Ұлы халықтың – ұлы абайы

246 Views

Биыл қазақтың ұлы ойшылы, ақын, ағартушы Абай Құнанбайұлының туғанына – 180 жыл. Осыған орай Жақында Абай атындағы шағын орталықты орта мектебінде «Абай мұрасы – халық ұлағаты» деген тақырыпта іс-шара өтті.

Жиылған көпшілікке рухани азық сыйлаған жиынға аудандық ардагерлер  Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов, Абай ауылдық округінің әкімі Мұратбек Арыстанбеков,  аудандық әкелер кеңесінің төрағасы Мырзабек Маңғұтов, аналар кеңесінің төрайымы Түзел Алагөзова және  ұстаздар, оқушылар, зиялы қауым өкілдері, ауыл тұрғындары  және жыр сүйер қауым арнайы келіп қатысты.

Іс-шара барысында оқушылар мен жас өнерпаздар Абай Құнанбайұлының шығармашылығын жан-жақты қырынан ашып, хакімнің поэзиясынан өлеңдер оқыды. Әсіресе Абайдың даналыққа толы сөздерін сахналық көріністер арқылы бейнелеу кештің көркін аша түсті. Сахна төрінде мектеп оқушылары Абай өлеңдерін мәнерлеп оқып, ақынның қара сөздеріндегі орамды ойларды әсерлі жеткізді. Сонымен қатар шарапаты мол шарада аудандық «Асыл әжелер» және мектеп ұстаздарынан құралған өнерпаздар Абай хакімнің «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай!» сияқты әндерін орындап, көрермендерге ерекше әсер сыйлады.

Бұдан бөлек осы кеште отырған көрермендермен де  кері байланыс орнап, көпшілік те Абай өлеңдерінен бір шумақ үзінді оқыды. Жиын соңында шараға белсенді қатысқан өнерпаздар марапатталды.

«Құлан медиа» ақпарат.

Поделиться ссылкой: