Жақсыдан әкім қойсаң,  елді түзетер

499 Views

Жақсыдан әкім қойсаң,  елді түзетер  Елбасының Жарлығымен барлық деңгейдегі әкімдердің халыққа есеп беру кездесулерін өткізіп келе жатқанына бірнеше жылдың жүзі болды. Биыл да қалыптасқан үрдіспен аудан әкімі Асқар Қырықбаев ауданда атқарылып жатқан жұмыстарды, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен одан әрі дамыту жолдары туралы халыққа есеп беру кездесулерін бастап кетті. Сәрсенбі күні Қорағаты, Ақбұлақ, Луговой ауылдық округтеріне барып, ауыл тұрғындарымен жүздескен әкімнің есебіне аудан әкімінің  орынбасарлары, бөлім, мекеме басшылары да қатысты.

Аудан әкімі мен Қорағаты ауылдық округі әкімінің 2018 жылдың қорытындысы бойынша халық алдындағы бірлескен есебінде алдымен ауыл әкімі Бақтыбек Әбіләзімов есепті баяндама жасады. Ауыл әкімдерінің округке қарасты елдімекендерге барып, ел алдында есеп берген кездесулерін газетіміздің өткен сандарында жариялағандықтан, оны қайталап жатудың ретін таппадық. Сондықтан, аудан әкімі Асқар Санатұлының баяндамасына көбірек тоқталуды жөн көрдік. Аудан әкімі өз есебінде 2018 жылдың еліміз үшін мерейлі жыл болғанына тоқталды. Оның ішінде ауданымыздың да жетістігі аз болмағанын жеткізді.

– 2018 жыл — ел өміріндегі елеулі оқиғаға толы, тұрақтылық  пен татулықтың жылы болды. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы осы жылы халыққа екі рет Жолдау арнап, ел дамуының бағыт-бағдары мен сапалы өмір сүрудің тетіктерін анықтап, нақты тапсырмалар берді. Әлемге танылған Елордамыздың 20 жылдық мерейтойы атап өтілді. Болашақтың бағдарын айқындайтын «Рухани жаңғыру» жолындағы жұмыстар жалғасын тауып, Елбасының «Ұлы даланың» жеті қыры» атты тарихи мақаласы өмірімізге жол тартты. Отбасылық құндылықты насихаттайтын «Мерейлі отбасы»  ұлттық конкурсында Қазақ ауылынан Ниязқұловтар отбасы Бас жүлдені иеленсе, «Шәушен» шаруа қожалығының басшысы, меценат Сайрамбай Дөненбаев Еңбек ері атанып, ел мерейін үстем етті. Ауылшаруашылығы саласы облыста алдыңғы үздік үш ауданның қатарынан көрінді. Осылайша өткен жыл аудан үшін берекелі де табысты жыл болды,- деген аудан басшысы егін шаруашылығы, салық түсімдері мен балалардың мектепке дейінгі мекемелермен қамтылуы секілді бірқатар индикаторлық көрсеткіштер бойынша ауданымыз облыста алдыңғы қатарда екенін атап өтті.

Әкім есепті баяндамасында даму перспективасы төмен, аудан орталығынан шалғай орналасқан Қорағаты, Бәйтелі ауылдарына келесі жылы тегін газ кіргізу үшін алдағы көктемде жобалық сметалық құжаттары дайындалатынын сөз етті. Сондай-ақ, ағымдағы жылы Қорағаты ауылынан ағылшын тілін тегін оқытатын орталық ашылатынын айтып, ауыл жастарын қуантты. Биыл Қорағаты ауылының үш көшесі асфальтталатыны да есепті баяндамада айтылды. Бұған қоса әкім ауыл мешітінің құрылысын да демеушілердің көмегі арқылы аяқтап беруге уәде берді. Осындай әлеуметтік маңызы жоғары мәселелерді қозғап, оның шешілу жолдарын атап өткесін бе, халықтың қошеметі ерекше көрінді. Жиындағы жалқы мәселені ауыл тұрғыны Ержан Расилов көтерді. Ол «Қорағаты» ЖШС-нен бөлініп шығып, өз алдына шаруа қожалығын құрған. Алайда, әлі күнге өзіне тиесілі жерді рәсімдей алмай жүр екен. Мәселенің мән-жайына қаныққан аудан әкімі аталған түйткілдің түйінін сол арада-ақ тарқатып берді.

Ақбұлақ ауылдық округіне қарасты Р.Сәбденов ауылында өткен жиында да ауыл тұрғындары аудан әкімінің іскерлігіне қол соқты. Себебі, неше жылдан бері жергілікті жұрттың шешімін таба алмай жүрген басты мәселесі ауыз су болатын. Жиында оның жобалық құжаттамасы дайындалып, сараптамаға жолданғаны айтылды. Көше жолдары да көптің көкейінде жүрген көп түйткілдің бірі еді. Аудан әкімі оны да тілге тиек етті. Атап айтқанда, биыл Р.Сәбденов ауылының төрт көшесі,

 Бәйтелі мен Қызылшаруа ауылдарының екі-екіден көше жолдары жөндеу көреді. Жиылған жұрттың көңілін көтерген  жағымды жаналықтың  бірі келер жылы Қызылшаруа ауылынан мәдениет үйінің бой көтеретін болды.

Аудан орталығы саналатын Құлан ауылынан кейінгі халық саны көп ауыл – тоғыз жолдың торабындағы Луговой ауылы. Ауылдық мәдениет үйінде өткен есепті жиынға келген тұрғындардың қарасы аз болған жоқ. Асқар Санатұлының луговойлықтарға да дайындаған «тосын сыйы» бар екен. Бұйыртса, ауылда спорт кешені салынады. Биыл ауыз су кіреді. Бүгінде су құбырлары толықтай тартылып бітті. Бұдан өзге де ауқымды жұмыстардың атқарылғанын ауыл әкімі Мұратбек Сванов пен аудан әкімі Асқар Қырықбаевтың есепті баяндамаларынан естідік. Ауылдың тоғыз көшесі жөндеуден өтіп, төртеуі асфальтталса, бесеуіне шағал тас төселмек. Ауылдағы Кеден бекетінің ғимараты ауылдық емханаға беріледі. Тұрғын үй салуға жер алғысы келгендер, ауыл әкімдігіне келіп кезекке тұра алады. Қазір ауылдың бас жоспары жасалып, инфрақұрылымы жүргізілуде.

Біздің бір байқағанымыз, ауылдардың тұрмыстық, әлеуметтік мәселелері бұрынғымен салыстарғанда көш ілгері. Көбі шешімін тауып, азы қалған. Оның өзін аудан әкімі алдағы бір-екі жылдың жүзінде шешуге уәде беріп отыр. Сондықтан болар, ақбұлақтықтар да, луговойлықтар да әкімге сауал жолдап, жауап күтіп жатпады. Керісінше, өз ризашылықтарын білдіріп, оң баға берді.

Мереке ЕРЖАНҰЛЫ.

Поделиться ссылкой: