Т.РЫСҚҰЛОВ АУДАНЫ 100% АУЫЗ СУМЕН ҚАМТЫЛДЫ
53 ViewsТ.РЫСҚҰЛОВ АУДАНЫ 100% АУЫЗ СУМЕН ҚАМТЫЛДЫ Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Рахым Сәбденов ауылының тұрғындары үлкен қуанышқа кенелді. Себебі талай жылдан бері түйіні тарқатылмай келген…
Кез келген жұмыста іс-шаралар өткізілер кезде жоспар түзіледі. Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері де алдын ала жоспар бекітіп, сосын жыл он екі ай сол іс-шаралардың жоспарлы өтуіне себепкер болады. Мәселен, Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері бір емес, бірнеше байқау ұйымдастырды. Оған өзіміз де куә болдық. Жақында өткен жасөспірім оқушылар арасындағы аудандық байқау да сол сөзіміздің айқын дәлелі деп ұғыңыздар. «Отаным – бақыт ордасы» деген тақырыппен ұйымдастырылған жас орындаушылар байқауында патриоттық әндер шырқалды. Байқаудың мақсаты – өскелең ұрпақтың бойында Отанға деген сүйіспеншілік сезімін жетілдіру, сондай-ақ, жас жеткіншектердің шығармашылық қабілеттерін дамытып, әншілік өнерге олардың қызығушылығын арттыру. 9 бен 14 жас аралығындағы оқушылар бақ сынаған байқауға Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Рысбек Қадырқұлов, Тереңөзек ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісі Кәміл Дабылбеков, Мұқан Төлебаев атындағы балалар музыка мектебінің ұстазы Сұлтан Әуелбеков қазылық етті.
Байқауда 17 қатысушы бақ сынады. Өзіміз де бұл байқауды тамашаладық. Жалындап тұрған оқушыларды да байқадық. Кейбіреуі тіпті жасына қарамастан қаймықпай кең тынысты әндерді де орындады. Өз басым тәнті болдым. Дегенмен орындаушылардың әділ бағасын беретін қазылар алқасы. Сондықтан байқау қорытындысы бойынша қазылар алқасының шешімі мынадай болды. Жүлделі үшінші орынды Фатима Әлібай (Құлан ауылы), Жәния Жақсыбай (Д.Қонаев ауылы), Аяла Өсер (Құмарық ауылы), Айару Қанат (Көгершін ауылы) иеленді. Жүлделі екінші орынға Арон Қадыржан мен (Рахым Сәбденов ауылы), Әмір Уәли (Тереңөзек ауылы) ие болды. Жүлделі бірінші орын Саржан Қайыпжанның (Жаңатұрмыс ауылы) еншісіне жазылды. Ал байқаудың бас жүлдесін Дария Рахман (Құлан ауылы) жеңіп алды. Байқау жүлдегерлері мен жеңімпазына алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Марат Диханбай.