Бөбекжайдың мәселесі – басты назарда
Бөбекжайдың мәселесі – басты назарда
Өткен аптаның жұмасында қоғамдық кеңестің көшпелі отырысы «Балдырған» бөбекжайында болып өтті. Оған кеңестің мүшелері, бірқатар бөлім басшылары мен балабақша қызметкерлері толықтай қатысты. Аталмыш отырыс балабақшаның ғимаратында өткізілуінің өзіндік себебі бар. Тақырыпты тарқатсақ…
Бүгінде «Балдырған» бөбекжайында 150-ге жуық бүлдіршін тәрбиеленеді. Мұнда оларға сапалы білім мен өнегелі тәрбие беретін 40-тан астам қызметкерлер жұмыс атқарады. Ғимарат жекеменшік иелігінде. Сондықтан бөбекжай әкімшілігі ғимарат иесіне жыл сайын қомақты қаржы төлеуге мәжбүр. Осыдан бес жыл бұрын осы мәселені шешу мақсатында тиісті жұмыстар қолға алынған екен. Дәлірек айтқанда, 2014 жылы аудандағы бұрыңғы балалар үйін (қазір онда балалар мен жасөспірімдер орталығы орналасқан) балабақшаның құзыреттілігіне беру жұмыстары жүргізіліпті. Қажетті сметалық құжаттар да әзірленіп, тиісті органдарға өткізілген. Алайда, балалар үйінің отқазандығы мен өзге де жүйелері талапқа сай келмегендіктен, бастау алған шаралар бір орында тұралап, жабулы қазан күйінде қалған. Сонымен қатар, балабақшаға арнайы аудандық бюджеттен бөлінген биылғы қаржы да жеткіліксіз. Балабақша меңгерушісі мен есепшісі аудандық бюджеттен бөлінген биылғы қаржы ғимаратты жалға алу сомасы мен қызметкерлердің жалақысын төлеуден артылмайтындығын жеткізді. Тіпті, мекемеге қажетті құрал-жабдықтарды алуға, жиһаздарды жаңартуға қаржының жоқ екендігін атап өтті. «Егер де балабақша мемлекетке тиесілі басқа ғимаратқа ауыстырылса, бөлінетін қаржы жалға алу сомасына емес, керекті заттарды алуға жұмсалар еді» — дейді ұжым мүшелері. Осы себептерді назарға алып, балабақша қызметкерлері Шорабек Атабаев бастаған аудандық қоғамдық кеңес мүшелерінен көмек сұраған.
Қоғамдық кеңес мүшелері осы күнге дейін аудандағы түйткілді мәселелерді шешіп келеді. Олар осы жолы да «Балдырған» бөбекжайының басты мәселесін шешу үшін ептілік танытты. Әсіресе, қоғамдық кеңестің мүшесі Мұратхан Ыстыбаевтың белсенділігін жоғары бағалап өткен жөн. Себебі, Мұратхан Ыстыбаев азғантай уақыт аралығында осы мәселе бойынша зерттеу және зерделеу жұмыстарын жүргізіп, қорытындысын жиын барысында мәлімдеді. Ол ғимаратты ауыстыру кезінде немқұрайылық танытып, бес жылға жуық уақытты босқа сарп еткен бөлімдерді атап өтіп, жұмыстарын сынға алды. Сынға іліккен бөлімдер мәселенің мән-жайын түсіндіргенен кейін, кеңес мүшелері өз шешімдерін оқып, аудан әкімдігінің білім, қаржы, сәулет және құрылыс бөлімі мен Құлан ауылының әкімдігіне тиісті ұсынымдарды ұсынды. Бөлім басшылары өз кезегінде туындаған олқылықтарды тез арада ретке
келтіруге уәде берді.
Жиын барысында өзге де мәселелер қаралып, ортақ шешімдер қабылданды. Отырыс соңында балабақшаның ұжым мүшелері сөз сөйлеп, қиын сәтте қол ұшын созған қоғамдық кеңес мүшелеріне өз алғыстарын жеткізді.
Жәнібек СӘДУАҚАС.