Тәттінің тасасындағы қауіп: бала денсаулығы таразыда

221 Views

Тәттінің тасасындағы қауіп: бала денсаулығы таразыда

Суреттегі өнімге жақсылап үңіліп көріңізші… Бәлкім, дүкендерден де кездестірген боларсыз. Бір қарағанда – балалар сүйсініп жейтін кәдімгі тәтті. Түрі тартымды, бағасы арзан. Алайда дәл осындай белгісіз өнімдердің артында не тұрғанын көпшілік ойлана бермейтіні өкінішті. Қауіп – қалтаға салмақ салмайтын бағасында емес, құрамында болып тұр. Бүгін біз бала денсаулығына тікелей қауіп төндіруі мүмкін сапасыз тәттілер мәселесіне үңіліп көрдік.

Соңғы уақытта сауда сөрелерінде құрамы түсініксіз, қаптамасында қазақша да, орысша да толық ақпарат жоқ тәтті өнімдер көбейген. Әсіресе, шетелден, оның ішінде Қытайдан жеткізілетін кейбір арзан тәттілердің қауіпсіздігі көпшілікті алаңдатып отыр. Себебі мамандар мұндай өнімдердің құрамынан адам ағзасына зиянды түрлі қоспалар табылуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.

Осыдан бірнеше ай бұрын аудан әкімі Ернар Есіркепов Құлан ауылдық округінің тұрғындарымен кездесу өткізген болатын. Сол жиында белсенді аналардың бірі – Жадыра Көмекқызы балалар денсаулығына тікелей қауіп төндіретін осы бір өзекті мәселені көтерді. Ол сауда орындарында құрамы белгісіз, сапасы күмән тудыратын тәттілердің еркін сатылып жатқанын айтып, нақты шара қабылдауды сұрады.

Ананың бұл жанайқайы аяқсыз қалған жоқ. Мәселе аудан әкімінің бақылауына алынып, қоғамдық қабылдауларда бірнеше рет талқыланды. Тіпті  аудан әкімінің тойхана және дүкен иелерімен өткізген кездесуінде де қайта көтеріліп, кәсіпкерлерге ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Нәтиже жоқ емес, бар. Бүгінде күмәнді өнімдер сөрелерден алына бастады. Бұл – билік пен халық арасындағы байланыстың, көтерілген мәселенің нақты әрекетке ұласуының айқын дәлелі.

Сала мамандарының айтуын­ша, сауда орындарында тексеру жұмыстары тек түскен шағым негізінде ғана жүргізіледі екен. Яғни егер тұрғындар үнсіз қалса, күмәнді өнімдер саудада қала беруі әбден мүмкін. Сондықтан әрбір ата-ананың, әрбір тұтыну­шының қырағылығы – аса ма­ңызды. Бұл туралы аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Жандос Иманбеков кеңінен әңгімелеп берді.

– Заң – бәрімізге ортақ. Сон­дықтан да оған бағыну баршамыздың міндетіміз. Егер де қандай да бір дәл осындай кемшіліктерді үйіңіздің маңын­дағы дүкендерден байқасаңыз, қажетті дәлелдермен (фото, видео және чек) бізге келіңіз. Біз өзімізге бекітілген міндеттер шеңберінде жұмыстар атқаратын боламыз, – деді бізге берген сұхбатында.

Мамандар шетелден әкелі­нетін кейбір тәттілердің құра­мында адам ағзасына кері әсер ететін бояғыштар, қоспалар мен рұқсат етілмеген заттар кездесуі мүмкін екенін де ескертеді. Әсіресе баланың әлі толық қалыптаспаған ағзасы мұндай өнімдерге өте сезімтал болып келеді екен.

Сапасыз тәттілерге жол жоқ деу – құр ұран емес, нақты әрекет­пен дәлелденуі тиіс. Егер күмәнді өнімді байқасаңыз, санитарлық-эпидемиологиялық қызметке немесе тиісті мекемелерге міндетті түрде шағым білдірген жөн. Осы орайда бізде кәсіп­керлерге де үндеу жасағымыз келеді.

Құрметті кәсіпкер!

Сіз сататын әр өнім – бір бала­ның денсаулығына тікелей әсер етеді. Құрамы күмәнді, сапасы тексерілмеген өнімдерден бас тарту – заң талабы ғана емес, адамгершілік міндет. Бір сәттік пайда бала денсаулығынан қым­­бат болмауы тиіс. Егер де дүкеніңіздің сөресінде дәл осындай өнімдер тұрса, саты­лым­нан алып тастауыңызды өтінеміз.

ТҮЙІН: Әрине бала – бар­шамызға ортақ аманат. Оның қауіпсіздігі мен бола­шағы үшін қоғам да, билік те жауапты. Алайда бала ден­сау­­лығына ең алдымен ата-ана жауапты екенін естен шы­ғар­маған жөн. Әр алынған тәт­ті, әр таңдалған өнім – бала­ның ертеңгі денсаулығына әсер етеді. Сондықтан да ата-ана­­ларды сауда барысында қап­тамадағы ақпаратқа мән беруге, өнімнің шығу тегін тек­­серуге, күмәнді тәттілерден бас тар­туға шақырамыз.  Бала­­ның қуанышы – тәттінің көптігінде емес,  қауіпсіздігінде екенін ұмытпаңыз.

 

Жәнібек БАЗЫЛБЕК.

Поделиться ссылкой: