Т.РЫСҚҰЛОВ АУДАНЫ 100% АУЫЗ СУМЕН ҚАМТЫЛДЫ
53 ViewsТ.РЫСҚҰЛОВ АУДАНЫ 100% АУЫЗ СУМЕН ҚАМТЫЛДЫ Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Рахым Сәбденов ауылының тұрғындары үлкен қуанышқа кенелді. Себебі талай жылдан бері түйіні тарқатылмай келген…
Қазір өкінішке орай, елдің қамын ойлағаннан гөрі өзінің жеке мүддесін ойлайтын адамдар көбейді, шыны керек. Сөйлесе кетсең, дүние-байлықты сөз етеді көбісі. Болмаса шыққан әулетін мақтап, жұмыс істемесе де, өзін жұмыс істейтін адам ұқсап көрсеткісі келетіндерді қайтерсің… Өз басым ондай адамдардан бойымды аулақ ұстауға тырысамын. Әсілінде, жан-дүниеңді ұғатын, руға бөлінбейтін, көпшілікке әрқашан тілеулес, елдің бірлігі мен тұтастығын бірінші орынға қоятын, қарапайым әрі адал азаматты көргенде ішіміз жылып сала беретіні бар. Жақында дәл осы біз сипаттаған қасиеттердің барлығын бір бойына жинаған азаматты кезіктірдік. Ол – «Қазақстан – Қытай Азия газ құбыры» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Тараз қаласы газ тасымалдау басқармасының директоры, облыстық мәслихат депутаты Ералиев Бегалы Ералыұлы.
Бегалы Ералыұлының іскерлігін көп адамдар айтады. Еңбекқор деп те естіп жатамыз. Ұжымға да сыйлы деп айтады көп адамдар. Сондықтан өзім де осы адаммен танысып, бір сұхбат алсам деп, іштей ойлап жүретінмін. Жақында – сол сәтте келді. Біздің ол кісімен әңгімелесіп, пікірлесуімізге себепші болған аудандық мәслихат депутаты Талғат Таттыходжаев екенін ашық айтқанымыз абзал. Бірі білер, бірі білмес, Талғат Таттыходжаев «Қазақстан – Қытай Азия газ құбыры» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің күзет қызметінің бастығы болып жұмыс істейді. Бұл мақаланы жазбай тұрып та, біз Бегалы Ералыұлының жақсы іске себепші болғанынан хабардар болдық. Яғни ол – Луговой ауылынан әскери гарнизонға қатынайтын 1 шақырымнан асатын асфальт жолға 40 тоннадан астам асфальт әкеліп, осы жолдың ойдым-ойдым жерлерін жамап-жасқауға дәнекер болғанын естіп, білдік. Ол тірлік бірер ай бұрын істеліп қойған. Сурет-видеосы да бар. Өзімен кездескенде осының бәрін сұрадық. Бегалы Ералыұлы сонда да қарапайымдылық танытып, жалғыздың шаңы шықпайтынын айтып, осы істе өзіне қолдау білдірген аудандық мәслихат депутаты Талғат Таттыходжаевқа, Луговой ауылдық округінің әкімі Жасұлан Өмірқұловқа, әскери гарнизонда еңбек ететін әскери қызметшілер мен «Құлан жолдары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшылығына алғысын білдірді. «Көп түкірсе – көл» деген мақалды да тілге тиек етті.
Бегалы Ералыұлының «Қазақстан – Қытай Азия газ құбыры» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Тараз қаласы газ тасымалдау басқармасының директоры болып жұмыс істеп жатқанына 5 ай ғана уақыт болыпты. Жалпы оның газ шаруашылығы саласындағы еңбек өтілі – 20 жыл. Бұл дегеніңіз – аз уақыт емес. Яғни оны әрбір қызметтің сатысынан өткен, тәжірибесі толысқан, білікті басшы десек болады. Жалпы «Қазақстан – Қытай Азия газ құбыры» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мекемесінде 770 адам еңбек етеді екен. Жұмысшылардың бірді-екілісін де әңгімеге тарттық. Олар Бегалы Ералыұлын өз ісін жақсы білетін, көпшілікпен тіл табыса алатын, қарапайым әрі іскер басшы екенін айтты. Ералы Бегалыұлы өз әріптестері бас инженер Олжас Бейсенбаев, қызмет басшысы Бахытжан Улухманов, күзет қызметінің бастығы Талғат Таттыходжаев секілді ұлтжанды азаматтармен бірлесе жұмыс атқарып жатқанын да айтып, олардың жұмысына жоғары бағасын берді. 2 ұл, 2 қыз тәрбиелеп, өсіріп отырған іскер азаматтың үлкен ұлы Аят та әке жолын қуып, газ шаруашылығы саласында жұмыс істеп жүр екен.
Ақиқаттың алдаспанына айналған жазушы Шерхан Мұртазаның мынадай сөзі бар. Жазушы «Басшы болсаң, әділ болсаң, нағыз еңбекшінің жанында жүр. Көр өз көзіңмен, кім пәруана, кім жалқау. Кім ауырдың үстімен, кім жеңілдің астымен жүретінін. Көр. Біл. Әділеттілік сонда орнайды» деп жазған екен. Бұны жазып отырған себебіміз, Бегалы Ералыұлының да өмірлік ұстанымын сұраған едік. Оның да жауабы дәл осы сөздермен үндес болды. Яғни ол: «Кез келген басшы жұмыста жауапкершілігі мол, еңбекқор, әділ, ешкімге қиянат жасамайтын адам болғаны дұрыс» дейді. Айтпақшы, биыл республика күні қарсаңында «Қазақстан – Қытай Азия газ құбыры» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Тараз қаласы газ тасымалдау басқармасының директоры, облыстық мәслихат депутаты Бегалы Ералыұлы «Құрмет» орденімен марапатталыпты. Әңгімелесіп отырып, сөзі нық, ұстамды, айтқан уәдесін екі етпейтін, қамқор азаматтың әкесі де, яғни Ералы Дадабаевтың ел басқарған, айналасына сыйлы кісі болғанын білдік. Жас күнінде үйлерінде қонақ үзілмейтін болыпты. Бегалы Ералыұлы 21 жасында дүйім елдің Димашы атанған Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтан бата да алған екен. Суретін көріп, газетке жариялауға өзінің рұқсатымен оны да алып алдық. Сөз арасында тілге тиек еткен жазушы Шерхан Мұртаза да заманында үйлерінде қонақта болған екен. Осындай елге сыйлы, жақсы адамдардан бата алған Бегалы Ералыұлы осы күні адам саны көп ұжымды басқарып, қарамағында еңбек ететін қызметкерлер арасында да сыйлы болып, әрдайым оңды істердің қасынан табылып жүр.
Марат Диханбай.