Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылғанына – 30 жыл

781 Views

Қанды майданның қасіреті әлі есімде…

Сұхбат

Ауған соғысының ақиқаты әлі де толыққанды ашылып айтыла бермейді. Себебі, мұның түкпірінде үлкен жасырынған сыр жатыр. Дегенмен, бұл – тарих. Ал, тарихты өскелең ұрпақтың білуге толықтай құқығы бар. Қазақта «Көп білгеннен емес, көпті көргеннен сұра» деген нақыл бар. Не болса да 30 жыл бұрын болған соғыстың қыр-сырын майданға қатысқан жауынгерлерден артық ешкім біле қоймас. Сондықтан да біз, Ауған жерінде орын алған ауыр шайқастың сырын аудандық Ауған соғысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерлік Тоғанбайұлы ШӘБЕЕВТЕН сұрап білуді жөн көрдік.

 «СОҒЫСҚА ҚАТЫСТЫМ» ДЕП МАҚТАНА АЛМАЙМЫН

— Ерлік Тоғанбайұлы сұхбат бе­руге келіскеніңізге көп рақмет. Әуелі сол сұрапыл соғыстың не себетен басталғанын өзіңізден білгіміз келіп отыр.

-Ауған соғысының басталуына себептер өте көп. Дейтұрғанмен, басты себептердің бірі – Кеңес Одағының оңтүстік шекарасын бекіту болатын. Ауғанстандағы саяси қақтығыстарды әлемнің алып мемлекеттері тиімді пайдалануға тырысты. Солардың ішінде КСРО-дан бөлек, Америка Құрама Штаттары да бар. Сол кездері мемлекеттер арасында ядролық қару мәселесі белең алып тұрған кезең еді. Американдық ғалымдар ядролық қарулардың түр-түрін ойлап тауып жатты. Егер де АҚШ Ауған жерін басып алып, қаруды сонда орнатқанда Мәскеуге үлкен қауіп төнер еді. Осыны білген билік басындағылар шұғыл түрде Ауғанстанға әскер кіргізуді жөн деп тапты. Бұл – бір. Екіншіден, үкімет “интернационалдық әскери жәрдем береміз” деген желеу­мен Ауғанстанның ішкі істеріне араласты. Сөйтіп, ондағы таққа таласқандардың арасындағы қақтығысты жөнге келтіруді көздеді. Бірақ, бұл соғыс 10 жылға созылатынын ешкім де білген жоқ.

Бұл майдан тарихтың қойнауына кеткеніне міне, бүгін 30 жыл толып отыр. Дегенмен, өз басым «осы соғысқа қатыстым» деп мақтанған емеспін. Олай істей де алмаймын. Тек аталмыш соғыстың куәгері атанып, ел мүддесін қорғап, елге аман-есен оралғаныма шүкірлік етемін. Бұл сезім әрбір интернационалист жауынгердің бойында бар деп есептеймін. Бірақ ескеретін бір жайт бар. Біз осы тарихи сәтті өз көзімізбен көріп, бойымызбен сезіне алдық.

— Деректерге сүйенсек, қазақ топырағынан 22000-нан астам жауынгер ауған жеріне аттанып­ты. Осы бір сұрапыл соғысқа Сіз қалай тап болдыңыз?

-Мен 1987 жылдың 10 мамырында әскер қатарына шақырылдым. Тараз қаласынан 13 мамыр күні пойызға мініп, Түркіменстандағы Чарджоу қаласына барып, ол жерде 25 күндей болдық. Яғни, ант қабылдап, әр түрлі жұқпалы ауруларға қарсы екпелерді де қабылдадық. Оқу жаттығу жиындары өткізіліп, әскери саланың қыр-сырына сонда машықтандық. Дәлірек айтар болсақ, 2 рет биіктіктен, 1 рет ұшақтан секірдік. Қаруды қолдануды үйрендік. Сондағысы бізді көп нәрсеге үйреткен жоқ. Небәрі 1 айға жетер жетпес уақыт аралығында осыларды ғана үйрене алдық. Сөйтіп, Ташкент арқылы ұшақпен бізді Кабулға жеткізді. Ауған жеріне қонғанымызға 2 сағаттай уақыт болған. Дәл сол кезде алғашқы ұрысты өз көзімізбен көрдік. Бізбен бірге барған 3-4 жігіттен сол жерде бірден айырылып қалдық. Бәрі тынышталғаннан кейін бізді бөліп, 4 маусым күні Кабулдан 60 шақырым жерде орналасқан Баграм деген жерге жіберді. Онда мен «№36631» әскери бөліміне түсіп, жеке барлаушылар құрамына қосылдым. Біздің топтың негізгі жұмысы жүк тасымалдайтын керуендерді алып жүру болатын. Сонымен қатар, оларға толықтай қауіпсіздікті қамтамасыз ететінбіз. Дәл осылай тау бөктерінде болған талай ұрыстарға қатыстық. Шынымды айтсам, қанды майданның қасіреті тура кеше болғандай әлі есімде…

