Жол жүрісі қағидаларын бұзу салдарынан абайсызда адам өліміне әкеп соқты
Аудандық сотта А.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды. (ҚК-нің 345-бабының 3-бөлігі автомобильді басқаратын адам бола тұра жол жүрісі қағидаларын бұзуы салдарынан абайсызда адам өліміне алып келген).
Сотпен анықталғаны
2025 жылдың 24 маусымында сотталушы А. «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» тас жолында «Volvo FH 12.420» маркалы автокөлігін басқара отырып, жолдың оң жағындағы оңтүстік бөлікте жол жиегінде тоқтап тұрған «ЗиЛ» маркалы жүк автокөлігінің айнасына өзінің айнасымен соқтығысып автокөліктің айналасында жүрген жәбірленуші Б.-ны абайсызда қағып жол көлік оқиғасын жасаған. Жол-көлік оқиғасы салдарынан жәбірленуші Б. қайтыс болды. Сотталушының кінәсі тараптардың айғақтарымен, сарапшылардың қорытындыларымен және істің басқа да материалдарымен дәлелденді.
Тараптардың позициясы
Прокурор 2 жыл 6 ай бас бостандығынан айыруды сұрады.Марқұмның жұбайы сотқа сотталушыны кешіргенін айтты. Сотталушы А. кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкініш білдірді.
Сот үкімі
ҚК 345-бабы 3-бөлігінің санкциясы белгілi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан 5 жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып, 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді.Сот сотталушының оң қырынан сипатталуын, кінәсін мойындауын және өкініш білдіруін, кездейсоқ жағдайлардың салдарынан бірінші рет қылмыс жасауын және жәбірленушінің оны кешіруін жеңілдететін мән-жайлар ретінде таныды.
Сот үкімімен А. ҚК 345-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 5 жылға көлік құралдарын басқару құқығынан айыра отырып, 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.Үкім заңды күшіне енді.
Құлан таңы» ақпарат.
