Ќазаќстанда 1500-ден астам ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді

95 Views

Премьерминистрдің орынбасары, ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен инфляцияны тежеу мәселесіне арналған апталық кеңес өтті.

Жиында жыл соңына дейін инфля­цияны тұрақтандыру бойынша қабыл­данатын шаралар қаралды. Жыл­дық инфля­цияның негізгі қозғау­шысы – ақылы қызметтер.

Қыркүйекте ақылы қызметтердің өсу қарқыны бәсеңдеп, тамыздағы 1,4 пайызбен салыстырғанда 1 пайызға дейін төмендеген. Өйткені 2025 жылға жоспарланған коммуналдық қызмет тарифтерін түзету шаралары аяқталды. Бұған дейін айтылғандай, қазан айынан бастап коммуналдық қызмет тарифтерін көтеру жоспарда жоқ.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы да тұрақталуда. Қыркүйектің соңғы аптасында әлеу­меттік маңызы бар азық-түлік индексі өспеді. Қант, тұз, макарон, күріш, сүт және әлеуметтік маңызы бар көкөніс­тердің бағасы арзандады.

Жалпы қыркүйек айында нан-тоқаш өнімдері мен жармалардың бағасы 0,1 пайызға, ет және ет өнімдері 0,2 пайызға, май мен тоң май 0,2 пайызға, жұмыртқа 3,1 пайызға, жемістер мен көкөністер 1,9 пайызға төмендеді. Қырыққабат бағасының айтарлықтай төмендеуін ерекше атап өтуге болады. Оның бағасы жылдың бірінші жартысында жоғары қарқынмен өскен болатын. Ал мамыр айымен салыстырғанда 52 пайызға арзандады. Сондай-ақ, басқа маусымдық көкөністер мен жемістердің бағасы да айтарлықтай түсті.

Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанованың айтуынша, барлық өңірлерде отандық өндірушілермен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын жыл соңына дейін тұрақтандыру туралы келіссөздер жүргізілді. Қазан мен желтоқсан аралығында демалыс және мереке күндерін қоса алғанда, ел бойынша аптасына бір рет жалпы саны 1619 ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді деп жоспарлануда. Астанадағы ірі сауда желілері Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, сиыр етін өндірушілерден тікелей сатып алуға арналған акцияны сәтті өткізуде. Бұл тәжірибе тиімділігін дәлелдеп, енді өңірлерге кеңінен таратылатын болады.

«Береке Fest» акциясы ая­сында еліміздің 80 сауда желісі агро­фирмаларға ет пен басқа да әлеу­меттік маңызды өнімдерді тікелей супермаркет сөрелеріне жеткізуге мүмкіндік берді. Сауда желілері әлеуметтік жауапкершілік танытып, осындай өнімдер үшін арнайы бұрыштар ұйымдастырды. Қазір әкімдіктер және бизнес өкілдерімен бір­лесіп, Республика күніне арнал­ған мерекелік жәрмеңкелер мен акцияларды ұйымдастыру үстін­деміз», – деді Айжан Бижанова.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, өңірлердің басым бөлігі тұрақтандыру қорларына жаңа өнімдерді қабылдау келісімдерін аяқтаған. Жалпы өнім көлемі 245 мың тонна, оның ішінде 146,7 мың тонна картоп, 35,3 мың тонна сәбіз, 27,4 мың тонна пияз және 36 мың тонна қырыққабат бар. Ақтөбе және Ұлытау облыстарында қырыққабат сатып алу 50 пайыздан сәл ғана асқан, бұл жерде кешеуілдеу байқалады. Вице-премьер министрліктен осы өңірлерге жеткізушілерді іздеуге қолдау көрсетуді тапсырды.

 primeminister.kz

Поделиться ссылкой: