Ислам және отбасы берекесі
Отбасы тыныш әрі тату болса, ол жерде береке болады. Отбасы тыныштығы маңызды нәрселердің бәріне жатады. Жаратушымыз Құранда:
«Сендерге, оған тұрақтауларың үшін өз жыныстарыңнан жұбайлар жаратып, араларыңа сүйіспеншілік, мейірімділік пайда қылғандығы да оның белгілерінен. Сөз жоқ, осыларда ойланған елге белгілер бар», -деп баяндайды. (Рұм сүресі, 21 аят)
Жанұяда кейде қате-кемшіліктер болып жатады. Адамдар мейір-махаббат арқылы жанұядағы түрлі қателіктерді кешіре білуі керек.
Ибн Аббас р.ғ. Пайғамбарымыздан с.ғ.с. риуаят етеді, Алла Елшісі с.ғ.с. айтады: «Кішілерімізге рақымдылық танытпаған, үлкендерімізге құрмет жасамаған, жақсылыққа бұйырып, жамандықтан қайтармаған адам бізден емес». Кешірімді болу дінімізде жақсы деп танылған сипаттардың біріне жатады. Өзгені кешіру нәпсіге ұнамаса да, бұл үлкен бүліктердің алдын алады, әрі тыныштыққа кепілдік болады.
Ислам шариғаты жанұяда дәйім ауызбіршілік сақталуын, киелі ақ некені түрлі жағдайлардан абайлап сақтауын талап етеді. Өйткені татулық сақталмаса ерлі-зайыптылардың ажырап кетулеріне әкеп соғады. Хадис шәріпте Пайғамбарымыз с.ғ.с.: «Өз отбасыларыңмен татулықта өмір сүріңдер, мен де өз отбасыммен татулықта қарым-қатынаста болып жасағанмын» дейді. Кейде жастарымыз құр бекер пайдасыз сөздерге сеніп, арзымайтын нәрселерден шешім шығарып, соңында «талақ» сөзі нің мағынасын білмесе де тілге тиек етіп отбасыларының шырқын бұзып жатады. Ері арақтан, әйелі интернеттен (түрлі өсек, қаңқу әңгімелер) көз ашпайтын шаңырақтардың да талай шайқалғандығын көз көрді. Талақ демекші, талақ сөзі өте ауыр сөз, сондай-ақ, ол сөз Алланың ашуын келтіретін сөз. Біле білсек адам ашуланғанда да ақылынан адасады.
Дана Абай: «Адамның адамшылдығы ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» деп айтқандай, отбасының тірегі болған ерлі-зайыптылар ең әуелі өздері өз шаңырағына үлгілі бола білу керек. Айта берсе көп, тіпті ене мен келін арасындағы жақсы байланыста отбасының татулықта болуы үшін маңызды. Тыныштық ең басты рөл атқарады әрбір жанұяда. Отбасы құрған адам жақсы өмір сүрсем деп ниеттенеді. Жұбайы мен перзенттеріне өз мейірімін төгуге әрекет жасайды. Өзінің ошағын қасиетім, жанұясындағы мүшелерді көзінің қарашығы деп санайды. Иманды әке мен намысты анадан салихалы ұрпақтар өмірге келеді. Олар да болашақтан жақсы үміт күтіп, ізгілікпен ғұмыр кешеді. Қандай да жақсы отбасының тәлім-тәрбиесі қоғамға да, мемлекетке де өз әсерін берері сөзсіз. Сол үшін де үлкендеріміз «Болашақ – жастардың қолында» деп бекер айтпаған болар. Саңлақ сахаба Әбу Дарда р.ғ. бірде өзінің әйеліне былай деген екен: «Ашуым келгенде мені разы қылуға, көңілімді көтеруге әрекеттен, сенің ашуың келгенде мен де сені разы қылуға ұмтылайын. Әйтпесе, олай жасамайтын болсақ, екеуміздің бірге ғұмыр кешуіміз (жанұяны сақтап қалуымыз) екіталай».
Баршамызға мәлім болғандай, «Әссәләму алайкум» яғни «Сізге тыныштық пен амандық тілеймін» деген сөздің түпкі мағынасының өзі баршамыздың тыныштық нығметінің қадіріне жетуімізге үндейді.
Имам Матуриди өзінің бір сөзінде: «Тыныштық қаласаң, ешкімге жамандық қылма» дейді.
Сондықтан құрметті оқырман! Отбасылық тәлім-тәрбиені сақтайық. Ол арқылы ұлттың ең негізгі құндылығы болған тілімізді, руханиятымызды сақтайық. Өйткені отбасы перзенттеріміздің шыр етіп дүниеге келген сәттен бастау алатын тәлім-тәрбие мектебі. Отбасы мүшелерінің бір-біріне деген қамқорлығы мен сүйіспеншілігі арқылы әрбір адам өз өмірін мәнді және мағыналы ете алады. Мақаламызды түйіндей келе айтарымыз, әр шаңырақта түсіністік пен татулық салтанат құрған кезде ғана қоғамда тұрақтылық пен береке нығая түседі. Өйткені отбасы тыныштығы – қоғамның тыныштығы. Бір жиында бір ағамыздың «Мықты отбасы – мықты мемлекет» деген сөзін құлағым шалып еді. Айтылған сөзді саралап, терең ойлап қарасаң, өте дұрыс айтылған сөз. Отбасылырымыз татулық пен тыныштықта жасай берсін!
Қуаныш ТҮЗЕЛБЕКОВ,
аудандық «Сұлтан»
мешітінің имамы
