Алтын күз – ұрпақ тәрбиесі үшін маңызды мереке
Алтын күз – табиғаттың ең көркем де берекелі шағы. Дала сары түске боялып, егін жиналып, еңбек жемісін тататын бұл мезгілде «Іңкәр» бөбекжай-бақшасында көңілді әрі тәрбиелік мәні зор «Күзгі жәрмеңке» атты мерекелік іс-шара өтті.
Іс-шара «Адал азамат – біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында өткізіліп, балалардың адалдық, еңбекқорлық, ұқыптылық, ұйымшылдық қасиеттерін дамыту, сондай-ақ, ата-аналар мен тәрбиешілердің бірлесе жұмыс істеуін нығайту мақсатында ұймдастырылды. Шара шымылдығын бөбекжай-бақшаның меңгерушісі Мадина Бақытқызы сөз сөйлеп ашып, барша қатысушыларға сәттілік тіледі. Іс-шара барысында әр топ ерекше өнерлерімен көзге түсті. «Қарлығаш» даярлық тобының тәрбиеленушілері әсем әндерімен көрермен көңілін көтеріп, жәрмеңкенің шымылдығын ашты. Одан кейін «Қошақан» тобының тәрбиеленушілері қызықты көрініс көрсетіп, би биледі. Ал «Жұлдыз» тобының тәрбиеленушілері «Күзгі қамқорлық» тақырыбында ойын ойнап, банкіге кампот жабу арқылы еңбектің нәтижесін көрсетті. Сүйкімді «Балапан» тобының тәрбиеленушілері болса, өздерінің көңілді биімен жиналған жұртқа шаттық сыйлады. Іс-шараның көркі – Күз ханшайымының келуі болды. Ол балалармен бірге күзгі сән үлгісін көрсетіп, сахнаны түрлі- түсті жапырақтармен көмкерілген ертегідей әлемге айналдырды.
Шара соңында әр топтың еңбегі бағаланып, тәрбиешілер атынан балаларға мадақтама қағаздары мен сыйлықтар табысталды. Мерекенің қорытынды сәтінде «Қарлығаш» даярлық тобының тәрбиеленушілері нәзік вальс биін билеп, жәрмеңкені ерекше әсермен аяқтады.
«Күзгі жәрмеңке» мерекесі балалар мен ата-аналарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, әр жүректе күздің жылуын қалдырды.
Айта кетерлік жайт, «Күзгі жәрмеңкеге» әр топ күз мезгіліне байланысты ерекше экибанолар жасап әкелді. Балалардың шығармашылығын бағалау мақсатында балабақша ішінде арнайы комиссия мүшелері құрылып, әр топтың қолөнер бұйымдарына баға берілді. Ең үздік жұмыстарға бөбекжай-бақшаның меңгерушісі Мадина Бақытқызының атынан бағалы сыйлықтар табыс етілді. Балалар қуанып, ата-аналар өз ризашылықтарын білдірді.
Жадыра Жалиева,
«Іңкәр» бөбекжай-бақшасының тәрбиешісі.
