Үй алу оңай, үй болу қиын

870 Views

Үй алу оңай, үй болу қиын

«Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында Елбасы «Жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау мемлекеттік саясаттың басымдығына айналуға тиіс. Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керек» деген еді. Президенттің жастарды қолдап отырғаны бұл бір емес. Халыққа арнаған әр Жолдауында, әртүрлі мемлекеттік маңызы бар жиындарда жастарға басымдық беріп, сенім артып келеді. Сөзіме мемлекет басшысының Отандық БАҚ өкілдеріне берген соңғы сұхбатын негіз етейін.

– Ендігі жылды Жастар жылы деп жарияладық. Ол турасында арнайы бағдарлама қабылдау керек. Жастарға не керек – бірінші білім, екіншіден үйленетін болса, үй-жай қажет. Жағдай жасалып, жұмыс берілуі тиіс, – деген еді Елбасы журналистермен болған кездесу барысында. Рас, еліміздегі жастар (оның ішіне, аудан жастары да кіреді) білімге құштар. Оны жоққа шығара алмаймыз. Басқасын айтпағанда, әлемдік рейтингте мектеп оқушыларының жетістігі жөнінен еліміз 9 орында екенін баспасөз беттерінен оқыдық.

Жастардың жиі айтатын мәселесі – баспана. Алайда, баспаналы болудың мәселесі қазір түпкілікті шешілді десек, қателеспейміз. Бұған Елбасының өткен жылғы Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының бірлескен отырысына жариялаған «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуі нақты жауап бола алады. Ондағы бірінші бастама дәл осы баспана алудың мүмкіндіктеріне арналды. Елбасы «Біз соңғы жылдары қазақстандықтардың баспана алу мүмкіндіктерін кеңейту үшін көп нәрсе жасадық. Дегенмен, оның өзі жеткіліксіз, әлі күнге дейін көптеген отбасы баспанасыз жүр. Бұл – айрықша әлеуметтік маңызы бар мәселе. Оның шешімін тұрғын-үй ипотекасының қалың көпшілікке жаппай қолжетімділігін арттыру арқылы табуға барлық жағдай жасау керек. Жұмыс істейтін әрбір адам несиеге пәтер сатып алып, оны отбасылық бюджетінің мүмкіндіктері аясында төлей алатындай болуы үшін арзан ресурстар ұсынатын тетіктер қажет» деп, «7-20-25» бағдарламасын ұсынған болатын. Бағдарлама бүгінде жемісін беруде. Бұрынғыға қарағанда үй алудың жолы жеңілдеді.

Ауданда алдағы жылдары 80 пәтерлік, 5 қабатты 2 үй салынады. Екі үйдің жобалау сметалық құжатына 2017 жылы 5 миллион теңге, 2018 жылы 19 миллион, 269 мың теңге қаржы бөлініп, құжаттары дайындалды. Демек, аудан жастары үшін де келешекте «7-20-25» бағдарламасы арқылы жеңілдікпен тұрғын үй алуға мүмкіндік бар. Дегенмен, мына бір дерек көп жайдың бетін ашқандай. Аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінде 478 аудан тұрғындары тұрғын үй кезегіне тіркелсе, соның 152-сі, 31,8 пайызы жасы отызға толмаған жастар екен. Ал, осы 152 жастың 10 пайызы бұрын некеде болып, ажырасқандар санатында. Сондай-ақ, аталған 10 пайыздың барлығы отағасыз отбасылар, нақты айтқанда, әкесіз ұл-қыз өсіріп отырған жалғыз басты келіншектер болып шықты. Осыдан соң, аудан әкімі аппараты мемлекеттік-құқықтық бөлімшесінің деректеріне жүгінуге тура келді. Бөлімшенің бас маманы Фатима Нұрбайқызы ұсынған статистика тіпті ойландырып тастады. Ауданда 2017 жылы 427 отбасы неке қидырса, осы жылы131 отбасы ажырасып кеткен. Пайызға шаққанда 30,7 пайызды құрайды. Өткен жылы 395 отбасы неке қиып, 114 отбасы ажырасқан. Пайыздық өлшеммен алғанда жоғарыдағы 30 пайыздың мөлшеріне жуықтайды. Бұл көрсеткіштерге қарап, жастардың баспаналы болуынан бұрын үй болып қалу жағы маңызды екені аңғарылады. Халқымыз «Үйлену оңай, үй болу қиын» дегенді бекерге айтпаса керек. Отау құрудың жауапкершілігін меңзеп тұр. Ата-бабаларымыз осы қағидамен өмір сүріп, отбасы беріктігін сақтап келгені тарихтан мәлім. Қазір ше?

 Мереке ЕРЖАНҰЛЫ

Поделиться ссылкой: