23 маусым – Қазақстан полициясы күні

15 Views

Аудандық полиция бөлімінің кәмелетке
толмағандар істері жөніндегі полиция
инспекторы, полиция капитаны Гүлжан
Ниязқұлова біздің газетке мақалалар жазып
тұрады. Әрдайым еселі еңбек етіп, халыққа
қалтқысыз қызмет атқарып жүрген
полиция капитаны Гүлжан Ниязқұлованың
балалар тақырыбына арнап жазған
туындыларын полиция күні қарсаңында
жариялауды жөн көрдік.

Таудағы табиғат

(Ертегі)

Тау басынан күн көтеріліп, сәулесін шаша
бастағанда, аппақ үлпек қарға оранған тау
жоталары жалт-жұлт еткен ғажайып көріністе
болады. Бейне бір, аспаннан жұлдыздар қармен
бірге төгіліп түскендей. Адам іздері түсе бермейтін
тау табиғатында тек аң-құстардың іздерін ғана
көресің. Әне, аппақ қардың үстіне ақ қоян өзінің
іздерін салып жортып барады. Қызық. Қайда
жортып барады екен?
Мұны тау етегінде тамырын терең салып,
бұталарын кең жайған жабайы алма ағашы да
білгісі келіп тіл қатты.
– Күн көтерілмей қайда жортып барасың? –
деді.
– Мен… Мен анау биікте өсіп тұрған шыршаға
барамын. Ол өте сұлу, қылқан жапырақтары қою-
қалың. Мынадай суықта түбінде ықтап жатуға да
болады, – деді.
– Келсеңші. Менің де қасымда біраз кідіре тұр,
– деді алма ағашы. Қоян болса:
– Жоқ. Сенің бұталарың жел тұрса маған үрей
туғызады. Сондай сұрықсыз. Ал, анау шырша
жазда да қыста да жап-жасыл әдемі. Маған пана
болып, жасырынуға болатын пайдасы да бар, –
деді.
Мұны естіп тұрған, қарға;
– Әй, қоян. Алманың дәмін татуға жазда
келмеуші ме едің? Бұл ағаш қыста демалып,
бойына күш жинап жатыр. Себебі жазда атқарар
жұмысы көп. Бүр жарып, гүл атып, жеміс салып,
осы айналадағы көптеген жан-жануар, аң-
құстарға жемісінен дәм татқызуы керек. Құр
сұлулықтан гөрі, көпшілікке берер пайданың
маңызы үлкен. Мен де, менің балапандарым да
осы алма ағашынан дәм татып, риза боламыз, –
деді.
Қоян ұялғанынан:
– Кешірші, алма ағашы. Менікі жөн болмады.
Мен де сенің жемісіңнен дәм татқан кезім болған,
– деді де әрі қарай өз жолына жорта кетті.

Ғажайып
мысық

(Ертегі)

Қ ы с т ы ң қ ы рауытқан
күндерінің
бірінде
кенеттен үй алдына
кішкентай сары тарғыл
марғау пайда болады. Бұл үйдің екі ақылды
қыздары бар еді.
Қыстың аязды суығында үстін қар басқан
марғауды көрген қыздар үйлеріне кіргізгілері
келеді. Алайда, қыздардың анасы қарсы болады.
Ақылды қыздар анасын көндіру үшін тақпақ
ойлып тауып:
– Байқұс мысық бар екен,
Үсті-басы қар екен.
Айтшы, неге анашым?
Кең үйдің іші тар екен?, – дейді.
Мұны естіген анасы, қыздарының сөз тауып
кеткеніне күлімдей қарап, марғауды үйге кіргізуге
рұқсат береді.
Аппақ қардың үстінде бүрісіп отырған,
үлпілдек жүндерін ақ қырау қар басқан марғауды
үйге алып кіргені сол еді, таңғажайып көрініс орын
алды. Бойын жазып, үстіндегі ақ қарды сілкіп-
сілкіп түсірген марғау, ақ інжу-маржан тастарды
шашып жібереді. Марғаудың үстіндегі ақ қырау
қарлар ақ інжу-маржан асыл тастарға айналады.
– Мынау ғажайып қой, – дейді қыздар. Ал
анасы болса:
– Мен мысыққа қалай сүт тауып беремін деп
қиналып едім, міне бұл марғау құт-берекесімен
келді, – дейді де оған ыдыстың түбінде қалған
сүтті сарқып құйып береді.

Поделиться ссылкой:

Добавить комментарий