ӘКІМШІЛІК СОТ ІСІН ЖҮРГІЗУДЕ СОТҚА ДЕЙІНГІ ШАҒЫМДАНУ ТӘРТІБІН САҚТАУДЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ МАҢЫЗЫ

11 Views

Қазақстан Республикасында азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін мемлекеттік органдардың шешімдерімен,
әрекеттерінен немесе әрекетсіздігінен
қорғау құқықтық мемлекеттің негізгі
қағидаттарының бірі болып табылады.
Мемлекеттік басқару саласында
туындайтын жария-құқықтық дауларды
шешудің тиімді тетігі ретінде Қазақстан
Республикасының Әкімшілік рәсімдікпроцестік кодексі (бұдан әрі – ӘРПК)
әкімшілік рәсімдердің және әкімшілік
сот ісін жүргізудің құқықтық негіздерін
айқындайды.
Әкімшілік сот төрелігінің тиімділігі
тек соттың дауды заңды әрі негізді
шешуімен ғана емес, сонымен қатар
сотқа дейінгі құқықтық қорғау тетіктерінің дұрыс қолданылуымен де тығыз
байланысты. Осы тұрғыдан алғанда,
әкімшілік сотқа жүгінер алдында заңда
көзделген сотқа дейінгі шағымдану
тәртібін сақтау мәселесі ерекше маңызға ие.
1. Сотқа дейінгі шағымдану
тәртібінің құқықтық табиғаты
Сотқа дейінгі шағымдану тәртібі –
әкімшілік органның немесе лауазымды
адамның қабылдаған әкімшілік актісіне,
жасаған әрекетіне, не әрекетсіздігіне қатысты келіспеушілікті сотқа жүгінгенге
дейін жоғары тұрған әкімшілік органның немесе лауазымды адамның қарауына беру арқылы шешуге бағытталған
құқықтық рәсім.
Аталған тәртіптің негізгі мақсаты
– азаматтар мен заңды тұлғалардың
бұзылған құқықтарын қалпына келтіру,
мемлекеттік органдар қызметіндегі заң
бұзушылықтарды сотқа дейін жою және
жария-құқықтық дауларды неғұрлым
тиімді әрі уақтылы шешу.
Сотқа дейінгі шағымдану әкімшілік
органға өзінің бұрын қабылдаған шешімінің заңдылығы мен негізділігін қайта
бағалауға, жіберілген қателіктерді түзетуге және өтініш берушінің құқықтарын
сотқа жүгінбей-ақ қалпына келтіруге
мүмкіндік береді. Бұл ретте сотқа
дейінгі тәртіпті сақтау азаматтың сот
арқылы қорғалу құқығын шектейтін
талап ретінде емес, заңда белгіленген
жағдайларда сотқа жүгінудің міндетті
алғышарты ретінде қарастырылуға тиіс.
2. ӘРПК-нің 91-бабындағы сотқа
дейінгі шағымданудың негізгі
қағидалары
ӘРПК-нің 91-бабы әкімшілік
тәртіппен шағымданудың негізгі
ережелерін белгілейді. Аталған
баптың 1-тармағына сәйкес, әкімшілік
рәсімге қатысушы әкімшілік актіні
қабылдауға байланысты емес әкімшілік
актіге, әкімшілік әрекетке немесе
әрекетсіздікке әкімшілік (сотқа дейінгі)
тәртіппен шағым жасауға құқылы.
Кодексте көзделген жағдайларда әкімшілік актіні қабылдауға байланысты
әрекеттерге немесе әрекетсіздікке де
шағым жасалуы мүмкін.
ӘРПК-нің 91-бабы 5-тармағында,
егер заңда өзгеше көзделмесе, сотқа
жүгінуге сотқа дейінгі тәртіппен шағым жасалғаннан кейін жол берілетіні
белгіленген. Осы норманың мазмұнынан
жалпы қағида туындайды: егер заңда
өзгеше тәртіп көзделмесе, тұлға әкімшілік актіге, әрекетке немесе әрекетсіздікке сот тәртібімен дау айтпас бұрын сотқа дейінгі шағымдану рәсімін
пайдалануға тиіс.
