азаматы Тойлан Тәшенов оқушылардың терең білім алып қана қоймай, сонымен қатар, рухани құндылықтарына көңіл бөліп, түрлі іс-шараларды ұйымдастыруға арналған музыкалық аппарат тарту етті.
Жоғарыда есімдері аталған лауазым иелері тұл жетім қалған, аз қамтылған отбасындағы оқушыларға қолдау көрсетіп, әр баланың арманын орындау мақсатында оларды ұялы телефонмен және киім-кешектермен қамтамасыз етті. Бұл күні балалардың қуаныштарында шек болған жоқ. Демеуші азаматтар жағдайы төмен отбасылардың балаларына көмектесіп, сауапты іс жасады. Сөйтіп, олар шәкірттердің мерейін өсіріп, ертеңгі күнге деген сенімдерін нықтай түсті. Осы игілікті іске ауылымыздың жеке кәсіпкерлері Батырқұл Аязбаев, Жеңіскүл Көбеева және Нұржанат Кабиходжаева сынды азаматтар да атсалысты. Олар отыз оқушыларға жаңа сыйлықтар үлестірді.
Иә, әр баланың арманын орындауға шын жүректен қолдау көрсетіп, жас ұрпаққа үлгі болар істерімен өнеге көрсетіп жүрген ағаларымызға алғысымыз шексіз. Сіздердей арқа сүйер, үлгі тұтар ағаларымыз барда балаларымыздың болашағы биік боларына кәміл сенеміз. Бұл жасап жатқан игі істеріңіз ұжымымыздың тарапынан үлкен алғысқа ие болды. Мұхтар Әуезов атындағы тірек мектебі атынан Сіздерге шын жүректен шексіз алғысымызды білдіреміз.
Г.РАХИМОВА, Мұхтар Әуезов атындағы
тірек мектебінің әлеуметтік педагогы.
СУРЕТТЕ: демеушілер С.Дәлібаев пен Д.Алашбаев
шәкірттерге сыйлық тапсыруда.