Екі қыз да – қола жүлдегер

168 Views

Екі қыз да – қола жүлдегер

Таяуда Тараз қаласында жасөспірімдер мен жастар арасында бокстан Қазақстан біріншілігі өтті. Бұл – елішілік чемпионатқа еліміздің барлық облыстарынан өзге Астана, Алматы, Шымкент секілді ірі мегаполистерден 400-ден аса спортшы қатысты. Бокстан Таразда ұйымдастырылған қыздар арасындағы Қазақстан біріншілігінде №24 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жаттықтырушы болып еңбек ететін Есдәулет Құрмантаевтың шәкірттері де бақ сынады. Жалпы Есдәулет Құрмантаев қандай да бір жарысқа шәкірттерін қатыстырса да оның қол астында жаттығатын боксшы арулар сол жарыстан міндетті түрде жүлдемен оралады. Біз оны ылғи жазып та жүрміз.

Осы додада да солай болды. Яғни Тараздағы шарша алаңда 60 келі салмақта жұдырықтасқан Айдана Әбдікерім мен 50 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Ажар Бейбіт жүлделі үшінші орын иеленіп, біріншіліктің қола медаль жүлдегері атанды. Айта кетейік, Есдәулет Құрмантаевтан тәлім алатын бұл екі қыздың бірі – студент  болса, бірі – оқушы. Айдана Әбдікерім Құлан агротехникалық жоғары колледжінің білімгері болса, Ажар Бейбіт Тұрар Рысқұлов атындағы мектеп-лицейінде білім алады. Екі қыз да бұған дейін де өздері қатысқан жарыстарда талай мәрте топ жарып жүрген спортшылар.

Қыздардың жаттықтырушысы Есдәулет Құрмантаев « Шәкірттеріме ризамын. Тараздағы Қазақстан біріншілігінде екеуі де жақсы жұдырықтасты. Біз мұнымен тоқтамаймыз. Жаттығу үрдісін жалғастыра береміз. Мен осы орайда, қыздардың ата-аналарына үлкен алғысымды білдіргім келеді. Өкінішке орай, көп ата-аналар балаларын қолдай бермейді. Менің шәкірттерімнің ата-аналары қыздарына үнемі мотивация беріп, қолдау көрсетіп отырады. Ата-ана сөйтіп тұрса, қыздардың да көңіл-күйі жақсы болады» дейді. Біз де бапкердің айтқанымен келісеміз. Әрбір ата-ана балаларын әркез қолдап отырса, жетістіктер болары сөзсіз.

Айдана мен Ажарға алдағы жарыстарда да сәттілік тілейміз.

Самбошы қыздар да сенімді ақтады

Жуырда Тараз қаласында самбодан Жамбыл облысының чемпионаты өтіп, онда аудан атынан сынға түскен жасөспірім қыздарымыз сәтті өнер көрсетті. Яғни №24 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері Әсем Нұрланқызы 60 келі салмақ дәрежесінде самбодан өткен облыс чемпионатында жеңімпаз атанса, 65 келі салмақ дәрежесінде белдескен Әсемай Сатыбалдиева жүлделі екінші орын, ал 57 келі салмақта сынға түскен Жанерке Үмбетжан  жүлделі үшінші орынға ие болды. Облыстық чемпионат болған соң, самбошы қыздар көрсеткен осы нәтиже де зор жетістік деп білеміз. Асқар Бүркітовтен тәлім алатын самбошы қыздар әлі талай додаларда аудан абыройын асқақтатады деп ойлаймыз.

 

Топтаманы дайындаған

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: