Шоқ тілді Шона
41 ViewsӨткен сәрсенбіде Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде белгілі сатирик Шона Смаханұлының 100 жылдығына орай Басқар Битанов атындағы халықтық театр ұжымының ұйымдастыруымен «Жүз шымшыма»…
СУЫТ ХАБАР
ХАЛЫҚТЫҢ ҚАБЫРҒАСЫН ҚАЙЫСТЫРДЫ
Дүйім жұртты дүр сілкіндірген оқиға Астана қаласындағы Сарыарқа ауданына қарасты Көктал-1 ықшам ауданында орналасқан жер үйде орын алды. Шағын баспанада болған өрттің салдарынан бір үйдің бес бірдей қызы қаза тапты. Өрт түнгі сағат екі жарымдар шамасында тұтанып, баспананың шатырын ортасына түсірді. Бұл уақытта 2006- 2018 жылдар аралығындағы Альбина, Алина, Элина, Сабина, Бақыт есімді бес періште шырт ұйқыда жатқан. Бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған ақпараттарға сүйенсек, қыршын кеткен балалардың ата-анасы осы үйді төрт жылдан бері паналап келіпті. Қайғылы оқиға орын алған сәтте олар жұмыста болған екен. Естігенде тұла бойын тоқ ұрғандай күй кешіп, зар еңіреп жылағанда етегі жасқа толған болар. Тас жүрек адам болмаса бар баласынан бір түнде айырылған ата-ананың зарына ешкім шыдас бере алмас. Адам түгілі ауыр қайғыдан қара жер қақ айрылып, қара аспан күңіренген шығар-ау?..
Әлеуметтік желілерде жазылған жазбаларды оқығанда сай-сүйегің сырқырайды. Қаралы хабарға қабырғасы қайыспаған халық жоқ. Сейсенбі күні Астана халқы бейкүнә бес перзентті ақтық сапарға шығарып салып жатқанда, өзге өңірлердің халқы да қарап жата алмады. Еліміздің әр түпкірінде балалардың рухына құран бағышталып, тұтас қазақ елі аза тұтты. Осы күні Елбасы қайғы жамылған отбасыға қайғырып көңіл айтты. Ал, Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Үкімет отырысында төтенше жағдай қызметкерлерінің жұмысын сынға алды. – Тексерушілер жеке үйлерге өрт қауіпсіздігін тексеруге келген кезде «Ештеңе тексермей-ақ қояйын, ақша берсең кете береміз» дейді екен. Мәселенің бәрі осыдан басталып отыр. Бұған баса көңіл аударыңыздар. Қатаң талап болуы керек. Сонда ғана мұндай қайғылы жағдайға жол бермейміз» деп атап өтті. Осы пікірді ел тұрғындарының көпшілігі қолдап отыр. Халық тіпті өрт сөндірушілердің оқиға орнына кешігіп келетіндерін, ерте келген күннің өзінде кейде көліктерінде су болмайтынын айтуда. Осындай салғырттықтың салдарынан өртенген үй-жайдың түгі қалмай, күлге айналатыны, төтеншеліктер болса бар кінәні өрт шыққан үйдің егесіне артып, айыппұл салып кететіні ара-тұра айтылып қалады.
Қалай десек те, Астанадағы өрт оқиғасы қарапайым халық үшін де, төтеншеліктер үшін де өмірлік сабақ болғаны анық. Төтенше жағдай қызметкерлері енді әр тұрғын үйге барып, өрт қауіпсіздігіне байланысты тексеріс жүргізіп, түсіндіру жұмыстарын жиілетсе, тұрғындар да өз өмірлері мен отбасы мүшелерінің амандығы үшін жылыту пештерін жиі-жиі қадағалап, сақтық танытқаны жөн. Себебі, сақтықта қорлық жоқ.
Мереке СЕЙДАШЫМ.