Танкеев тындыратын әлі талай тірлік бар

564 Views

Танкеев тындыратын әлі талай тірлік бар

Бүгінде ауылдық округ әкімдері өткен жылы атқарылған жұмыстары жөнінде халық алдында есеп беруде. Ақбұлақ ауылдық округінен бастау алған есепті жиын Қарақыстақ ауылдық округінде жалғасын тапты.

Ораз Танкеев басшылық ететін округке Каменка, Қазақ, Тасшолақ және Жалпақсаз ауылдары жатады. Қазіргі таңда ауыл тұрғындарының басым көпшілігі еліміздегі агро саланы дамытуға күш салып отыр. Сондықтан болар округ көлемінде бүгінге дейін 186 шаруа қожалық  тіркелген. Оның ішінде 176-сы тұрақты түрде жұмыс атқаруда. Аталмыш мәліметтер округ әкімінің баяндамасында егжей-тегжейлі айтылды. Ауыл әкімі одан бөлек әлеуметтік, білім, денсаулық, мәдениет, жұмыспен қамту, қылмыс   пен ауыл төңірегіне жүргізілген тазалық жұмыстарына да ерекше тоқталды.  Алайда, әлі де атқаратын талай тірлік бар.

 Мәселен, алғаш болып өткізілген Қазақ ауылындағы жиынға жиылған жұрт елдімекенге көгілдір отын мен ауыз судың тартылмауына наразы екендіктерін байқатты. Сонымен қатар, жол салу жұмысы да бірінші кезекте тұрған мәселе екендігін аңғардық. Тұрғындар тарапынан қойылған сұраққа тұщымды жауап қайтарған әкім алдағы уақытта ауыл маңына жастарға арналған кіші футбол алаңы мен зираттың сыртын қоршау жұмыстарын жүргізетінін жеткізді. Одан бөлек ауыл көшелерінің біріне жол салып беруді де жоспарлап отырғандығын мәлім етті.

Дәл осындай форматтағы жиын Тасшолақ пен Жалпақсаз ауылында да өткізілді. Тасшолақта болған жиында тұрғындар газ, ауыз су, мал жаятын жайылымның аздығы жайында сөз қозғап, күні бүгінге дейін шешімін таппай отырған бірқатар мәселелерге байланысты сұрақтар қойып, өз ұсыныстарын жеткізді. Көпшіліктің көкейінде жүрген көгілдір отын мен ауыз су мәселесі Жалпақсаз ауылында болған жиында да көтерілді. Дегенмен, жергілікті жұрт ауылға жаңа мектеп құрылысы жүргізіліп жатқандығына дән риза. Айта кету керек, дәл қазір Жалпақсаз ауылында 48 орындық бастауыш мектебі салынуда.

Ораз Танкеевтің есепті баяндамасынан байқағанымыз округтің инфрақұрылымын дамытуды көздейтіндей. Мәселен, биыл Каменка ауылында балалар ойнайтын аллея құрылысы жүргізілген. Одан бөлек Елбасымыздың «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында ауыл тумасы, жеке кәсіпкер Т.Кемелбековтың демеушілігімен спортзал құрылысы бастау алыпты. Ал, Қазақта су жаңа мешіт бой көтергендігін біз алдыңғы газет беттеріне жазған болатынбыз. Сонымен қатар, келесі оқу жылынан бастап жалпақсаздық балалар жаңа мектепте оқитын болады. Одан бөлек округ құрамына жататын ауылдарға көгілдір отынды жүргізу жұмыстарын мәресіне жеткізу керек. Осы бастамаларға басшылық жасап, қадағалау жұмыстарын жүргізу тікелей округ әкімінің міндеті. Есепті жиындардан біз ауыл көлемінде атқарылған да, атқарылатын да іс көп екенін бағамдап қайттық. 

 Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ   

 

Поделиться ссылкой: