ҚАЗ — ҚАЛПЫНДА
Қарлығаш ұя салғанда…
Менің есімде елес боп қалған жылдар еді… Мен үш жасқа толғанда әкем бізді осы үйге алып келді, ал бұрынғы үйіміз көзіме көрген түстей ғана елестейтін… Мен сол үш жасар шағымнан бастап көршінің Жұлдыз есімді қызымен ойнап, бірге өстім. Көрші үйдің алты бірдей қызы бар. Біз сол бала күнімізде-ақ мерекелерге орай өзімізше концерт ұйымдастыратынбыз, ата-аналарымызды шақырып, көрермен етіп отырғызып қоямыз. Жұлдыздың анасы Гүлнар әпке үнемі Тұманбай Молдағалиевтің:
«Жаз өмірін, мәз өмірін қысқартып,
Бара жатыр, бара жатыр құс қайтып.
Зымырайды менің бала кезімдей,
Бір жалт етіп өте шыққан сезімдей» -деп басталатын әнін айтып беруші еді. Бірде олардың шатырына қарлығаш келіп ұя салды. Әлі есімде, төрт қарлығаш еді. Сол ұя салған қарлығаштар онда жыл сайын келіп қонақтап жүрді. Көктемнің аяқ тұсында келіп, күзде ұшып кететін…
Қазақ әдебиетінде «Қарлығаш әулие» атанған Төле би жайында мынадай бір аңыз бар. «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» кезінде жоңғарлар Төле бидің ауылына шабуыл жасапты. Жұрт жау келді деп үйін жығып, қаша бастағанда, Төле би үйін қозғамай, сол ауылда қалыпты. Жапан далада тұрған жалғыз үйге жоңғардың әскербасы адамдарын жіберіп, көшпеуінің себебін сұрағанда Төле би:
« -Шаңырағыма бір бейкүнә қарлығаш ұя салып еді, ол жер бетін топан су басқанда Нұқ пайғамбардың кемесін сақтап қалған, жыланға адам баласының жем болу қаупі төнгенде қызғыштай қорыған құс еді. Осындай киелі құстың ұясын бұзып, балапандарын зарлатып-сарнатып кете алмадым, -деген екен. Жоңғар қонтайшысы дана бидің ақыл-парасатына таңданып, бұл бір әулие адам екен деп, оның үйіне де, ауылына да шабуыл жасамауды бұйырыпты. Сол себепті, Төле биді халық «қарлығаш әулие» деп атап кеткен екен… Киелі құстың ұя салуына қарағанда, бұл үйге де бір қасиеттің қонғаны шығар деп ойлап едім іштей…
Күзде қарлығаш ұшып кеткен соң, қыс келді, жаңа жыл басталды. Гүлнар әпкенің сол жылы аяғы ауыр болатын. Бірде сабақтан үйге қайтып келе жатсам, көршінің үйіне адамдар жиналып қалған, түстері суық, біреулері жылап жатты… Сөйтсем, Жұлдыздың анасы жетінші баласын босанарда көз жұмыпты, ұл бала екен. Жұлдыз – үйінің үлкені еді, сол жылы небары тоғызыншы сыныпта оқитын. Ал ең кіші сіңлісі екі жасар болатын. Көз алдымызға панасыз қалған балапандардай елестеген…
Содан бері әлгі өлеңді естісем, ойыма еріксіз Гүлнар әпке оралатын…
«Құстар, құстар сызылтып ән салады,
Сол әнімен тербетеді даланы.
Ал адамдар күліп бастап өмірін,
Кетерінде жылай да алмай қалады…» -деген шумақтағыдай, алты қыздан соң, жалғыз ұлдың жарық дүниеге келер сәтінде екеуі бірдей о дүниелік болып кеткеніне, сәбилерінің қызығын көріп үлгере алмағанына жылай да алмай кете барды… Гүлнар әпке өмірден өткен жылы баяғы қарлығаштар да ұясына қайтып оралмады…
Араға жыл салып, Біржан аға құлыншақтай қыздарына пана іздеп, Назгүл жеңгені алып келді. Көшеде ойнап жүрген кішкентай Ұлжан мен Диананың «біздің үйге мама келді, енді біздің мамамыз бар» деп, терезеден қарап тұрған Назгүл жеңгейге қолын бұлғап, жүздерінде қуаныштың нышаны көрінгенде, жүрегіміз елжірегені соншалық: көзімізден ыстық жастың қалай дөңгелеп түскенін сезбей де қалған едік…
Бір қызығы, Назгүл жеңгемен бірге баяғы қарлығаштар да қайта оралды…
Содан бері бірнеше жыл өтті. Баяғы қыздар да бойжетті, Біржан ағаның да баяғы мұң ұялаған жүзінен қуаныштың күлкісі қайта көріне бастады. Бейне бір алты ай қыста қурап тұрған қайыңның шуақты көктемде қайта бүр жарғанындай… Қазір сол жанұя «бақытты отбасылардың» біріне айналды. Қоныс аударып, жаңа үйге кірді. Біржан аға мен Назгүл жеңге қыздарының екеуі тұрмыс құрып, сол қыздардан төрт немере сүйіп отыр. Баяғы балапандарды өз қанатының астына алып, бауырына басып, бір ұяны айрандай ұйытып, сол шаңырақта шаттықтың шоғын үрлеп жаққан Назгүл жеңгені бүгінде ел мақтайды, ауылымыздағы үлгілі келіннің бірі. Қашан көрсеңіз де сол қыздарды еркелетіп, білгенін үйретіп, қамын жасап жүреді. Кешегі бүлдіршіндерге туған аналарындай қамқор болып, алдын ұзатып, кейінгілеріне шуағын төге білген Назгүл Дауылбаеваны «нағыз батыр ана» деуге де болатын шығар, бәлкім…
Біздің қазақ қарлығашты қамқорлығы үшін кие тұтады. Сол секілді, Назгүл жеңге де қарлығаш секілді бір үйдің шырағын жаққан қамқор ана. Иә, әлгі өлеңнің соңғы шумағы:
«Біздің жаққа бауыр басып кеткен бе,
Тамаша әнмен келіп еді көктемде,» -деп аяқталатын. Расында да, ол біздің жаққа бауыр басып кетті…
Салтанат ҚАРАСАЙ.