Мамай мен Сөгетіге таза ауыз су келді
55 ViewsӨткен жұмада Қайыңды ауылдық округіне қарасты Сөгеті және Мамай ауылдарының тұрғындары үшін тарихи күн болды. Олай деуге толықтай негіз бар. Себебі талай жылдан бері…
«Артық ғылым кітапта, 
Ерінбе оқып көруге» деген хакім Абайдың сөзін білмейтін жан баласы жоқ шығар, сірә! Иә, рас. Аға буын ұрпақ өкілдері Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Ғабиден Мұстафин секілді қазақ әдебиетінде өшпес із қалдырған қабырғалы жазушылардың шығармаларын оқып өсті. Содан кейін де болар, көпшіліктің ойында «кітапты тек үлкен кісілер ғана оқиды» деген пікір бар. «Қазіргі жастар кітап оқымайды» дегеніміз де дұрыс емес шығар бір жағынан. Мен өзім де білемін. Хакім Абайдың өлеңдері мен қара сөздерін, ақын Мұқағали Мақатаевтың көптеген өлеңдерін жатқа айтатын оқушыларды да білемін. Сондай талантты әрі ізденімпаз оқушының бірі «Жайлы мектеп» бағдарламасы бойынша салынған №6 мектеп-гимназиясында да бар. Аты – Кәусар, тегі – Қашқынбай. 
Мұратжан Мейманханов басшылық ететін №6 мектеп-гимназиясы кітапханасының қорында 6072 кітап бар екен. Білесіздер, биыл облысымызда да аймақ басшысы Ербол Шырақпайұлының бастамасымен «Әулиеата – кітап оқитын өңір» атты игі бастама қолға алынған болатын. 
Бұл бастама аясында да ауданымызда көптеген іс-шаралар өтіп жатыр. Құлан ауылының ардагерлері Қойшыбек Баймашев пен Қарашев Сүлейман ақсақал да облыс әкімінің тікелей ұйытқы болуымен бастау алған игі бастамаға қолдау көрсету мақсатында сәрсенбі күні Құлан ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Берік Әліпбаевпен бірге Мұратжан Мейманханов басқарып отырған №6 мектеп-гимназиясына барып, мектеп кітапханасына өздерінің кітап қорындағы көркем әбеди туындыларды тарту етті. Қойшыбек Баймашев Құлан агротехникалық жоғары колледжінде ұзақ жылдар бойы ұстаздық қызмет етіп, абыройға кенелген жан. Өзі ауданның Құрметті ардагері. Қарашев Сүлейман ақсақал да аудан экономикасының өрісті дамуына өз үлесін қосқан зейнеткердің бірі. Екі ақсақал да кітапты көп оқиды. Әрқашан ауданда өтетін қоғамдық іс-шараларға белсене араласып жүреді. Олар тарту еткен кітаптардың ішінде заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің «Қилы заман», Ғабиден Мұстафиннің шығармалары, Әбіш Кекілбаевтың «Елең-алаң» және өзге де жазушылардың көркем әдеби тұрғыда жазылған танымдық кітаптары бар. 
Кездесуде аталмыш мектеп-гимназияның оқушыларына кітап оқудың маңыздылығы көптеген мысалдар арқылы айтылды.
Марат Аятберген.