Жылыту маусымы мен су тасқынының алдын алу
Жылыту маусымы мен су тасқынының алдын алу
Осы аптада аудан әкімі Ернар Есіркеповтің төрағалығымен аппараттық кеңес өтті. Кеңесте екі мәселе қаралды. Алғашқы мәселе бойынша аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Медет Әденов жылыту маусымының өту барысы туралы баяндады.
Медет Әденов ағымдағы жылыту маусымында 74,9 миллион теңгеге келісімшарт жасалып, әлеуметтік нысандарға қажетті 2 815 тонна көмірдің аудан аумағына толықтай жеткізілгенін атап өтті. Сондай-ақ, тұрғындардың тұтыну деңгейін толық қанағаттандыру мақсатында ауданға 800 тонна қатты отын жеткізілгенін айтты. Бүгінгі күнге дейін оның 510 тоннасы сатылған. Теміржол тұйықтарында әлі де 300 тоннаға жуық көмір қоры бар.
Жиын барысында жылыту маусымындағы қауіпсіздік мәселесі де қозғалды. Медет Әденов жылумен қамтамасыз ету ісіне жауапты кейбір мамандардың қарапайым қауіпсіздік қағидаларын өрескел бұзып отырғанын айтып, қазандықтарға жауапты басшыларға айтылған сын-ескертпелерді ескеруді сұрады. Аудан әкімі бұл бағытты жан-жақты зерделеу үшін комиссия жұмысын жандандыру қажеттігін атап өтті.
Медет Әденов аудан әкіміне «Құлан Энерго Жылу» мекемесі көрсететін қызмет тарифін көтеруге ықпал етуді және мекемеге тиесілі қазандықтарға жылу есептегіш құралдарын орнату бойынша хаттамалық тапсырма беруді сұрады. Аудан әкімі бұл мәселелерді жан-жақты қарастырып, жауапты басшыларға нақты хаттамалық тапсырмалар жүктеді.
Апат айтып келмейтіні белгілі. Осыған байланысты көктемгі су тасқынына дайындық жұмыстарын аудан әкімдігі өткен жылы тыңғылықты түрде жүргізген. Бұған Абай ауылдық округінде атқарылған жұмыстарды мысалға келтіруге болады. Дегенмен аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Нұрболат Қадірханов бірқатар кемшіліктердің әлі де бар екенін айтып, кейбір ауылдық округтердегі олқылықтарды слайд арқылы көрсетті. Баяндаманы мұқият тыңдаған аудан басшысы анықталған кемшіліктерді қысқа мерзімде жоюды ауыл әкімдеріне тапсырды.
Жәнібек Базылбек.