Алайда бұл талапты барлық
әкімшілік істерге ешбір ерекшеліксіз
қолдануға болмайды. Әрбір нақты
іс бойынша даудың сипатын, дау
нысанасын және тиісті саладағы
заңнаманың талаптарын ескеру қажет.
Егер заңда жоғары тұрған органға
алдын ала шағым бермей-ақ сотқа
жүгіну мүмкіндігі тікелей көзделсе,
сотқа дейінгі шағымдану тәртібінің
міндеттілігі туралы жалпы қағида
қолданылмайды. Мұндай жағдайда
ӘРПК-нің 91-бабы 5-тармағында
көзделген арнайы ереже ескеріледі.
Сонымен қатар ӘРПК-нің 91-бабы
6-тармағына сәйкес, жоғары тұрған
әкімшілік орган немесе лауазымды адам
болмаған жағдайда әкімшілік актіге,
әрекетке немесе әрекетсіздікке тікелей
сотта шағым жасалуы мүмкін.
Демек, сотқа дейінгі тәртіптің сақталуын бағалау кезінде сот тек шағымның бар-жоғын ғана емес, оны
берудің заң бойынша міндетті болғанболмағанын да анықтауы қажет.
3. Сотқа дейінгі шағымды беру
тәртібі және оның мазмұны
ӘРПК-нің 91-бабы 4-тармағына
сәйкес шағым, жалпы ереже бойынша,
әкімшілік актісіне, әрекетіне немесе
әрекетсіздігіне шағым жасалатын әкімшілік органға немесе лауазымды адамға
беріледі.
Шағымды алған әкімшілік орган
оны және әкімшілік істі үш жұмыс
күнінен кешіктірмей шағымды қарайтын
жоғары тұрған әкімшілік органға немесе
лауазымды адамға жіберуге тиіс. Егер
осы мерзім ішінде шағымда көрсетілген
талаптарды толық қанағаттандыратын
қолайлы әкімшілік акт қабылданса
немесе тиісті әкімшілік әрекет жасалса,
шағымды жоғары тұрған органға
жібермеуге жол беріледі.
Шағымның нысаны мен мазмұны
ӘРПК-нің 93-бабында реттелген.
Сондықтан шағымданушы өз талаптарын нақты көрсетіп, дауланып отырған әкімшілік актіні, әрекетті немесе
әрекетсіздікті айқындап, келіспеу се бептерін және талаптарын негіздейтін
дәлелдерін көрсетуі қажет.
Сотқа дейінгі шағымның тиісті
органға берілуі және оның заңда белгіленген тәртіппен қаралуы кейін сотқа
жүгіну кезінде маңызды құқықтық мәнге ие болады.
Осыған байланысты талап қоюшы
сотқа дейінгі шағымның берілгенін растайтын құжаттарды, шағымды қабылдау
немесе тіркеу туралы мәліметтерді, сондай-ақ, шағымды қарау нәтижесінде
қабылданған шешімді ұсынғаны жөн.
Сонымен бірге шағымға жауаптың
болмауы әрдайым сотқа жүгінуге кедергі келтірмейді. Нақты жағдайға
қарай шағымды қарау мерзімінің аяқталуы және заңда көзделген құқықтық
салдарлардың туындауы ескерілуге
тиіс.
4. Сотқа дейінгі тәртіпті
сақтамаудың құқықтық салдары
Сотқа дейінгі шағымдану тәртібін
сақтау мәселесі әкімшілік талап
қоюды қабылдау кезінде де, істі сот
талқылауына дайындау барысында да
маңызды.
Егер заң бойынша сотқа дейінгі
шағымдану міндетті болса, бірақ талап
қоюшы бұл тәртіпті сақтамай сотқа
жүгінсе, сот тиісті процестік шешім
қабылдау кезінде ӘРПК-де көзделген
талап қоюды қабылдау және қайтару
негіздерін ескеруге тиіс.
