Қасиеттің асылы – жомарттық, кең пейілділік
Қасиеттің асылы – жомарттық, кең пейілділік
Жомарттық, кең пейілділік – ол адамға қызмет қылып, жақсылық жасауға пейілді жанға тән сипат. Жомарт болу – өзіңде барды зәру адаммен шын жүректен бөлісу. Осыған орай, Ақтоған шағын орталықты орта мектебінде әр түрлі санаттағы отбасы балаларына көмек көрсету мақсатында «Қамқорлық» қайырымдылық акциясы ұйымдастырылып, демеушілер тарапынан мектепте әлеуметтік жағынан аз қамтылған 43 оқушыға 65000 теңге көлемінде қайырымдылық көмек көрсетілді. «Луговой жылқы зауыты» ЖШС директоры А.Аксамбиева, директордың орынбасары А.Г.Линник мектеп жанындағы интернаттың 32 оқушысына және үйден оқыту сыныбының 5 оқушысына тәтті салынған қораптағы сыйлықтарды табыс етті. Мектепте айлық барысында «Жақсылық – жан азығы» атты жәрмеңке өткізіліп, түскен қаражатқа тұрмысы төмен, даму мүмкіндігі шектеулі сынып оқушыларына күнделікті мектепке қажетті заттар алынып берілді. Жеке кәсіпкер А.Асемов қаржылай көмек қолын созып, бір оқушыға қыстық жылы куртка әперді.
Аялы алақанымызды, қол ұшымызды созып, қайырымдылық жасап, көмек қолын күткен әрбір жанның жүрегіне жылылық ұялатып, өмірге деген көзқарасын өзгерту – барлық азаматтың борышы. Ендеше, болашақ ұрпақ бақытты болсын десек, бір-бірімізге қолдан келер қамқорлығымызды аямайық, ағайын!
Г.ҚУАНТАЕВ,
Ақтоған шағын орталықты орта
мектебінің әлеуметтік педагогы.