ЕНДІ ОЛ – Құрметті демалыста
Адам көп әрине. Бірақ адамдық
қалыпты сақтай білген, үлкенге де,
кішігі де сыйлы, өз ұстанымдарына
берік адамдар аз қазір. Зейнетке
шықса да қоғамдық жұмыстарға
белсене араласқан, өз қызметіне адал
болған, сол себепті де оны кейінгі
толқын інілері сыйлап тұратын
Тұрар Рысқұлов аудандық ардагерлер
ұйымының төрағасы, отставкадағы
полиция майоры Жақсығұлов Еділхан
Бегалыұлы шілде айының 11-нен бастап
құрметті демалысына шықты. Еділхан
Бегалыұлы жаны жайсаң – жайдары
адам. Өзінің ақеділ көңілі мен адал
атқарған жұмысының арқасында
көптеген марапаттар да иеленді. Ол
Қазақстан Республикасы Ішкі істер
министрлігінің құрметті ардагері,
Жамбыл облысының құрметті
ардагері, «Жамбыл облысына және
Тұрар Рысқұлов ауданына еңбек
сіңірген» деген төсбелгілердің иегері,
сондай-ақ, ішкі істер органдарында
көп жылғы мінсіз қызметі үшін түрлі
медаль, марапаттар алған адам.
Мемлекет басшының «Заң мен тәртіп» қағидатын негізге ала
отырып, қоғамдық жұмыста да біраз
шаруа атқарған Еділхан Бегалыұлына
аудандық полиция бөлімінің бастығы
Мадияр Қуанышбеков те ризашылығын
білдіріп, иығына шапан жауып,
алғысын жеткізді. Жетпіс жастан
асса да қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, жастарға үлгі болып, елдің
ынтымағы мен берекелі бірлігінен
асқан бақыт жоқ екенін үнемі айтып
жүретін Еділхан Бегалыұлы әрқашан
қандай да болса құрметке лайық.
Себебі ол – жақсы адам.
ӨЗ ТІЛШІМІЗ.