АУҒАНСТАНДЫҚТАР ӨТЕ БАТЫР ХАЛЫҚ

– Кеңес әскері тарапынан жергілікті жұртқа көптеген көмек көрсетілгенін оқыған едім. Осы қаншалықты рас?  -Иә, жергілікті тұрғындарға әскер тарапынан көп көмек берілгені рас. Біздің алдымызда қандай болғанын білмеймін. Бірақ, біздің кезде оларға тегін азық-түлік таратылатын. Өйткені, онда тамақ пен отын табыла бермейтін. Ауған халқы – өте кедей халықтардың бірі. Дегенмен, ауғанстандықтар – өте батыр, ержүрек, айтқан сөздерін берік ұстанатын нағыз па­триот азаматтар. Соның арқасында болар, ауған халқы ешқандай соғыста жеңіліп көрмеген. Оның басты себептерінің бірі – дінге деген көзқарастың ерекшелігі.

Бір таңқаларлығы онда сауда-саттық жақсы дамыған. Тіпті, өз басым ананасты алғаш рет сонда көрдім. (Күлді). Сонымен қатар, бізде шетелдік киімдер мен қолымыз жете бермейтін жапондық үлгідегі магнитафондар олардың базарларында сол кездің өзінде емін-еркін саудаланып жататын.

— Ерлік Тоғанбайұлы, біз сізді аудандық Ауған соғысы ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде танимыз. Жалпы, аталмыш кеңес қандай қызмет атқарады?

-Иә, дұрыс айтасыз. Біздің аудан­да аудандық Ауған соғысы ардагер­лер кеңесі 2009 жылы өз жұмысын бастады. Аудандағы барлық 57 ардагер сол кеңестің мүшелігіне кіреді. Біздің ортақ мақсатымыз – жас буынды патриоттық тәрбиеге баулу. Тек сөзбен ғана емес, өзіміздің жүріс-тұрысымызбен, кеудемізге тағып шыққан медаліміздің өзі сол жастарға рух береді деген ойды ұстанамыз. Бір сөзбен айтқанда, елін сүйетін, қорғап-қадірлейтін азамат ретінде үлгі болуды көздейміз. Сонымен қатар, ауған соғысы ардагерлеріне қатысты шешілмей жатқан мәселелер болса, жолын табуға тырысамыз. Қазіргі таңда мемлекет тарапынан біздерге көптеген жеңілдіктер қарастырылған. Атап айтар болсақ, ай сайын комуналдық қызметтерге арналған ақша бөлініп отырады. Жылына бір рет демалыс орындарында тегін емделуге мүмкіндігіміз бар. Ауруханаға жатар болсақ, арнайы жағдайы жасалған «Ардагерлер бөлмесінде» жатып ем қабылдауымызға болады.

«КАРАМЕЛЬГЕ» ҚАЙТА ҒАШЫҚ БОЛДЫҚ…

— Жат жерде жүріп, ел мүддесін қорғадыңыздар. Майдан шебінде жүріп, туған жерге де­ген сағынышты қалай басушы едіңіздер?

– Әрбір адам үшін туып өскен жері ыстық болатыны жасырын емес. Сол секілді мен үшін де туған жерімнің топырағы қашан да ыстық. Оны шет жерде жүріп, әбден түсіндік. Мен алғаш рет өз ротама қосылғанымда Владимир Кузьмин есімді азаматпен таныстым. Ол ротамыздың дәрігері болатын. Әлгі дәрігермен әңгімелесу барысында ол кісінің біздің ауданның тұрғыны екенін білдім. Бір күні ол еңбек демалысына шығып, ауылға барып келді. Бізге деген базарлығын да ұмытпапты. Ол кезде Меркіден «Карамель» деген ұзын қатты конфет шығарылушы еді. Оны ауылда жүрген кезімізде аса менсінбейтінбіз. (Күлді). Бірақ, жат жерде жүргенде ауылыңды еске салатын титтей нәрсені көргенде ерекше күйге бөленеді екенсің. Келген базарлықты Жамбыл облысынан барған жігіттерге үлестіріп бердік. Соңында саны азая бастағанда тіпті тығып, аздап тістеп жейтін болдық. Ех… ауылда жүріп аса ұната бермейтін «Карамельге» деген махаббат Ауған жерінде жүріп дәл осылай қайта оянған еді.

– Сұхбатыңызға көп рақмет.

Арнайы бетті дайындаған

Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ

Поделиться ссылкой: