ТӘУЕЛСІЗДІК – БАҒА ЖЕТПЕС ҚҰНДЫЛЫҚҚҰНДЫЛЫҚ

6 Views

Биыл Қазақстан үшін ерекше жыл. Себебі азаттығымыздың ақ таңы атып, дербес мемлекет ретінде көк туымыз бейбіт аспанымызда еркін желбірегеніне, тәуелсіздік алып, еркін тыныстағанымызға 35 жыл толып отыр. Тәуелсіздік – ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсаған арманы. Осы жолда талай батырларымыз аянбай ерлік көрсетіп, елдің азаттығы үшін күресті. Тәуелсіздік – халқымыздың жеке шаңырақ құрып, өз алдына дербес мемлекет болып, өз тағдырын өзі айқындауға мүмкіндік алған тарихи жетістігі. Алайда тәуелсіздік бізге оңай келген жоқ.
Кеңестік кезеңде қазақ халқы көптеген қиындықтарды бастан өткерді. Ұлттық тіл мен мәдениеттің дамуына шектеулер қойылып, халықтың әлеуметтік жағдайы да күрделі болды. Осындай тарихи оқиғалардың бірі – 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі. 1986 жылы Алматы қаласында қазақ жастары алаңға шығып, өздерінің азаматтық ұстанымдарын білдірді. Желтоқсан оқиғасы кезінде жастарға күш қолданылып, көптеген студенттер қудалауға ұшырады. Олардың қатарында Қайрат Рысқұлбеков, Ербол Сыпатаев, Ләззат Асанова, Мырзағали Әбдіқұлов сынды азаматтар бар. Олар ел тарихында азаттық жолындағы күрестің символына айналды. 1991 жылы Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялады. Бұл – халқымыздың сан ғасырлық арманының жүзеге асқан тарихи сәті еді. Тәуелсіздікпен бірге еліміздің мемлекеттік рәміздері бекітіліп, ұлттық валютамыз – теңге айналымға енгізілді. Қазақстанның мемлекеттік шекарасы айқындалып, тәуелсіз мемлекет ретінде халықаралық аренаға шықты.
1991 жыл – тәуелсіз Қазақстан тарихының басталған жылы. Осы кезеңнен бастап еліміздің мемлекеттік институттары қалыптасып, жаңа даму кезеңі басталды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстан түрлі экономикалық және әлеуметтік қиындықтарды бастан өткерді. Соған қарамастан еліміз күрделі даму жолынан өтіп, біртіндеп жаңа белестерді бағындырды. Бүгінде Қазақстан әлемге өзін дербес мемлекет ретінде танытып, болашаққа сеніммен қадам басып келеді.
Тәуелсіздік – кез келген ел үшін баға жетпес құндылық. Егемендік жылдарында Қазақстан көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Соның айқын мысалы ретінде елордамызды атап өтуге болады. Осы жылдар ішінде Астана адам танымастай өзгеріп, заманауи сәулетімен ерекшеленетін көрікті қалаға айналды. Қалада көптеген жаңа нысандар салынып, халықаралық деңгейдегі маңызды іс-шаралар өткізіліп келеді.
Сонымен қатар тарихи Түркістан қаласының да маңызы ерекше. Түркістан – халқымыздың рухани және тарихи мекені. Қазіргі таңда қалаға саяхаттайтын туристердің саны артып келеді. Түркістанға ерекше мәртебе беріліп, тарихи-мәдени мұраларды сақтау мен қорғауға бағытталған жұмыстар жүргізілуде. Қазақстанның тәуелсіздігі ұлттық мәдениетіміздің қайта жаңғыруына жол ашты. Көпұлтты елімізде түрлі этнос өкілдері өзара татулық пен келісімде өмір сүріп келеді. Әр ұлт өзінің мәдениеті мен дәстүрін
Қолыңмен ұстап, жүрекпен сезін!
сақтап қана қоймай, елдің дамуына өз үлесін қосуда.
Отанды сүю, заңды құрметтеу, бірлікті сақтау – әрбір қазақстандықтың азаматтық парызы. Болашаққа сеніммен қарап, алға жылжу үшін халықтың ынтымағы мен жастардың білімділігі аса маңызды. Тәуелсіз Қазақстанның әрбір жетістігі – оның әрбір азаматының жетістігі мен жеңісі. Сондықтан еліміздің болашағына жауапкершілікпен қарау – баршамызға ортақ міндет.
Қазақстанның болашағы – білімді, еңбекқор және отансүйгіш жастардың қолында. Еліміздің дамуына үлес қосу – біз сияқты жастар үшін маңызды міндет. Ол үшін сапалы білім алып, ғылым мен мәдениетті дамытуға атсалысып, қоғамға пайдалы азамат болуға ұмтылуымыз қажет.
Тәуелсіз Қазақстан қай салада болмасын үлкен жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Еліміздің ең үлкен байлығы – халық. Қазақстанда көптеген ұлт өкілдері татулықта өмір сүріп, мемлекетіміздің дамуына өз үлестерін қосуда. Қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде өз мәртебесін нығайтып келеді.
Тәуелсіз елдің болашағы білімді ұрпақтың қолында. Қазақстанда білім мен ғылымды дамытуға ерекше көңіл бөлініп, жастарға көптеген мүмкіндіктер жасалуда. Ендеше осы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, еліміздің ертеңгі болашағына өз үлесімізді қосайық. Бейбітшілігімізді нығайтып, ел алдындағы міндетімізге немқұрайлы қарамайық.
Мен еліммен мақтанамын және оның өсіп-өркендеуіне өз үлесімді қосамын деп сенемін. Азаттықтың ақ таңын бағалап, еліміздің дамуына өз үлесімізді қосайық!
Аружан СЕРІКХАН,
М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің
2 курс студенті.

Поделиться ссылкой:

Добавить комментарий