Адамшылығы мен азаматтығы бір бөлек

135 Views

Редакцияға көп адамдар келеді.  Әңгімелесеміз. Пікірін тыңдайсың. Сонда әр адамның мінездері әрқилы екенін аңғарасың. Біреулер бар, желпініп, есікті «теуіп» кіреді. Біреулер бар, сөз қадірінің құтханасына айналған редакияға келе сала қызмет істеп жүрген ел азаматтарын отыра қалып жамандайды. Бар ондайлар. Солар шіркін, «өздерінің де шамаларына қарап қойса…» деп ойлайсың. Ал енді бір адамдар болады, жасы үлкен болса да келген мән-жайын ұғындырып, інім деп сыпайылықпен сөйлеп, бәрін рет-ретімен айтатын кісілер жоқ емес, бар. Бірақ сондай адамдардың қатары аз өкінішке орай.

Сөз басында редакцияға көп адамдар келеді дедік қой. Осыдан бір ай бұрын ба екен, жұмыс бөлмемізге жастары 60-тан асқан, қабақтары қатулы емес, керісінше жүздері жылы екі азамат кіріп келді. Есіктен кірген бойда сөздің ретін әзіл-шыны аралас қалжыңға бұрып амандасты. Ондай адамдардан айналып кетесің ғой. Бір жасап қалдық. Сөйтіп жөн сұрастық. Таныстық. Екеуі құрдас болып шықты. Бірінің есімі – Мұхтар, екіншісінің есімі – Мұхамеджан екен. Қарақат ауылының азаматтары екенін айтты. Міне, азамат деген осындай болса керек. Әзілдері жарасымды, бір-бірін сыйлап тұр. Кейіпкерлерімізбен сұхбаттастық. Жазатын детальдарымызды түртіп алдық. Кетер кезде қайсысын бірінші жариялайтынымызды өздерінен бірден сұрап алдық. Мұхамеджан ағам ер азаматқа тән ірілік танытты. «Мұхтар құрдасым екеуіміз 1963 жылы туғанмен, бұның жасы менен 1-2 айға үлкендігі бар» деді. Араға уақыт салып, мінеки, сол екі азамат туралы  мақала жазып отырмыз. Уәделескендей, Мұхамеджан Терекбаев туралы жазған мақаламыз осыдан кейін жарияланады.

Алғашқы кейіпкеріміз Сүлейменов Мұхтар Нұрмашұлы 1963 жылдың 19 ақпанында дүниеге келген. Ол қазіргі Қарақат ауылындағы №2 орта мектебінде (кезінде 8 сыныптық Октябрьшаруа мектебі деп аталған) 8-сыныпқа дейін оқып, кейіннен Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектебінде білім алған. Кейіпкеріміз мектеп оқып жүрген кездің өзінде еңбекке араласыпты. Көпшілік оның алғырлығын, кез келген жұмысты жетер-жеріне жеткізіп, тиянақты істейтінін сол кездің өзінде байқапты. Есейген шағында қолхозда өнімді еңбек етіп,  озат шопан да болған екен. Механизатор болып та жұмыс істепті.

Рас, Тәуелсіздік алған соң, колхоздар тарап, нарықтық экономика өмірімізге дендеп еніп, көп адам жұмыссыз қалды. Бірақ сол кездегі қиындықтарға біздің әке-шешелеріміз, осы Мұхтар аға секілді азаматтардың көбісі төзді. Амалын тауып, тірлік жасады. Шүкіршілік етті. Өйткені олар басты құндылық – Тәуелсіздіктің қадірін жүрекпен ұғынды. Ақша олар үшін маңызды болған жоқ. Ар, ұят, адамшылықты бірінші орынға қойды олар. Оны бізге Мұхтар Нұрмашұлының өзі де айтты.

– Біз жастайымыздан еңбек еттік. Әскерге де бардық. Одан жаман болған жоқпыз. Қазір қит етсе, әлеуметтік желіге жариялайтын болды ғой біреулер. Біздің кезімізде әлеуметтік желі болған жоқ. Есесіне еңбек еттік. Уақытымыз босқа кеткен жоқ. Естіп жатамыз, жастарымыз құмар ойындарға әуес болып барады. Соларға қарата айтқан кеңесім ғой. Бір жағынан қазіргі жастар бақытты ғой. Тәуелсіз елде, осындай бейбітшілік заманда ғұмыр кешіп жатыр. Не алғың келеді, Құдайға шүкір, бәрі де тұр қазір дүкен сөрелерінде.  Интернетіңіз мынау. Күннен-күнге дамып жатыр. Тек бір ғана айтар ұсынысым, жасөспірімдеріміз телефонды көп қолдана бермей, тіл үйреніп, ізденіп, осы мүмкіндікті пайдаланып, білімдерін жетілдірсе деймін. Содан соң менің де әкем  мектепте ұстаз болды. 40 жылдан аса уақыт ауыл мектебінде еңбек етті. Бізге мектепте Оңдасын Сәдірмекұлы, Балтакүл Дарханбекова, Күләш Тілешова, Рамазан Гериков сияқты ұстаздар сабақ берді. Осы ұстаздарымыздың ақыл-кеңесі бізге өмірлік азық болды , – дейді кейіпкеріміз.

Мұхтар Нұрмашұлы келер жылдың 19 ақпанында 63 жасқа толады. Жуырда ауданның «Құрметті ардагері» деген төсбелгіні де иеленіпті. Қарақат ауылының тұрғындары кейіпкерімізді сыйлайды. Құрдастарының ортасында да сыйлы. Ол әрқашан ұл-қыздарына, немерелеріне бірліктің, татулықтың қадірі жайлы үнемі айтып отырады. Зайыбы екеуі 3 қыз, 1 ұлын ешкімнен кем қылмай өсіріп,  осы күні олардан 10 немере сүйіп, солардың бақытына кенеліп отырған жайы бар.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: