СИРЕК ҚОР — ЦИФРЛЫҚ КЕҢІСТІКТЕЦИФРЛЫҚ КЕҢІСТІКТЕ

22 Views

КІТАПХАНА – ҒАСЫРЛАР ҚОЙНАУЫНАН ЖЕТКЕН РУХАНИ МҰРАНЫ САҚТАП, ОНЫ КЕЛЕР ҰРПАҚҚА ЖЕТКІЗЕТІН ҚАСИЕТТІ ОРДА. КІТАП СӨРЕЛЕРІНДЕ ТҰРҒАН ӘРБІР БАСЫЛЫМНЫҢ ӨЗІНДІК ТАРИХЫ, ТАҒДЫРЫ, ТАҒЫЛЫМЫ БАР. ӘСІРЕСЕ УАҚЫТ ӨТЕ КЕЛЕ СИРЕП, ҚҰНДЫЛЫҒЫ АРТА ТҮСЕТІН КӨНЕ ЖӘНЕ СИРЕК КЕЗДЕСЕТІН КІТАПТАР – ҰЛТТЫҚ МӘДЕНИ МҰРАМЫЗДЫҢ АСА МАҢЫЗДЫ БӨЛІГІ.

Қазіргі таңда кітапхана саласында ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуына байланысты дәстүрлі кітап қорын сақтаудың жаңа тәсілдері қалыптасып келеді. Солардың бірі – сирек қордағы құнды басылымдарды цифрландыру. Бұл бағыттағы жұмыстар кітаптарды физикалық тұрғыдан сақтаумен қатар, олардың мазмұнын кең көлемде оқырман қауымға ұсынуға мүмкіндік береді. Сондықтан сирек кітаптарды сақтау, зерттеу және келешек ұрпаққа жеткізу – кітапхана саласындағы маңызды міндеттердің бірі. Бүгінде ақпараттық технологиялардың мүмкіндігін пайдалана отырып, мұндай рухани мұраны цифрлық форматта сақтау жұмыстары да қарқынды жүргізілуде.
Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында кітаптардың түпнұсқасының сақталуын қамтамасыз ету, олардың мазмұнын болашақ ұрпаққа жеткізу және оқырмандар үшін қолжетімділігін арттыру мақсатында «Қасиетін жоймаған құнды кітаптарды цифрлау» жобасы жүзеге асырылуда. Жобаның негізгі мақсаты – кітапхана қорындағы тарихи, ғылыми және мәдени маңызы жоғары басылымдардың электрондық нұсқасын қалыптастыру арқылы оларды ұзақ уақыт сақтап, кең көлемде пайдалануға мүмкіндік жасау.
Бүгінгі таңда жоба аясында 363 дана кітап цифрландырылды. Цифрландырылған басылымдар Қазақстандық Ұлттық Электрондық кітапхананың (ҚазҰЭК) ақпараттық жүйесінің базасына және кітапхана сайтына енгізілді.
Бұл жұмыстар сирек кітаптардың түпнұсқасын сақтауға ғана емес, оларды қашықтан пайдалануға мүмкіндік беріп, кітапхана қорындағы құнды мұраның қолжетімділігін арттыруға жол ашып отыр.
Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының сирек қорында ұлы ақын, жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың шамамен 80 жыл бұрын Алматы мен Мәскеуде жарық көрген 7 құнды басылымы сақтаулы. Аталған кітаптар – ақынның шығармашылық мұрасын кейінгі ұрпаққа жеткізетін тарихи әрі әдеби маңызы зор рухани жәдігерлер. Олар Жамбылдың халық тарихын, елдік рухты, адамгершілік құндылықтарды жырлаған мол мұрасын танытуда маңызды орын алады. Сирек кітаптардың түпнұсқасын сақтау және оқырманға қолжетімділігін арттыру мақсатында Жамбыл Жабаевтың құнды басылымдары электронды форматқа көшірілді. Бұл олардың физикалық сақталуын қамтамасыз етіп қана қоймай, ақын мұрасын заманауи цифрлық технологиялар арқылы кеңінен насихаттауға мүмкіндік береді.
Цифрландырылған басылымдарды оқырмандар қашықтан пайдалана алады. Жамбыл Жабаевтың құнды шығармалары мобильді қосымшада да қолжетімді, бұл оқырмандарға ақынның мол мұрасымен кез келген уақытта танысуға мүмкіндік береді. Осылайша өткен ғасырдан жеткен Жамбыл мұрасы бүгінгі цифрлық кеңістікте жаңғырып, заманауи технологиялар арқылы оқырман қауымға ұсынылып, болашақ ұрпаққа жол тартуда. Сирек кітаптар уақыт өте келе табиғи тозуға ұшырайды. Қағаздың ескіруі, сыртқы орта әсері және жиі қолданылуы олардың физикалық жағдайына кері әсер етуі мүмкін. Осы тұрғыдан алғанда, цифрландырудың маңызы зор. Электрондық көшірме арқылы оқырман қажетті ақпаратпен таныса алады. Ал түпнұсқа басылым арнайы жағдайда сақталып, өзінің тарихи құндылығын жоғалтпайды.
Цифрландыру нәтижесінде кітапхана қорының сақталуы мен қолжетімділігі қатар қамтамасыз етіледі. Бұл әсіресе ғылыми зерттеушілер, әдебиеттанушылар, тарихшылар, студенттер, оқушылар және өлкетанушылар үшін үлкен мүмкіндік. Қазіргі кітапхана – тек кітап сақтайтын орын емес, білім мен ақпараттың, мәдениет пен технологияның тоғысқан ортасы. Сирек кітаптарды цифрландыру арқылы кітапхана ғасырлар қойнауынан жеткен рухани мұраны қазіргі оқырманға жақындатып, оны болашақ ұрпаққа жаңа форматта ұсынуда. Бүгінде цифрланған 363 басылым – осы бағыттағы атқарылған жұмыстардың нақты нәтижесі. Ал кітапхана қорындағы Жамбыл Жабаевтың 80 жыл бұрын Алматы мен Мәскеуде жарық көрген 7 басылымы секілді құнды мұраларды электрондық форматқа көшіру – тарихи жәдігерлерді сақтаудың маңызды қадамы болмақ.
Ұлы ақынның: «Менің өмірім – менің жырым» деген тағылымды сөзі оның шығармашылық мұрасының халықпен бірге жасай беретінін аңғартады. Жамбылдың жырларын цифрлық кеңістікке шығару арқылы біз ақын мұрасын жаңа буынға жаңа мүмкіндікпен таныстырамыз.
Сирек кітаптарды цифрландыру – жай ғана техникалық жұмыс емес. Бұл – ұлттық рухани мұраны сақтау, тарихи жадымызды жаңғырту және ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз ету жолындағы маңызды мәдени жоба.Бір ғасыр бұрын басылған кітаптың бүгінгі күні цифрлық форматта оқырман қолына жетуі – өткен мен болашақтың арасындағы алтын көпір іспетті. Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы алдағы уақытта да сирек және құнды басылымдарды цифрландыру жұмыстарын жалғастырып, рухани мұраны заманауи технологиялар арқылы кеңінен насихаттауды көздейді. Кітап сақталса – тарих сақталады. Тарих сақталса – ұрпақ сабақтастығы жалғасады. Ал цифрландырылған әрбір құнды кітап – болашақ ұрпаққа қалдырылған рухани аманат.
Эльмира АБДИНОВА,
Шоқан Уәлиханов атындағы
облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының
директоры.

Поделиться ссылкой:

Добавить комментарий