Бұл ретте сотқа дейінгі тәртіптің сақталмағанын анықтау талап қоюшының
құқықтық ұстанымының негізділігін
бағалаудан бөлек жүргізілуі қажет.
Өйткені сотқа дейінгі рәсімнің сақталуы
– даудың мәні бойынша шешілуінен
бұрын анықталатын процестік мәселе.
Алайда сотқа дейінгі тәртіптің
сақталмауы туралы қорытынды нақты
заң талаптарына негізделуге тиіс. Егер
тиісті заң тікелей сотқа жүгінуге мүмкіндік берсе немесе ӘРПК-де көзделген
ерекшеліктердің бірі орын алса, талап
қоюшыдан міндетті түрде жоғары тұрған органға шағым беруді талап етуге
болмайды.
Осылайша, соттың міндеті – формалды түрде шағымның болмауын
тіркеу ғана емес, нақты дауға қатысты
сотқа дейінгі тәртіптің міндеттілігін,
оны сақтаудың мүмкіндігін және заңда
көзделген ерекшеліктердің бар-жоғын
жан-жақты анықтау.
5. Сотқа дейінгі шағымдану мен
сот арқылы қорғалу құқығының
арақатынасы
Қазақстан Республикасының
Конституциясы әркімнің өз құқықтары
мен бостандықтарын сот арқылы
қорғауына кепілдік береді. Осы
конституциялық кепілдік әкімшілік сот
ісін жүргізудің негізгі бағыттарының
бірі болып табылады.
Сотқа дейінгі шағымдану рәсімі
осы құқықты жоққа шығармайды.
Керісінше, ол мемлекеттік басқару
саласында туындаған дауларды жедел
шешуге және құқық бұзушылықтарды
сотқа дейін жоюға мүмкіндік беретін
қосымша құқықтық қорғау тетігі болып
саналады.
Сонымен қатар сотқа дейінгі
тәртіпті қолдану сотқа қол жеткізу
мүмкіндігін негізсіз шектемеуге тиіс.
Әкімшілік органның әрекеті немесе
әрекетсіздігі салдарынан тұлғаның
заңда көзделген құқықтық қорғау
құралдарын пайдалану мүмкіндігіне
кедергі келтірілмеуі қажет.
Сондықтан соттар сотқа дейінгі
шағымдану мәселесін шешкен кезде
заңдылық, құқықтық айқындық және
тұлғаның құқықтарын тиімді қорғау талаптарының өзара үйлесімін
қамтамасыз етуге тиіс.
Әкімшілік сот ісін жүргізуде сотқа
дейінгі шағымдану тәртібін сақтау
жария-құқықтық дауларды шешудің
маңызды құқықтық тетігі болып табылады. Оның басты мақсаты – әкімшілік органдардың қызметіндегі заң
бұзушылықтарды сотқа дейін жоюға
мүмкіндік беру және азаматтар мен
заңды тұлғалардың құқықтарын тиімді
қорғау.
ӘРПК-нің 91-бабы 5-тармағында
бекітілген жалпы қағидаға сәйкес, егер
заңда өзгеше көзделмесе, сотқа жүгіну
алдында сотқа дейінгі шағымдану тәртібі сақталуға тиіс. Сондай-ақ, заңда
тікелей сотқа жүгіну мүмкіндігі көзделген немесе жоғары тұрған әкімшілік
орган болмаған жағдайларда тиісті
ерекшеліктер қолданылуы қажет.
Осыған орай, соттар әрбір әкімшілік
іс бойынша сотқа дейінгі тәртіптің
міндеттілігін нақты заң нормаларына
сүйене отырып анықтап, оны сақтамаудың процестік салдарын заң
талаптарына сәйкес шешуі керек.
Сотқа дейінгі шағымдану рәсімін
дұрыс қолдану әкімшілік сот төрелігінің
сапасын арттыруға, әкімшілік органдардың жауапкершілігін күшейтуге
және азаматтардың сот арқылы қорғалу
құқығын тиімді іске асыруға ықпал
етеді.
Қ.ҚАМБАРБЕК,
аудандық соттың судьясы.

Поделиться ссылкой:

Добавить комментарий