Қамқорлық пен мейірімге негізделген қызмет
13 ViewsҚоғамның кемелдігі мен мәдениеті оның мұқтаж жандарға деген қарым-қатынасымен, мейірімділігімен өлшенеді. Осы орайда, қиын жағдайға тап болған азаматтарға қол ұшын созып, олардың өмір сүру…
Қоғамның кемелдігі мен мәдениеті оның мұқтаж жандарға деген
қарым-қатынасымен, мейірімділігімен өлшенеді. Осы орайда, қиын
жағдайға тап болған азаматтарға қол ұшын созып, олардың өмір сүру
сапасын жақсартуға үлес қосып жүрген әлеуметтік сала қызметкерлерінің
еңбегі орасан зор. Олардың әрбір күні игілік пен адамгершілік
құндылықтарын дәріптеуге бағытталған. Бүгін біз қоғамымыздағы ең
маңызды салалардың бірі – «Үйде күтім көрсету жағдайында арнаулы
әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік
мекемесінің тыныс-тіршілігі мен атқарып жатқан ауқымды жұмыстары
туралы білу үшін мекеме басшысы Үмбеталы Жандос Сәтімбекұлымен
сұхбаттасқан болатынбыз.
– Жандос Сәтімбекұлы, өзіңіз
басқарып отырған саланың қоғамдағы орны мен маңызына тоқталып
өтсеңіз?
– Әлеуметтік сала – адамға қолдау
көрсетіп, қоғамдағы ізгілік пен адамгершіліктің құндылықтарын дәріптейтін маңызды салалардың бірі. Біздің
басты міндетіміз – адамға қамқорлық
көрсету, оның өмір сүру сапасын
жақсартуға үлес қосу және қоғам
алдындағы жауапкершілікті сезіну.
Әсіресе өмірдің әртүрлі жағдайларына
байланысты өздігінен күнделікті
тіршілігін жүргізуде қиындықтарға
тап болған азаматтарға қолдау көрсету
– біздің орталықтың ең негізгі мақсаты.
– Қазіргі уақытта орталық қанша
адамға көмек көрсетіп жатыр және
жұмыс күші жеткілікті ме?
– Қазіргі таңда біздің орталық
180 қызмет алушыға, яғни көмекке
мұқтаж жандарға арнаулы әлеуметтік
қызметтер көрсету арқылы қолдау
білдіруде. Бұл үлкен жауапкершілікті
30 әлеуметтік қызметкеріміз атқарып
отыр.
– Бұл қызметкерлердің негізгі
міндеттері қандай және олардың
жұмысының ерекшелігі неде?
– Біздің басты мақсатымыз – қызмет
алушылардың күнделікті тұрмысын
жеңілдету, олардың өмір сүру сапасын
арттыру және қоғаммен байланысын
нығайту. Үйде әлеуметтік қызмет
көрсету жай ғана көмек емес, ол әрбір
адамның жағдайына түсіністікпен
қарауды, сабырлық пен мейірімділікті
қажет ететін өте жауапты жұмыс.
Әлеуметтік қызметкерлер қызмет
алушылардың үйлеріне барып, олардың
жеке қажеттіліктеріне сәйкес тиісті
арнаулы қызметтер көрсетеді.
– Олар тек тұрмыстық мәселелермен ғана шектеле ме, әлде психологиялық қолдау да бар ма?
– Тек тұрмыстық мәселелер емес.
Олар қызмет алушылардың тұрмыстық
жағдайын реттеп қана қоймай, көңіл
бөліп, жылы қарым-қатынас орнатуға
да мән береді. Әсіресе жалғыз тұратын қарт адамдар үшін әлеуметтік қызметкердің көмегі ерекше маңызды.
Біздің орталық ұжымы әрбір қызмет
алушының жағдайын ескеріп, оларға
сапалы әрі қолжетімді қызмет көрсетуге күш салады.
– Мұндай маңызды жұмысты
атқаруда маман бойынан қандай
қасиеттер табылуы керек деп
есептейсіз?
– Бұл жұмыста мамандардың
кәсібилігімен қатар, адамға деген
құрметі, жанашырлығы мен жауапкершілігі маңызды рөл атқарады.
Орталық үшін басты құндылық – адам
және оның қадір-қасиеті. Сондықтан
қызмет алушылардың сеніміне ие болу,
олардың қажеттіліктеріне бей-жай
қарамау және әрдайым қолдау көрсету
– ұжымның негізгі міндеттерінің бірі.
– Сұхбатымызды қорытындылай
келе, мекеменің алдағы уақытта
жүзеге асыруды көздеп отырған
қандай ауқымды жоспарлары бар?
Соны білсек дейміз.
– Қамқорлық пен қайырымдылық
бар жерде мейірім бар. Ал мейірімге
негізделген еңбек қашанда құрметке
лайық. Орталық ұжымы алдағы уақытта да қызмет алушыларға қолдау көрсетіп, әлеуметтік қызмет сапасын арттыру жолында адал еңбек ете бермек.
– Сұхбатыңызға көп рақмет! Игі
істеріңізге сәттілік тілейміз.
Сұхбаттасқан
АЙЫМ НҰРБЕКҚЫЗЫ.