Т.РЫСҚҰЛОВ АУДАНЫ 100% АУЫЗ СУМЕН ҚАМТЫЛДЫ
53 ViewsТ.РЫСҚҰЛОВ АУДАНЫ 100% АУЫЗ СУМЕН ҚАМТЫЛДЫ Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Рахым Сәбденов ауылының тұрғындары үлкен қуанышқа кенелді. Себебі талай жылдан бері түйіні тарқатылмай келген…
Өткен жұмада Ұстаздар күніне орай, Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде «ұстаз – ұлы есім!» деген тақырыпта мерекелік іс-шара өтті. Іс-шараға аудан әкімі Ернар Есіркепов қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
Аудан басшысы өз сөзінде:
– Құрметті ұстаздар қауымы! Ардақты білім саласының ардагерлері! Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Ұстаздар күнімен құттықтаймын. Адамзатты ізгілікке баулитын да, жақсылыққа тәрбиелейтін де, асыл қасиеттерді бойына дарытатын да – ұстаз. Сондықтан ұстаз – ұлы ұғым, оған деген ел құрметі қашан да ерекше. Ендеше, ұстаздар күні орны бөлек, дәрежесі биік, ең ұлық та ұлағатты мереке. Сіздерді мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға бақ-береке, ырыс-ынтымақ тілеймін. Өскелең ұрпақты білім нәрімен сусындатуда жаңа биіктерден көрініп, нәтижелі жұмыстарыңыз жарқын жетістіктермен толыға берсін. Мереке құтты болсын! – деген ізгі тілегін айтып, бірқатар ұстаздарға марапат табыс етті. Мерекелік шарада аудандық мәслихат төрағасы Ербол Әбутәліпов те құттықтау сөз сөйлеп, ізгі лебізін жеткізіп, бірқатар ұлағатты мамандық иелеріне аудандық мәслихаттың алғыс хатын табыстады. Аудандық білім бөлімінің басшысы Мұратбек Сванов та ортаға шығып, марапат табыс етті. Бұл мерекелі жиында көптеген азаматтар марапат алды. Енді соның тізімін жазсақ дейміз. Себебі осы марапатты алғанға дейін ұлағатты ұстаздар қаншама еңбек етті. Осыны ескеріп, бағалап, біз де олардың ешқайсысын қалдырмай, мақалаға қосуды жөн көрдік.
Ұстаздар күніне орай өткен іс-шарада көптеген жылдар бойы мектеп директоры болып, аудандағы білім саласында өзіндік қолтаңба қалдырған ардагер ұстаздар Тәжіков Әмізе Даданұлы, Тұрманбетов Әнуарбек Мұханбетұлы, Алагөзова Түзел Селбайқызы және ардагер ұстаз Естемесова Тұрсынбала Жылысбайқызы Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен марапатталса, Шоқан Уәлиханов атындағы шағын орталықты орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Исаева Күлсін Құдайбергенқызы, Ахмет Байтұрсынов атындағы орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Джумагулова Гүлнар Акетайқызы, аудандық балалар мен жасөспірімдер орталығы директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Тілеубаева Эльзат Аязқұлқызы, Максим Горький атындағы орта мектептің психологы Муленбаева Гүлбану Мұрасқызы, Райымбек Смаилов атындағы орта мектептің директоры Ертаева Айгүл Арыстанбекқызына білім беру саласындағы ерекше еңбегі үшін Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісі табыс етілді. Тәуелсіз Қазақстанның рухани және әлеуметтік дамуы жолында қол жеткен табыстары үшін ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Құрмет грамотасымен Қаныш Сәтбаев атындағы орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Сембиева Надаркүл Таматайқызы марапатталса, білім саласын дамыту жолында қол жеткен табыстары үшін ҚР Оқу-ағарту министрлігінің алғыс хатымен №3 шағын орталықты орта мектебінің директоры Дауенов Бақыт Орынбасарұлы наградталды. Өңірдің білім беру жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін Жамбыл облысы әкімінің Құрмет грамотасы Болтай батыр атындағы шағын орталықты орта мектептің математика пәнінің мұғалімі Кумеков Болат Ахметұлы, Алғабас орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Байдилдаева Фарида Сағымбекқызы, Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектептің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Танатова Раушан Бақбергенқызы, «Бәйшешек» бөбекжай-бақшасының меңгерушісі Қорымбаева Қаламқас Макенқызына табыс етілді.
Өскелең ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие берудегі еңбегі үшін Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының Құрмет грамотасымен «Ерке-Нұр» шағын орталығының әдіскері Ниязова Мариякүл Абейқызы, №1 мектеп-лицейінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Мырқасымова Гүлсім Қылышбекқызы, Ахмет Байтұрсынов атындағы орта мектептің география пәнінің мұғалімі Қалмаханбет Медет Мұратұлы, ал сапалы білім мен саналы тәрбие берудегі табанды еңбегі үшін облыс әкімдігі білім басқармасының алғыс хатымен педагогикалық-психологиялық түзету кабинетінің дефектологі Сарқытбаева Мадина Сансызбайқызы марапатталды. «Т.Рысқұлов ауданына сіңірген еңбегі үшін» медалімен Болтай батыр атындағы шағын орталықты орта мектептің химия пәнінің мұғалімі, ардагер ұстаз Оразалиев Бүркітбай Мадуарұлы, Тұрар Рысқұлов атындағы мектеп-лицейінің тарих пәнінің мұғалімі Садыкбеков Талап Болатұлы марапатталды. Ал аудан әкімінің Құрмет грамотасы «О.Аяулым» бөбекжай-бақшасының меңгерушісі Тойбекова Зәуреш Орынқұлқызы, «Аяна» бөбекжай-бақшасының тәрбиешісі Жарқынасылова Асем Балтабайқызына табысталды. Аудан әкімінің алғыс хатымен №6 мектеп-гимназиясының математика пәнінің мұғалімі Кадралиева Айнұр Амансейітқызы, аудандық мәслихаттың Құрмет грамотасымен Көкарық бастауыш мектебінің меңгерушісі Құрманбаева Айман Есенаманқызы, Алғабас орта мектебінің әлеуметтік педагогы Қораласбаева Айман Шамшабекқызы, аудандық мәслихаттың алғыс хатымен Малдыбай орта мектебінің директоры Тотаев Болатхан Төреханұлы, Айтқұл Шынәсілов атындағы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Саукалова Айнұр Асылбекқызы марапатталды.
Мерекелік іс-шарада көңілге түрлі ой салар қойылымдар қойылып, би үйірмесіне қатысатын биші қыздар би билеп, ұстаздар тақырыбында есті әндер шырқалды.
Марат Диханбай.